Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтарды абаттандыру мен көгалдандыруды бастау жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ауыл-аймақтарда санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу жөніндегі үндеуіне орай 6 сәуірден бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өз мәресіне жетті. Осы ретте аудан әкімі Ардақ Ибраимов акцияға белсене қатысқан бірқатар табиғат жанашырын марапаттады. Табиғат – ананың мейіріміне бөленген бүгінгі белсенді тұрғындарға аудан әкімі шынайы алғысын білдіріп, үлгілі бастамаларға тоқталды.
– Бұған дейін аудан тұрғындарын тазалық жұмыстарына белсене қатысуға шақыратын үндеулер жариялаған болатынбыз. Осы ретте жерлестеріміздің басым көпшілігі тазалық жұмыстарына белсенді араласты. Алдағы уақытта «Үздік көше» байқауын жариялап, көшелерімізге де сән береміз деген ойдамын. Бұл да аудан тұрғындарының Жалағаш ортақ мекен екенін түсінгенін және аудан көшелерінің айнадай таза болуына септігін тигізетінін білдіреді. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, өзі тұратын үйді, аймақты, өлкені таза ұстау және ағаш отырғызу, оны күтіп баптау әрбір азаматтың елжандылық парызы деп білемін, – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Белсенділерді марапаттау шарасында Ардақ Әбдіғаппарұлы елімізде су тасқыны орын алған аймақтарға көмек қолын созған азаматтарға ерекше тоқталды. Тілсіз жауды тізгіндеуде батылдық танытқан бүгінгі батырларды құрмет төріне шығарып, аудан халқы атынан алғыс білдірді.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы барысында ауданда «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» апталықтары аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, акцияның «Таза өлке» деп аталған алғашқы аптасында жалағаштықтар Таң елді мекенінде ағаш отырғызу, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, аллеяларды және аяқ су келетін арықтар мен каналдарды тазарту жұмыстарын жүргізді. Акцияға ауыл ардагерлері, белсенді жастар мен еріктілер өз үлесін қосты. Оған елді мекендегі шаруашылық құрылымдарынан 20 техника және 360 адам қатысты.
Мұнан кейін «Киелі мекен» апталығында тарихи киелі орын «Түмен әулие» кесенесі аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Шараға ардагерлер, ерікті жастар, мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Алдымен баба рухына құран бағышталып, кесене күмбезін сырлау, қорым аумағын тазарту, әктеу жұмыстары атқарылды.
Ауданда республикалық және жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштердің саны – 71. Соның ішінде «Түмен әyлие» кесенесі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне енген.
Тарихына тоқтала өтсек, Түмен әулие ХІХ ғасырдың бірінші жартысында (1821-1875 жж) Қаракеткен, Амангелді ауылдық кеңестері, қазіргі М.Шәменов ауылдық округі елді мекенінде туып өскен. Әулиенің қасиеті, кереметтері ел аузында аңыз ретінде әлі күнге дейін айтылып жүр. Түменнің шешесі – жеті өлікке жан берген Мүсірәлі софы әзиздің баласы Қосым қожаның қызы. Өзі туып өскен жерде небәрі 54 жыл өмір сүрген.
Тарихи жазба деректерге сүйенсек, Түмен әулиенің кесенесі 1876 жылы салынған. Аудан тарихы үшін маңызы зор бұл кесенеге 2011 жылы қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен қаржы қаралып, қалпына келтірілген.
Мұнан кейін аудан тұрғындары «Жасыл аймақ» апталығы аясында «Тағзым» аллеясында тал егу рәсімін өткізіп, санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізілді. Шара барысында аллеядағы Социалистік еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ауған соғысына, Семей, Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысушылардың құрметіне арналған ескерткіш аумағында талдарды әктеу, санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, көркейту-көгалдандыру бағытында 100 түп сыр талы мен терек көшеттері отырғызылды. Сонымен бірге кент көшелеріндегі аяқсу арналары тазартылып, талдар әктелді.
Одан әрі акция «Менің туған өлкем» апталығына ұласты. Акцияға аудан әкімі Ардақ Ибраимов пен облыстық аналар кеңесінің төрайымы Райкүл Мансұрқызы бастаған Жалағаштан шыққан, бүгінде Қызылорда қаласында тұратын азаматшаларымыз қатысты. Шара барысында олар «Ақтерек» сауықтыру лагеріне санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, 300 тал көшетін егіп, 100 ясень ағашы, 100 терек, 100 жеміс ағаштарын отырғызды. Ал «Өнегелі ұрпақ» пен «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында аудан бойынша жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Кенттің орталық алаңында орналасқан Ұлы Отан соғысынан оралмағандар ескерткіші айналасына аудандық ардагерлер кеңесі, ақсақалдар кеңесінің мүшелері санитарлық тазарту жұмыстарына белсене атсалысты.
Айта кетейік, биыл көктемгі тазалық айлығы басталғалы ауданда апта сайын сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, бүгінге дейін 15 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 65 мың тонна күл-қоқыс арнайы белгіленген орындарға шығарылған. Сондай-ақ кент және ауылдық округтерде аяқ су жүретін арықтар қазылып, жалғызбасты қариялардың ауласы тазаланып, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағына, орталық көшелерде, аллеялар мен саябақтарда көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!