Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 03:30

Бірлік бәрінен маңызды

30.04.2024

507

0

Төле бала жасы жүзге келген Әнет бабаға барғанда ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» деп сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырыпты.

– Балам, мынаны сындырып көрші…
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы…
Бала ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Сонда Әнет баба: – Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.
Зейінді Төле: – Түсіндім, баба, бұл мы­са­­лыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынты­мағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой, – дейді.
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті
Түсіне білген адамға ақсақал мен ба­ланың диалогында қаншама мағына жа­тыр. Расында бірлік болмай, тірлік алға баспайтыны айтпаса да түсінікті. Тәуелсіз мемлекетіміздің де іргесінің нық болуы сол ауызбіршілікте жатыр.
Қазақ тәуелсіз мемлекет болып қа­лып­тасқанға дейін талай нәубетті осы ынтымақтың арқасында еңсергені тарихтан белгілі. Одан бері де елде небір қиын кезеңдер болды, тәуелсіздік алғаннан ке­йінгі тоқырау жылдар қазір артта қалды. Бірақ сол уақытты еліміз жай жүріп өткен жоқ. Бірлікке берік болмай, бақ өздігінен келіп қонбайтынын еңбекқор халық тағы да түсінді, соған сай әрекет етті. Бір сөзбен айтқанда, қазақ бірлігінің арқасында талай белестен өтті. Сол ынтымақ ел ішінде әлі де сақталса, егемен елдің ертеңі жарық болары анық.
Кеше көшеде жасы алпысқа таяған қос кісінің әңгімесін құлағым шалды. Зерде қойсаң, екеуі де қазаққа қапалы, артынан 10 минуттай болды, еріп келемін. Әңгімесі «қазақтың жауы – қазақ» дегеннен әріге бармады. Сөзін дәйекпен сөйлеуі үшін сол тұста қастарында тұрғандай, қазақ зиялы­ларының тең жартысын «сатқын» қылды. Серігі оны қолпаштағандай, 2-3 ғасырдан әріге кетті. Әр жерден естіп алған алып-қашпа сөздерін тарихқа теліп сөйлейтіні несі екен? Мені осы сауал мазалап келеді.

Олардың аузын тияр түрі жоқ. Алдымда­ғы дүкенге кері бұрылып, екі көше айналып бар­дым. Қысқасы, дүкенге дейін енді 50 қа­дам жүрсем, кейлігетінім өзіме көрініп тұр.
Екі көше әрі жай жүргенім жоқ, ой үстінде келемін. Жаңағы қос азамат тізімін жасаған қазақ зиялыларының кейінгі буынға, жалпы қазақ руханиятына қосқан үлесі, сіңірген еңбегі ұшантеңіз. Ал бұлар осы уақытқа дейін не бітірді екен? «Қазақта ауызбіршілік жоқ» дейді. Құдай-ау, өздері де қазқ, әңгімесі алауыздықтан әріге бармайтындарға елдің бірлігін көре алатындай көз берсеңші.
Былтыр ауданның абыз ақса­қалы Кенжеғара Сүлейменовпен сұхбаттас­қа­ным­да қарияның «қаңтар қырғынынан сабақ алуы­мыз керек» дегені бар еді. Расында, бізге өткенге бір сәт көз жүгіртіп, алдағы уақытта сол қателіктерге бой алдырмауға әрекет ету керек. Кенжекең «қаншама ғи­ма­рат қирады, қаншама дүкен тоналды, қан­шама адам шығыны болды, түптеп кел­генде соның кесірі өзімізге тиді ғой, бізге бірлік керек, онсыз тәуелсіздік деген шексіз бай­лықты ұстап тұру да қиынның қиыны» деген.
Рас қой, бірлігің болмаса, қай жоғыңды түгелдейсің, қандай мақсатқа жетпексің? Осы сауалдардың да астарына терең бойла­май, ынтымақтың қадіріне жету де ақсақал айт­қандай, қиынның қиыны. Шындығында, әлгіндей азаматтардың аузына келгенін айтып еркін жүруі елдің ымырамен жеткен егемендігінің арқасы емес пе?!
Шығыста орман өртке оранды, Арыста жарылыс болды, батыс аймақтарды қуаң­шылық жайлады, кеше тасқын су елді әбігерге салды. Осындай сындарлы сәтте елдің бірлігі көрінді. Ішімізден сон­дағы халықтың, атақоныстың амандығын тіледік, ел болып көмек бердік. Осындай көрген көз сүйсінетін ауызбіршілігіміз, ынты­мағымыз бұзылмасын.


Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: