Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Жұма, 03 мамыр, 23:19

Аққұм қарқынды дамуда

23.04.2024

265

0

Қазіргі таңда елімізде ауылды дамыту мәселесіне қатысты бірнеше бағдарлама қабылданған. Оларды жүзеге асыруға қомақты қаржы да бөлінуде. Бір қуантатыны, ауданымызға қарасты ауылдардың дамуы тұрғысында ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже мен жаңалық жетерлік. Олай болары заңдылық, өткен тарихымыз көрсеткендей, біздің ауыл шаруашылығы мен ауылдың есебінен өмір сүріп жатқан жайымыз бар.

Ауданда өрісті жобалар қолға алынып, қарқынды даму жолына түскен ауылдың бірі – Аққұм. Бүгінде ауыл кәсіпті, шаруашылық жүр­гізудің озық үлгілерін алып ке­лумен, яғни өз әлеуетіне арқа сүйеу арқылы әлеуметін арттырып отыр.
Қазіргі таңда Аққұм ауылдық ок­ру­гінде 380 отбасында 1845 халық тұрады. Елді мекенде 2 заңды тұлға, 13 шаруа қо­жалық, 5 бюджеттік мекеме және пошта байланыс бөлімшесі, учаскелік полиция пункті, бір мешіт халыққа қызмет көрсетеді.
Былтыр ауылға абаттандыру мен көгалдандыруға 1 млн теңге бөлініп, елді мекен аумағында билбордтарды жаңарту, әктеу, бояу жұмыстары жүр­гізілген. Сондай-ақ санитариялық жұ­мыстарға 1 млн теңге қаралып, кө­ше­лер қоқыстардан тазартылған. Ауыл­ішілік Желтоқсан, І.Доспанбетов кө­шесіне түнгі жарық шамдары ауыстырылған.
«Бірлік болмай, тірлік болмайды» де­ген тәмсілге сүйенген аққұмдықтар ауылды абаттандыруға өздері де үлес қосуда. Әсіресе кәсіпкерлер бұл тұрғыда белсенді. М.Нұр­қожаев кө­шесі мен орталық алаңға «Бірлік-А» шаруа қожалығы 1,2 млн тенге­ге жа­­рықтандыру жұмыстарын жүргіз­ген. 1986 жылғы ауыл түлектері «Тай­ман қари» мешітіне 2 млн теңгеге жөн­деу жұмыстарын жасап берген. Тұр­ғындардың ортақ қорынан жиналған қаражатқа А.Би­сенов атындағы №38 орта мектеп­тің ауласына типтік жо­бада жылы­жай орнатылған. Бүгінде орталық алаңға ауыл азаматтары 8 млн теңгеге Ауған соғысының арда­герлеріне арналған ескерткіш тақта орнату жұмыстарын жүргізуде.
Ерекше тоқталатын жайт, биыл ауылда жол құрылысы қарқын алған. Ақ­құмның әкімі Алтынбек Асан­бе­ковтың айтуынша, ауылда 14 ішкі көше бар. 10 көшенің жөндеу жұмыстарына 472 млн теңге мемлекеттен қаржы қаралған. Былтыр оның 2-еуі күрделі жөндеуден өтсе, биылғы жылдың еншісінде тағы 8 көше бар екен. Бүгінде мердігер мекеме Лекеров пен Доспанбетов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстарын жасауда.
Сонымен қатар қазіргі таңда ауыл­­да кәсіппен айналысатын аза­мат­­тар қатары едәуір артқан. Нақ­тырақ айтсақ, жыл басынан бері 20 кәсіпкерлік субъектісі кірістер басқар­ма­сына тіркелген. Мәселен, «Бірлік-А» ШҚ «ҚазАгро Қаржы» ұйымы арқылы «Сыр бойы» қаржы ұйымынан егін ша­руашылығына 46,5 млн тенге қаржылай қолдау тауып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Ауыл тұрғыны Майра Смайлова мал шаруашылығына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан 5 млн теңге несие алған. Сондай-ақ 4 ауыл тұрғыны «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2,5 пайыздық несиеге құжат өткізіп, бүгінде қаржыландыруын кү­туде. Ал 9 ауыл тұрғыны кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 1 380 000 теңге қайтарымсыз грант алып, екі қолға бір күрек тапқан.
Аққұмдықтар «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деген Бейімбет Майлиннің ұранын өз ұстанымына айналдырғандай. Иә, ауыл ажарланса, қазақтың да маңдайы жарқырағаны, дамудың қарқын алғаны емес пе?

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: