Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 14:37

69 түлек 100 баллдан жоғары жинаған

17.07.2024

123

0

Ұлттық бірыңғай тестілеу түлектер үшін бәрінен маңызды. Соңғы жылдары аудан түлектері де ҰБТ-дан жоғары балл жинап, ЖОО-да мемлекеттік грантпен қалаған мамандығын игеріп келеді. Әрине, бұл – ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі. Биыл ауданда 420 түлек алтын ұямен қоштасты, оның 395-і ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл 82,7-ні құрап отыр.

Талапкерлер ұлттық бірыңғай тес­­тілеуде жылдағыдай 5 пән бойын­ша тест тапсырған. Оның 3-еуі – не­гізгі пән, яғни оқу сауаттылығы, ма­­те­матика сауаттылығы және Қазақстан тарихы. Мұнан бөлек екеуі – бейінді пән. Бұл талапкердің ке­лешекте оқитын маман­дығына ті­ке­лей қатысты. Мәселен, ме­дицина мамандығын таңдаған талап­керлер биология-химия пәні бойынша тест тапсырған. Ал инженерлік маман­дық таңдаған түлектер математика-физика пәнінен тестілеуден өткен.
Айта кетейік, биыл ҰБТ-да сұрақ­тар­дың санына байланысты өзгеріс болған. Оқу сауаттылығы мен ма­тематика сауаттылығы бойынша бұ­ған дейін 15 сұрақ болса, биыл ол 10 сұраққа дейін қысқарған. Есесіне бейінді пәндердің сұрақ саны 35-тен 40-қа көбейіп, 50 баллды құраған. Жалпы сұрақтың саны – 120. Ал мак­сималды балл – 140. Берілген балл сұрақ санына қарағанда көп, себебі бейінді пәннің соңғы 10 сұрағы 2 баллдық.
Талапкерлер бұ­рынғы қағаз фор­матындағыдай 1 рет қана емес, биыл 5 рет ҰТБ тап­сыру мүмкіндігіне ие болған. 15 қаң­тар мен 10 ақпан аралығында ал­ғашқ­ы қаңтар ҰБТ-сы өтті. Оған республика бойынша 136 мыңға жуық талапкер қатысты. Ал аудан бойын­ша 401 түлек бақ сынаған. Бұл тестілеуде ең жоғары баллға Т.Жүр­генов ауылындағы №117 орта мек­тептің түлегі Ақнұр Қоң­тай ие болды. Ол 124 балл жинаған. Ал ең төменгі баллды Бұқарбай батыр ауылына қарасты №33 орта мектептің түлегі алған.
Еске салайық, осыдан 3 жыл бұ­­рын министрлік тарапынан өте ма­ңызды шешім қабылданған бола­тын. Ерекше білім беру қа­жеттілігі бар оқушыларға құрдас­та­рымен бір­дей ҰБТ тапсыру мүмкіндігі қарас­тырылды. Осы ретте соңғы жыл­дары ҰБТ-ны тапсырып жатқан ерек­ше та­лап­керлердің қатары үш есеге артты.
Қаңтар, наурыз, тамыз айларында тапсырған ҰБТ сертификаттары тек жоғары оқу орындарындағы ақылы оқу бөліміне ғана жарамды. Ал ма­мыр мен маусым айларында өткен тестілеу қорытындысы мемлекеттік грант кон­курсына қатысуға жарайды. Мамыр айындағы ҰБТ қо­ры­тын­ды­сы бойын­ша ауданда 3 талапкер 132 балл жинаған. Олар – Темірбек Жүр­генов ауылындағы №117 орта мек­теп түлегі Ақнұр Қоң­тай, Әл-Фа­раби атындағы №201 мек­теп-ли­цейі­нің түлегі Даниял Рус­лан­ұлы мен Темірбек Жүр­генов атын­­дағы №123 мектеп-лицейінің түлегі Айна­бек Алмас­сұлтан. Ал ең төменгі балл – 39.
– Таңдау пәнім – қазақ тілі мен әде­биеті. Кішкентай кезімнен осы пәндер бойынша олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орын иелендім. Былтырдан бас­тап ұстаздарыммен бірге ҰБТ-ға қызу дайындықты бастап кеттім. Мектеп қабырғасында өтетін бағдарламадан бөлек қосымша курстар оқып, білімімді жетілдірдім. Нәтижесінде ата-анам мен ұстаздарымның сені­мін ақтадым. 13-20 шілде ара­лы­ғын­да мемлекеттік білім грантына конкурс өтеді. Сол конкурс арқылы Алматы қаласындағы Сүлеймен Де­ми­рел университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ма­ман­­дығы бойынша білім алғым келеді, – дейді «Ал­тын белгі» иегері Ақнұр Қоңтай.
Айта кетейік, аудан бойынша 18 оқушы «Алтын белгі», 43 оқушы «Үз­дік аттестат» иегері атанған. Биыл шекті балл – 49. Аудан түлектерінің мамыр айында тапсырған ҰБТ қо­рытындысы бойын­ша 23 оқушы, яғни 5,8 пайыз 0 мен 49 аралығында балл жинаған. Ал 303 түлек, яғни 76,7 пайызы 50 мен 100 балл аралығында жинаса, 69 талапкер, 17,5 пайызы 100 бен 140 балл ара­лығында жинаған.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: