Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 02:53

Рита Пак, аудан тұрғыны:
Ұлтым басқа болғанымен, жүрегім – қазақ

30.04.2024

586

0

Жақында базарға бардым. Сол сәтте базар алдында салат сатып отырған кісіге көзім түсті. «Менің бала кезімнен салат сатып отыратын апа емес пе екен?» деген ой келді. Көп ойланбай, апамыздың жанына барып, салаттардың бағасын сұрап, саудаластым. Сәбізден, қырыққабаттан, шалғамнан және балықтан жасалған 4-5 түрлі салат бар. Барлығы да көздің жауын алып, иісі тәбетіңді ашады. Бір қызығы, пайымым рас болып шықты, өткен ғасырдың 90 жылдарынан бастап базарға шығып, сол уақыттан бері салат сататын Рита апаның өзі екен. «Салат сататын апа» десеңіз, ол кісіні танымайтын жалағаштық жоқ шығар, сірә.

Иә, кәріс ұлтының өкілі, 30 жылдан бері кенттегі базарда өз өнімдерін ұсы­нып жүрген Рита Пактың өмірі кімге болса да қызықты деп ойлаймын. Ба­лалық шағымда анаммен базарға бар­сам, міндетті түрде Рита апаның са­латын сатып алмай қайтпайтынбыз. Әсіресе сәбізден, қырыққабаттан жа­салған салаттарының дәмі тіл үйі­реді. Халық арасында «кәріс салат» деп аталып кеткен тағамның дәмін айтпа­сақ та белгілі.
– Осы киелі Жалағаш ауданында өсіп-өндік. Жалағаш жерінде өмір сүріп жатқаныма 65 жыл болыпты. Араласатын дос-жаран­дардың, көр­шіле­ріміздің бәрі – қазақ отбасы­лары, шүкір, әлі күнге тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Өзіңіз байқап тұр­ғандай, қазақ тіліне судаймын. Біз – қазақ еліне жер аударылып кел­ген кәрістердің ұрпа­ғымыз. Біздің ата-бабамыз осы Қазақстанды пана­лады. Күйеуім Вася екеуміз осы базардан нәпақа та­бамыз. Ал 3 балам бүгінде Ресейде тұрады. Кейде балаларым Вася екеу­мізді Ресейге шақырады. Бірақ біз­дің керемет мекенімізден кеткіміз жоқ. Өйткені бізге Жалағашта өмір сүрген ұнайды. Сондықтан болар, өз бауы­рындай қарсы алған қазақ халқы­на ата-бабаларымыздың алғысы шексіз еді, – дейді Рита Пак.
Рита апамыз сатып отырған салат­тарды әлі күнге дейін өзі дайындайды. Зейнет жасындағы кейіпкеріміз жа­­нына көмекші қыз алыпты. Салат­тардың бағасы да қолжетімді, 30 жыл­дан бергі бағадан ешқандай айырмашылық байқалмайды. Еңбекті жа­­­нына серік еткен Рита апай салаттан бө­­­лек қаушақтағы гүл, көшеттер және гүл тұқымын сатады. Таңқаларлығы, кейіп­­керіміз қаушақтағы гүлдердің тұ­қы­мын өзі отырғызып, баптап өсіреді.
Қазақ тілін ғана емес, салт-дәстүрін де жақсы білетін Рита Пак қазақ елінде тұрып, қазақтың әдет-ғұрпын білмеу ұят деп санайды. Сондай-ақ ол қазақтың ұлттық та­ғамын да дәмді әзірлейтінін айтады. Ерекше ұна­та­тыны бауырсақ пен бешбармақты сүйсініп жейді екен. Не керек, Рита апа ұлты басқа болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатынын ерекше мақтанышпен жеткізді.
Өткен ғасырдың 30 жылдарында корей халқының басына қандай ауыр тауқымет түскенін кейінгі ұрпақ та­рих­тан білеміз. Корей ұлтының 100 мыңға жуық өкілі қақаған қыста жүк вагондарымен айдалаға жер ауда­ры­лып келгенде, қазақ халқы оларды жатсынбай бауырына басып, қиын-қыстау заманда көмек қолын созды. Қазақ елінің ұлтқа бөлінбей, достығы мен ынтымағы жарасып өмір сүруі, бейбітшіліктің қадірін түсініп, қастерлеуінде екенін өзге ұлт өкілімен сұхбаттан кейін тағы мәрте терең түсінгендей болдым.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: