Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 17:23

Ұлттық өнердің еркесі

18.06.2024

1507

0

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргені біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Осы орайда өркениетті ұлт ретінде танылуда өзіндік үлес қосып жүрген ауданның тумасы Қарақат Ғаниқызы кеше ғана Грузияның Кутауиси қаласында өткен халықаралық жарыста топ жарды.

Жаңаталап ауылдық клубы жа­нынан құралған «Домбыра» үйірме­сінің мүшесі, аудандық облыстық, респуб­ли­калық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері, жерлесіміз осы жолы тек ауданның емес, елдің абы­ройын асқақтатып, жүлделі орынмен оралды.

– Ең алғаш өнер саласына қадам ба­суым мектеп қабырғасынан бастау алған болатын. Ал қызығушылығым сол кішкентайымнан атамның «белгілі әнші Қарақат Әбілдина секілді бо­ласың» деп дем беруінен басталды. Осы­лай­ша оқушы кезімнен ауылдық клубта «Домбыра» үйірмесінде Қасым Айт­пен­бетов ұстазымнан тәлім ал­дым. Ал қазіргі уақытта «Қазан­ғап» атын­дағы Қызылорда музыкалық жо­ғары колледжінде білім алып жатыр­мын. Осында келгелі жаңа дәрежеге ауыс­тым десем де болады. Себебі домбыра мен жыр өнерін қатар алып жүрмін. Ол қадамым оңынан бас­талып, жақында ғана Грузия елінде өт­кен халықаралық байқауда намысты қолдан бермедім, – дейді Қарақат.

Байқауда кейіпкеріміз өз туын­ды­сындағы екі керемет шығарманы да­йындаған. Бірі Жалағаш ауданының ту­масы, ақын Асқар Қожахметовтің «Қош болып тұр, Қазақстан аймағым» атты термесі болса, екіншісі халық әні «Ақерке» әнін орындаған.

Одан бөлек жыршы қызымыз ХVІ республикалық студенттік пәндік Кіші олимпиадасында «Жыршылар» номи­нациясы бойынша ІІІ орын, Мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Жұмабек Аққұловтың 80 жылдық мерейтойына орай еткен «Жыр ғұмыр» атты об­лыстык жыршы-термешілер бай­қауы­нан ІІ орын, «Текті сөздің төресін – тер­ме» атты облыстық жыршы-тер­ме­шілер байқауынан І орын иеленген.

Айта берсек, Қарақаттың жетістігі көп, оны 4 жасынан бастап-ақ өнер саласында жүруімен байланыстырады. Ал жыр өнеріне келгеніне 3 жыл болған. Бұл са­лада да биіктерден көрініп, ел на­мы­сын қорғап жүргенін алғашқы ұстазы Бисенбек Төлеубаевтың еңбегімен бай­ланыстырады.
– «Адамдарға мәдениетті таяқпен болса да үйретуіміз керек, әйтпесе күй­рейміз» демекші, мәдениет – ел­ді­гіміздің, егемендігіміздің белгісі. Ал оны әрдайым сақтап, болашақ ұрпақ­қа жеткізу – біздің міндетіміз. Мә­де­ниеттің ішіндегі ойып тұрып орын алатыны – әрине, өнер. Біз де сол өнер мәдениетіне өз үлесін қосып жүрген жыраулармыз. Жас та болса Қарақат өнер саласында өз ізін қал­дыруда. Еліміздің байрағын жел­бі­ретіп, мәдениетімізді әлемнің түк­­пір-түкпіріне жырлары арқылы жет­кізуде. Қазір біз «Жиенбай» жы­раулық мек­тебін қалыптастыруға бар күшімізді салудамыз. Сол мектептің басы да міне, осы Қарақаттан басталуда. Ол колледжге келген уақыттан бастап еңбекқорлығымен көзге түскен шәкір­тімнің бірі. Әлі де болса бо­ла­ша­ғы­нан көп үміт күттіретін қыз, – дейді ұстазы Бисенбек Төлеубаев.

Соңғы уақытта аудан мәдениеті тың серпінмен дамып келеді. Ол әрине, тек мәдениет саласындағы же­­­тіс­тік­тер мәдениет мекемелерінің жұ­мыс­­тарымен, статистикалық сандық көр­сет­кіштерімен және белгілі есім­дердің бо­луымен ғана өлшенбейді. Бү­гінгі күні мәдениет тұлғаның рухани-эсте­тикалық дамуының, жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың және елді әлем­дік қоғамдастыққа ықпал­дасты­ру­дың қуатты құралы болуы тиіс. Міне, бүгінгі кейіпкеріміздің де бойынан осы қасиеттер көрініп-ақ тұр. Сондай-ақ өнер атты өлкеге қадам басқан жас мамандар белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың «Мәдениет – ха­лық­тың ең үлкен рухани азығы. Бұл са­лаға кез келген жан келе бермейді, халыққа мәдени қызмет көрсететін маманның өзі мәдениет пен білімді кемел игерген адам болуы тиіс. Жеңіл ойлы адамға жұмысы оңай көрінетін бұл салаға қызығып келушілердің ұзақ уақыт тұрақтап қалуы сирек құбылыс. Осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңуға шыдауға әзір адамдар ғана мәдениет пен өнерді көркейтуге өз үле­сін қоса алады» деген сөзін қапер­ден шығармағаны абзал.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: