Биыл халықты жұмыспен қамтудың жол картасы аясында ауданда 3044 жұмыс орнын ашу көзделген. Оның 576-сы – тұрақты, 1355-і – уақытша жұмыс орны. Алғашқы алты айда 1066 жұмыс орны ашылған. Оның 342-сі – тұрақты, 724-і – субсидияланатын жұмыс орны. Аудан әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Бөлембаев тиісті меже 35 пайызға орындалғанын айтты.
6 айда 255 тұрақты
жұмыс орны құрылған
Тарқатып айтсақ, жыл басынан бері белсенді шараларға 724 адам тартылған. Сондай-ақ 255 тұрақты бос жұмыс орны құрылған. Жаңа жұмыс орындарының ашылуына келсек, биыл 1931 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс. Шілде айына дейін 811 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 87-сі – тұрақты, 724-і – уақытша субсидияланатын жұмыс орны.
Қанат Шамшатұлы Ұлттық жобалар аясында 17 жобаға 206 адам бекітілгенін айтады. Қазіргі таңда 8 жоба бойынша 130 адам жұмыспен қамтылған. Тарқатып айтсақ, ауданда ағаш отырғызу арқылы орманмен жабылған аумақты ұлғайтуға 32, Ақсу ауылындағы газ құбыры және газ тарату желілерінің құрылысыны – 4, Мөрәлі Шәменов ауылындағы газ құбыры және газ тарату желілерінің құрылысына – 4, Жалағаш кенті мен Есет батыр ауылындағы Т.Бисембаева, Бөлебай би, Өмірбай шешен, Жаңа Жарма, Сарман батыр көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарына – 10, жастарды еңбек ұжымдарына тартуға 68 адам жұмылдырылған. Мұнан бөлек Есет батыр мен Темірбек Жүргенов ауылындағы тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салуға – 7, Аққұм ауылындағы 10 көшенің күрделі жөндеу жұмыстарына 5 адам тартылған.
– Алдағы уақытта қалған 9 жоба бойынша, яғни Мырзабай ахун ауылындағы тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салу, Бұқарбай батыр, Таң, Мөрәлі Шәменов, Аққұм ауылдарының және ауылға кіреберіс көшелеріне күрделі және жәй жөндеу жұмыстары, Аққұм ауылында сүт өңдеу фермасы, Жалағаш кентінде күріш ақтау мен жем өндіру цехы және «Руханият» орталығы мен 300 орындық мектеп құрылысы бойынша 76 адам жұмыспен қамтылады, – деді Қанат Бөленбаев.
Бөлім басшысы «Қызылорда облысының 2024 жылға арналған әлеуметтік саласы бойынша квоталар белгілеу туралы» облыс әкімдігінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №235 қаулысының орындалуына да тоқталды. Бұл қаулыда ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыскерлердің тізімдік саны 50 адамнан асатын және одан жоғары жұмыс берушілерге екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерде мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгіленген. Ал аудан бөлінісінде 7 мекеме бойынша 10 жұмыс орыны белгіленді. Бүгінге дейін меже 20 пайызға орындалған. Жыл аяғына дейін жоспардың орындалмау қаупі барын ескерген бөлім басшысы облыстық білім басқармасына арнайы хат жолдаған. Десе де салада 4 мекеме жыл аяғына дейін квотаны орындауға мүмкіндік жоқ екенін ресми хатпен жеткізген. Ал №201 мектеп-лицей мен №202 орта мектеп жыл аяғына дейін маусымдық жұмысқа 3 адамды орналастырады.
Сонымен қатар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 5 квота белгіленген. Оның ішінде пробация қызметіне есепке алынғандарға 4, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарға 1 квота қаралған. Бүгінде меже 100 пайызға орындалып отыр.
АӘК алатындардың
65,9 пайызы жұмыспен қамтылған
Ауданда 116 отбасының 716 мүшесіне мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Оның 208-і еңбекке жарамды, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 27 адам тартылған. Негізінен биыл атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 74,3 пайызын жұмыспен қамту көзделген. Алты айда жоспар 65,9 пайызға орындалған.
Биыл ауданда 410 жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс. Меже алты айда 21,2 пайызға орындалып отыр. Бұл ретте Мөрәлі Шәменов, Қаракеткен және Жаңаталап ауылдық округі әкімдеріне жоспар 10 адамнан бекітілген. Бірақ М.Шәменовте әлі күнге дейін бірде-бір жаңа жұмыс орны ашылмаған, ал Қаракеткен, Жаңаталап ауылдарында тек 1 ғана жаңа жұмыс орны ашылған.
Ауданның мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 474 жаңа кәсіпкерлік субъектісі ашылған. Бүгінге дейін жұмысын бастаған кәсіпкерлік субъектілерінің 87-сі ғана міндетті зейнетақы жарналарын төлеп, жаңа жұмыс орындары есебіне алынған. Осы ретте бөлім басшысы кент және ауылдық округі әкімдерімен бірлесіп, 387 кәсіпкерлік субъектісі бойынша зейнетақы жарналарын аудару жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олар тамыздың ортасына дейін мемлекеттік кірістер басқармасына есептілік тапсырады. Демек бұл жұмыстар соған дейін аяқталуы тиіс.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов халықтың тұрмыс сапасын арттырып, әлеуеметтің әлеуетін көтеру ерекше маңызға ие екенін тілге тиек етіп, жұмыспен қамту шараларының өз деңгейінде орындалуына әлі де басымдық беру қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ ауыл әкімдеріне де жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына басымдық беру керектігін қатаң ескертті.
– Жұмыспен қамту шараларына бейжай қарамауымыз керек, себебі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бәрінен маңызды. Аудандағы жұмыссыздық деңгейін әлі де төмендету күн тәртібінен түспейді. Ал халықты жұмыспен қамту, бос жұмыс орындарын ашу, тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған жобалар нәтижесіз болса, нақты мақсатқа қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан жауапты азаматтарға бұл мәселеге бейжай қарамауды тапсырамын, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Жылу маусымына
дайындық қалай?
Әлі жаз деп жүре беруге тағы болмайды, былтыр жылу маусымында кейбір аймақтарда қандай мәселе болғанын жақсы білеміз. Сондықтан қыстың қамын жаз ойлаған бәріміз үшін де тиімді. Кешегі аппарат мәжілісінде ауданның алдағы жылу маусымына дайындық барысы пысықталды.
Жалпы ауданда 100 әлеуметтік және бюджеттік нысан бар. Оның ішінде 29 әлеуметтік нысан сұйық отынмен, 37-сі қатты отынмен, 13-і газбен, 2-еуі электр қуатымен жылытылады. М.Шәменов және Ақсу елді мекендерін газдандыру жұмыстарының жүргізілуіне сәйкес, алдағы жылу маусымына тұрғындар үшін 9 мың тонна, коммуналдық тұрмыстық секторға 2900 тонна қатты отын жеткізу жоспарланып отыр.
Осыған дейін білім беру ұйымдарында анықталған ақаулар бойынша облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім жолданған. Қазіргі таңда анықталған ақауларды қалпына келтіру бойынша қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Тарқатып айтсақ, №32 мектеп-гимназиясына вакуумды, циркуляциялық насос, дизельді генератор алынады. №38 орта мектеп оттық, сорғы беті, раутер, коммутатормен жарақталады. Ал №114 орта мектепке циркуляциялық насос, су айдайтын насос алынса, №116 орта мектеп оттық, құбыр айналым насосымен қамтылады. Алдағы жылу маусымына дәл осындай дайындық жұмыстары аудандағы басқа да 9 білім ошағында жүргізіледі.
Қазіргі таңда Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйіндегі циркуляциялық насостарды ауыстыру қажет. Бұған қатысты бөлім тарапынан аудандық экономика және қаржы бөліміне бюджеттік өтінім тапсырылған. Ал Темірбек Жүргенов ауылдық мәдениет үйіне циркуляциялық насос керек. Еңбекте де ауылдық округ әкімі аппараты бойынша жылыту пешін ауыстыру қажет. Шалғайдағы Есет батыр ауылдық мәдениет үйінің 2005 жылы алынған «Алатау-1200» пешін ауыстырмаса болмайды. Қазіргі уақытта жарамсыз күйде, салдарынан су тұратын қабырғалары шіріп тесілген, от жағатын орны жарамсыз, тіпті жөндеуге де келмейді. Салаға жауапты мамандар бұл мәселелердің шешіміне қатысты кейбірінің бюджеттік өтінімін ұсынса, қалғаны әлі де әзірленіп жатқанын айтады. Тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында көмір жеткізуші кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастық меморандумы жасалады.
Биыл мектептерге сұйық отынға 512,9 млн теңге, қатты отынға 11,8 млн теңге бөлінген. Бүгінде 1544 тонна сұйық отынға жеткізіп берушілермен келісім-шарт жасалған. Нәтижесінде 800 тоннасы алынған. Қазіргі таңда мектептерде 29 тонна сұйық отын қоры бар және 704 тонна сұйық отын келісім-шарт бойынша алашақ.
Жалағаш кентінде орталықтандырылған газ желісі 2021 жылдың шілде айында пайдалануға берілген. Қазіргі таңда кенттегі 2926 тұрғын үй, 13 әлеуметтік, 127 кәсіпкерлік нысан орталықтандырылған газ желісіне қосылған. Бұл көрсеткіш аудан халқының 45,8 пайызын құрайды.
Аудан басшысы қысқа дайындықты осы бастан күшейтуді қатаң тапсырды, сондай-ақ ол алдағы жылу маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс екенін жауапты азаматтардың назарына салды. Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі көтерілген мәселелер өз деңгейінде орындалуы тиіс екенін тілге тиек етіп, олқылық орын алған жағдайда сала басшылары жауапқа тартылатынын қатаң ескертті.
– Алдағы жылу маусымына дайындықты осы кезден бастау керек және атқарылған жұмыстың сапасы бақылауда болсын. Мәжілісте қаралған мәселелерге немқұрайлы қарамаңыздар. Мен жеке бастың мәселесін көтеріп отырған жоқпын, алдағы жылу маусымында ел тоңбауы тиіс. Ал ол үшін дайындық шараларын осы бастан күшейтуіміз керек. Берілген тапсырма тиянақты орындалуы керек. Сонда ғана жұдырықтай жұмылып атқарған ісіміздің жемісін көреміз, – деді аудан әкімі.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!