Құрылтай

Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Сейсенбі, 04 тамыз, 18:35

Мектептен – Ұлттық ұлан сапына

04.08.2026

4

0

5547 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Тұрсынғалиев Ақжолдың өмір жолы. Әр азаматтың өмір жолы әртүрлі. Бірі білім беру саласын таңдаса, енді бірі мемлекеттік қызметте немесе басқа мамандықта еңбек етеді. Алайда олардың барлығын біріктіретін ортақ міндет – Отанға адал қызмет ету.

Осындай өмір жолын таңдағандардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5547 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Ақжол Тұрсынғалиев. Ақжол 2001 жылғы 8 желтоқсанда Жетісу облысы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Жастайынан білім беру саласына қызығушылық танытып, өз болашағын ұстаздық қызметпен байланыстырды. 2023 жылы «Педагогика және психология» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдап, 2026 жылы «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды.

Еңбек жолын 2021 жылдың маусым айында Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын жекеменшік білім беру орталығында бастады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлігінің арқасында қысқа уақыт ішінде үлкен тәжірибе жинақтады. Алғашында биология-химия бағыты бойынша сынып жетекшісі болып еңбек етті. Оның жетекшілігіндегі түлектердің барлығы мемлекеттік білім грантын иеленіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Кейін математикалық сауаттылық пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарып, одан кейін 10-сыныптарға математика пәнінен сабақ беріп, кейін оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл қызметте оқу процесін ұйымдастыруға, мұғалімдердің жұмысын үйлестіруге және білім сапасын арттыруға үлес қосты.

Мектептен - Ұлттық ұлан сапына

Алайда кәсіби қызметіне қарамастан, 2026 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы азаматы ретінде мерзімді әскери қызметке шақырылды.

18 маусым күні Ақжол Қызылорда қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5547 әскери бөліміне келіп, жас сарбаздар даярлығы курсынан өтті. Әскери ант қабылдағаннан кейін оның өміріндегі жаңа кезең басталды. Азаматтық өмірде жинақтаған тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті, құжаттармен жұмыс істеудегі біліктілігі мен жауапкершілігі әскери бөлім басшылығының назарын аударды. Соның нәтижесінде оған әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарының адъютанты міндеті, келешекте сеніп тапсырылатын болады.

«Ұстаздық қызмет маған жауапкершілікті, тәртіпті және адамдармен жұмыс істеуді үйретті. Ал әскери қызмет осы қасиеттерді одан әрі шыңдап, Отан алдындағы борышымды адал атқарудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді. Ұлттық ұлан сапында қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе», – дейді қатардағы жауынгер Ақжол Тұрсынғалиев.

Ақжол Тұрсынғалиевтің өмір жолы білім мен еңбектің, табандылық пен жауапкершіліктің адамды әрқашан жаңа белестерге жетелейтінін көрсетеді. Бүгінде ол Ұлттық ұлан сапында әскери борышын абыроймен атқарып, жастарға үлгі боларлық қызмет етуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: