Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 23:36

Майталман механизатор

30.04.2024

534

0

Бүгінде ауданда 14 ұлт өкілі, 254 жалағаштық бірлігі мен ынтымағы жарасып ғұмыр кешуде. Олардың тілі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір. Қазақ халқымен бір нанды бөлісіп жеп, бір үйдің баласындай етене араласып, қыз берісіп, қыз алысып құда болып отырғандар да бар. Бұқарбай батыр ауылына сапарымызда сондай үлгілі отбасының бірі, татулықты ту етіп, ынтымағы жарасқан шешен ұлтының өкілі Мәжиевтер отбасының шаңырағында болдық.

Өздеріңіз білетіндей, Бұқарбай батырда ең көп өзге ұлт өкілі, бауырлас ұлттар тұрады. Бүгінде бұл елді мекен – шешен, кәріс, орыс тағы басқа да ұлт өкілдерінің тағдырын бір арнаға тоғыстырып, тату-тәтті өмір сүріп, достығын жарастырған өлке. Яғни мұндағы 16 отбасы өзге ұлт өкілінен.
Мәжиевтер әулетінің қарашаңырағына барғанымызда әріптесім екеумізді жылы жүзді бір әйел қарсы алды. Өзің осы үйдің отанасымын деп таныстырған Дагман Мәжиева бізге төр ұсынды, адал асынан дәм таттық. Қазақ тілін ғана емес, салт-дәстүрінен де жаңылмайтынын аңғарған біз Дагман апайдың ыстық бауырсағынан ауыз тидік. Айтуынша, ол үй шаруасында отырғасын уақытының басым бөлігін ас үйге арнайды екен. Күнделікті тағамдардан бөлек, мерекелік жиындарда бешбармақ, бауырсақ пісіріп, Әз-наурызда ерекше етіп дәмді наурыз көже дайындайтынын айтады.
– Менің де ұлтым – шешен. Біз отағасы екеуміз 1984 жылы отау құрдық. Аллаға шүкір, 2 ұл, 4 қызымыз бар. Олар жоғары оқу орнында білім алып, бүгінде елге елеулі қызмет етуде. Қыздарым тұрмыста. Үлкен қызымыз Зухра осы Жалағашқа, шешен ұлтының жігітіне тұрмысқа шықты. Екінші қызымыз – Хеда Шаған ауылындағы ұлты шешен жігітке тұрмысқа шығып, кейін Кавказға көшіп кетті. Одан кейінгі қызымыз Мәдина Шіркейлі ауылындағы қазақ жігітке тұрмысқа шықты. Жақында ғана тойына барып, қазақ отбасымен құда болдық. Ал кенже қызымыз Макка Шымкент қаласының жігітіне тұрмысқа шықты. Күйеу баламыздың да ұлты – шешен. Ал қызымның енесі – қазақ. Үлкен ұлым Сайдидің де келіншегі шешен ұлтынан. Ұлым ауылдағы «Жансая» шаруа қожалығында жұмыс істейді. Екінші ұлымыз Ислам қазіргі таңда әкесінің жанында қолғабыс етіп жүр. Бұйыртса, осы ұлымызға қазақ қызын алып берсек дейміз, – дейді отанасы Дагман апай.
Айта кетейік, Ислам Мәжиев – гір спортынан аудан абыройын асқақтатып жүрген үздік спортшының бірі. Ол осыған дейін өз салмағында әлемді, Азияны бағындырған.
Дагман апаймен дастарқан басындағы әңгіме­мізден кейін әріптесім екеуміз отағасы Салам ағаймен де тілдесуді жөн көріп, еңбек адамын іздеп қырманға қарай бет алдық. Барсақ, Салам ағамыз қызу жұмыс үстінде екен. Қолы қалт етсе, сұхбаттасуға дайын тұрмыз. Амандық-саулық сұрасып, әріптесім екеуміз аудандық басылымнан келгенімізді айтқа­нымыз сол еді, Салам ағай газеттің әр санын асыға күтіп, жібермей оқитынын, түрімізді танымаса да аты-жөнімізді білетінін жеткізді. Біз де іздеп келгендегі мақса­тымызды айтып, кейіпкерімізді әңгімеге тарттық.
– Ата-анам осы ауылға 1944 жылы көшіп келген. Мен және бауырларым осында дүниеге келіп, өсіп-өндік. Араласатын дос-жарандардың, көршілеріміздің бәрі – қазақ отбасылары. Бір-бірімізбен етене жақын араласып, тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Өзге ұлт деп жатсынбай, той-томалақ, мерекелік дастарқандарға шақырып, бірге тойлау ес білген шағымыздан қалыптасты. Өзіңіз көріп тұрғандай, қазақ тілінде еркін сөйлеп, түсінемін. Әрине, оған білім алған мектебім мен ортам көмектесті, – дейді Салам Мәжиев.
Оның айтуынша, ата-анасы кезінде мал шаруашылығымен айналысқан. Әкеден қалған игі істің ізін қуған Салам ағай да ертеректе атакәсіпті жандандырып, 2007 жылдан бастап ауылдағы «Байтабын» шаруа қожалығына механизатор болып орналасқан. 17 жылдан бері трактор тізгіндеп жүрген кейіпкеріміз жастайынан еңбекке араласып, техниканың қыр-сырына қанық болыпты.
– Таңмен таласып техника рөліне отырғалы кешке дейін тыным таппай шаруада боламыз. Ауылда демалатын уақыт жоқ. Егістікті қоректендіру, жер жырту, астық жинау секілді жұмыстарды жүргіземіз. Бір жұмыс бітсе, келесісі дайын тұрады. Шаруаның бәрі уақытылы жасалуы қажет, – дейді білікті механизатор Салам Мәжиев.
Мамандығына адалдығы үшін кейіпкеріміз шаруа­ қо­жалықтың тәжірибелі механизаторы атанып, жыл сайын түрлі марапатқа ие болып, озат механизатор атанған. Кейіпкерімізбен әңгіме барысында ерінбей еңбек етіп, жалықпай техника меңгерген адамның жерде қалмайтынына көзіміз жетті. Әсіресе қазіргі бәсекелестік белең алған шақта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгерген жөн. Бүгінгі мақаламызға арқау еткен кейіпкеріміз – заманмен біте қайнасып, маңызын жоймайтын мамандықтың иесі.
– «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ұрпағына білім нәрін егеді» демекші, кез келген істе төккен тер жауапсыз, нәтижесіз қалмайды. Бастысы, адал жасау керек. Мен балаларыма үнемі осыны айтып отырамын. Өйткені адал еңбек ешқашан құндылығын жоймайды. Мен үшін ең бастысы, ұрпағымның ұлағатты, білімді болып, асын адал ішуі маңызды. Бізбен әрдайым қуанышын бөлісіп, қонақжайлылығы мен бауырмалдығын көрсететін қазақ халқының көңілі дархан, пейілі кең. Қазақ халқына алғысым шексіз, – дейді кейіпкеріміз.
Сұхбат соңында «ұлтым басқа болса да, жүрегім – қазақ» дейтін шешен ұлтының азаматы Салам Мәжиев қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін ерекше құрметтейтінін жеткізді.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: