Жақында базарға бардым. Сол сәтте базар алдында салат сатып отырған кісіге көзім түсті. «Менің бала кезімнен салат сатып отыратын апа емес пе екен?» деген ой келді. Көп ойланбай, апамыздың жанына барып, салаттардың бағасын сұрап, саудаластым. Сәбізден, қырыққабаттан, шалғамнан және балықтан жасалған 4-5 түрлі салат бар. Барлығы да көздің жауын алып, иісі тәбетіңді ашады. Бір қызығы, пайымым рас болып шықты, өткен ғасырдың 90 жылдарынан бастап базарға шығып, сол уақыттан бері салат сататын Рита апаның өзі екен. «Салат сататын апа» десеңіз, ол кісіні танымайтын жалағаштық жоқ шығар, сірә.
Иә, кәріс ұлтының өкілі, 30 жылдан бері кенттегі базарда өз өнімдерін ұсынып жүрген Рита Пактың өмірі кімге болса да қызықты деп ойлаймын. Балалық шағымда анаммен базарға барсам, міндетті түрде Рита апаның салатын сатып алмай қайтпайтынбыз. Әсіресе сәбізден, қырыққабаттан жасалған салаттарының дәмі тіл үйіреді. Халық арасында «кәріс салат» деп аталып кеткен тағамның дәмін айтпасақ та белгілі.
– Осы киелі Жалағаш ауданында өсіп-өндік. Жалағаш жерінде өмір сүріп жатқаныма 65 жыл болыпты. Араласатын дос-жарандардың, көршілеріміздің бәрі – қазақ отбасылары, шүкір, әлі күнге тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Өзіңіз байқап тұрғандай, қазақ тіліне судаймын. Біз – қазақ еліне жер аударылып келген кәрістердің ұрпағымыз. Біздің ата-бабамыз осы Қазақстанды паналады. Күйеуім Вася екеуміз осы базардан нәпақа табамыз. Ал 3 балам бүгінде Ресейде тұрады. Кейде балаларым Вася екеумізді Ресейге шақырады. Бірақ біздің керемет мекенімізден кеткіміз жоқ. Өйткені бізге Жалағашта өмір сүрген ұнайды. Сондықтан болар, өз бауырындай қарсы алған қазақ халқына ата-бабаларымыздың алғысы шексіз еді, – дейді Рита Пак.
Рита апамыз сатып отырған салаттарды әлі күнге дейін өзі дайындайды. Зейнет жасындағы кейіпкеріміз жанына көмекші қыз алыпты. Салаттардың бағасы да қолжетімді, 30 жылдан бергі бағадан ешқандай айырмашылық байқалмайды. Еңбекті жанына серік еткен Рита апай салаттан бөлек қаушақтағы гүл, көшеттер және гүл тұқымын сатады. Таңқаларлығы, кейіпкеріміз қаушақтағы гүлдердің тұқымын өзі отырғызып, баптап өсіреді.
Қазақ тілін ғана емес, салт-дәстүрін де жақсы білетін Рита Пак қазақ елінде тұрып, қазақтың әдет-ғұрпын білмеу ұят деп санайды. Сондай-ақ ол қазақтың ұлттық тағамын да дәмді әзірлейтінін айтады. Ерекше ұнататыны бауырсақ пен бешбармақты сүйсініп жейді екен. Не керек, Рита апа ұлты басқа болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатынын ерекше мақтанышпен жеткізді.
Өткен ғасырдың 30 жылдарында корей халқының басына қандай ауыр тауқымет түскенін кейінгі ұрпақ тарихтан білеміз. Корей ұлтының 100 мыңға жуық өкілі қақаған қыста жүк вагондарымен айдалаға жер аударылып келгенде, қазақ халқы оларды жатсынбай бауырына басып, қиын-қыстау заманда көмек қолын созды. Қазақ елінің ұлтқа бөлінбей, достығы мен ынтымағы жарасып өмір сүруі, бейбітшіліктің қадірін түсініп, қастерлеуінде екенін өзге ұлт өкілімен сұхбаттан кейін тағы мәрте терең түсінгендей болдым.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!