Бүгінгі заман талабына сәйкес еліміздің сот жүйесі саласында электронды сот төрелігін дамыту ісіне үлкен мән беріліп келеді.
Соттар заманның заманауи жетістіктеріне қол жеткізді. Республикалық соттарға енгізілген жаңа технологиялар сот ашықтығының кепіліне айналды.
Сот органдарымен «Электронды сот төрелігін» іске асыру мен ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтарын соттық қорғауды мейлінше ашық және қолжетімді іске асыруға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық-инновациялық технологиялар енгізілді.
Жаңа өзгерістер сот төрелігін іске асырудың барлық кезеңін қамтиды. Яғни, сотқа құжат тапсырудан, соттың шешімі мен атқару парағын қолына алған уақытқа дейін.
Қолданыстағы сервистердің негізгі құралы ретінде «Сот кабинеті» ақпараттық сервисін атауға болады. «Сот кабинеті» электрондық жүйесі сот ісін жүргізуді жеңілдетуге, сот жүйесінің анықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жедел жұмыс істеуіне бағытталған. Сот кабинеті арқылы кез-келген тұлға уақытын үнемдей отырып, интернет желісі арқылы онлайн режимде сотқа электронды түрде талап арыздар, сондай-ақ, шағымдар мен өтінішхаттарды жолдауға, істің қаралу барысын бақылауына мүмкіндігі бар. Сот кабинеті арқылы кез-келген сервис қолданушысы барлық арыз түрлерін сотқа электронды түрде тапсыра алады. Сандық электронды қолтаңбасы бар ел азаматтары уақыттарын үнемдей отырып, кез-келген уақытта интернет желісі арқылы талап арыздарын, шағым мен наразылықтарын жолдай алады. Қазіргі уақытта сот кабинетін пайдаланушалырдың саны арытқан. Тұтынушы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта сот құжатын қарап, істің тарихымен, деректермен танысып, сот актісін қаға бетіне басып шығара алады.
Республикамыздың соттары ақпараттық-сараптамалық жүйені тәжірибеге енгізді. Соттың және сот билігінің беделін нығайту, қоғамда соттың әділдігіне, бейтараптығына және тәуелсіздігіне сенімді орнықтыру және сот төрелігінің жариялылығы мен ашықтық қағидасын іске асыру үшін сот процестерінде аудио-бейнежазба жүйелері қолданылуда.
Барлық соттарда орнатылған аудио-бейнежазба жүйелерінің барлығы талапқа сай, өз дәрежесінде қолданылуда. Аудио-бейнежазба жүйесімен жергілікті соттардың 100 пайызы жабдықталған.
Қазір «Сот кабинеті» арқылы сотқа қатысқан тарап сот отырысының қағаз бетіне түсірілетін хаттамаларын алмастырған сот отырысының жазбасын тыңдап, қарап және электронды нұсқасын көшіріп ала алады. Сот отырысының таспаға жазылуы ең бірінші кезекте сотқа қатысушы тараптарды тәртіпке шақырады және сот жүйесіндегі жемқорлыққа қарсы саясаттың бір тәсілі ретінде қарастырылады.
Сервистердің тағы бір түрі ретінде сот отырыстарын бейнеконференцбайланыс арқылы қашықтықтан өткізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Сервис халықтың шығынын азайтып, сот отырыстарын кейінге қалдырмай, шұғыл түрде қарауға мүмкіндік туғызады.
«Сот құжаттарымен танысу» сервисі ашықтық пен жылдамдықты қамтитын электронды сот құжаттарымен танысуға арналған. Яғни, сотқа талап арыз өткізген азамат қолма-қол құжаттың тіркелгендігін растайтын түбіртекті алады.
Соңынан ұялы телефоны арқылы логин мен құпия сөз көрсетілген электронды хабарлама алып, сол ақпараттарды енгізу жолымен шығарылған сот актісімен танысу мүмкіндігіне ие болады.
Сот процедураларының ашықтығы мен айқындығы, сот ісін жүргізудің тиімділігі мен объективтілігі, бұқара халықтың сотқа қолжетімділігі электронды инновациялық жүйені одан әрі дамытумен арта түспек.
Заманауи ақпараттық технологияларды қолдану сот қызметінің қолжетімділігі, ашықтығы мен тиімділігі тәсілдерінің бірі болып табылғандықтан, ақпараттық сервистерді қолдану сот кеңсесі қызметкерлерінің ғана емес, сотқа жүгінетін адамдардың да уақытын үнемдемек. Бұл заманауи электрондық қызмет сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне бағытталған, сондай-ақ қағазбастылықтан арылып, құқықтық қоғамның барлық мүшелеріне және бұқаралық ақпарат құралдарына соттардың қызметі туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Аккасинов Рахат,
Жалағаш аудандық сотының бас маманы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!