Елімізде жаздың алғашқы күнінен бастап суға шомылу маусымы басталды. Кейбір өңірлерде суға шомылу үшін жеткілікті деңгейде жылынбағанына қарамастан азаматтар табиғат аясында су айдындарында шомылуды құп көруде. Салдарынан адамдардың суда қаза болу оқиғалары жиілеп кетті. Десе де судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысы Төтенше жағдайлар министрлігінің ерекше бақылауында. Адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, министрлік полиция бөлімімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін өткізуде. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде су айдындарындағы негізгі жүріс-тұрыс қауіпсіздік шаралары жеткізіліп тұрады.
Министрліктің мәліметінше, елімізде шомылу маусымы басталғалы бері су айдындарының қорғалмаған бөліктерінде 42 тұрақты және қосымша 150-ге жуық жылжымалы маусымдық құтқару бекеттері орнатылған. Сондай-ақ шомылуға тыйым салынған 4 598 орын анықталып, онда 5 894 ескерту және тыйым салу белгілері қойылған.
Жалпы судағы қаупісіздік қағидатын сақтамау тәртібі бойынша 39 853 рейд пен патруль жүргізілген. Анықталған заң бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны» 364-ші, «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамағаны» 412-ші және «Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны» 440-ші баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осы ретте жыл басынан бастап 9 мыңға жуық хаттама толтырылған. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері патрульдеу өткізу барысында 131 адам құтқарылған, оның ішінде 35 бала бар.
Әттеген-айы биылғы шомылу маусымы басталғалы 64 адам суға батып кеткен, оның ішінде 28-і бала. Былтыр осы кезеңде 76 адам суға батып кеткен, оның ішінде 21 бала болған. Статистикаға көз жүгіртсек, адам өлімі 16 пайызға, бала өлімі 33 пайызға өскен.
Су айдындарында
бақылау күшейді
Мамандардың айтуынша, ауданда суға түсуге белгіленген арнайы жағажайлардың болмауы және суда құтқару стансасының жоқтығы өзінің кері әсерін тигізуде. Өкініштісі, өңірімізде өткен жылы суға шомылу кезінде 3 азамат суға кеткен, оның 2-еуі балалар. Абырой болғанда биыл мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмаған.
Биыл азаматтардың суға бату жағдайларын алдын алу мақсатында жерглікті билік тарапынан «Жазғы суға шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында атқарылатын жұмыстарының іс-шара жоспары» бекітілкен. Күн сайын азаматтық қорғау органдарының, полиция қызметкерлері және волонтерлер профилактикалық жұмысқа, яғни рейд және патрульдеу жүргізуге қатысады. Бұл ретте жүзу құралдары, машина, жаяу жүру, полиция наряды пайдаланылады.
Сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстар, ескертпелер, нұсқаулықтар департаменттің және аудан әкімдігінің әлеуметтік парақшасында, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда. Нақтырақ айтсақ, төтенше жағдайлар департаментінің және аудан әкімдігінің «Facbook», «Instagram» әлеуметтік желісіне 16 рет мақала, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетіне «Бала бақылаусыз болмасын», «Балалардың қауіпсіздігін сақтайық!», «Қауіпсіздік қаперде болсын», «Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтайық», «Суда жүзу ережелері мен қауіпсіздік шаралары», тақырыптарында мақалалар жарияланған.
Мұнан бөлек «Су айдындарында белгіленбеген орындарға суға түсуге болмайды» деген барлығы 50 дана тақтайшалар және адам көп жиналатын орындарда судағы қауіпсіздік тақырыбында 10 дана билбордтар орнатылған. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Е.Назарқұлов «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» ЖШС-ы «Шарайна» ақпараттар топтамасында «Суға шомылу маусымында сақтық керек» тақырыбында сұхбат беріп, бейнесюжет көрсетілген.
Жазғы демалыс уақытында балалардың су айдындарына, суармалы арықтар мен каналдарға жақын жерде болуына ата-аналар жауапты екенін ерекше атап өту керек. Осы ретте аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудандық білім бөліміне қарасты «Ақтерек» сауықтыру лагеріне барып, қызметкерлер мен балаларға «Судағы қауіпсіздік ережелері», «Өрт кезіндегі алғашқы іс-әрекеттері» және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы дайындалған жадынама парақтары таратылған.
Әрбір адам суға шомылатын су айдынының қауіпті орындары мен ерекшеліктерін білуі тиіс, өйткені жабдықталмаған жерлерде үйінділер, су басқан бөренелер, темір кесектері, шыны және басқа да заттар болуы мүмкін. Түптеп келгенде амандығымыз өзіміздің қолымызда, сондықтан табиғат аясында демалу сәтінде қауіпсіздік шараларын естен шығармағанымыз абзал.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!