Адамдықтың асыл қасиеті – адалдық. Адалдықтың тамыры терең бойлап, жапырағы жайқалған мемлекетте бірліктің берекесі кіріп, елдің жағдайы өркендейді. Осы ретте Президент түркі жұртының темірқазығына айналған Түркістанда өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты ұлттық құрылтайда адалдық жайында өз көзқарасымен бөлісіп, «Адал адам» тұжырымдамасын жариялады. Сол тұжырымдама аясында әріптесіміз Ақтоты Ержанқызы Ақсу ауылдық клубында өз ойымен бөлісіп, ауыл халқының да бірқатар сауалын жауапсыз қалдырмады.
«Адал адам» тұжырымдамасы Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасымен үндескен, рухани жетілген, кемеліне келген, жан-жақты дамыған Әділетті Қазақстан азаматының образы және жалғасы деп айтуға болады. Осы ретте әріптесіміз Ақтоты Бүркітбай Ақсу ауылының халқы үшін «Адал адам» образының символы ретінде есте қалды.
Сұхбатқа Ақсу ауылының ардагерлері мен жастары, мұғалімдер, мәдениет саласының қызмткерлері қатысты. Сондай-ақ шарада болашағын журналистика саласымен байланыстыратын оқушылар да бой көрсетті. Әріптесіміздің еңбекқорлығының арқасында ауыл тұрғындарының «Жалағаш Жаршысы» газетіне де айтылған ыстық лебіздерін де арқалап қайттық.
– Биыл өзім еңбек етіп жатқан аудандық басылымның төл мерекесі, яғни «Жалағаш жаршысы» газетіне 90 жыл толып отыр. Сондай-ақ туған жерім Жалағаш ауданының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Міне, осындай тәуелсіз елде, бейбітшілік заманда қоғам дамуына атсалысып, туған жерімде еңбек еткеніме қуаныштымын. Жалпы адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін өз мамандығын сүйген адам. Яғни кез келген салада қызмет ету барысында адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болып қалыптасу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнар еді. Мемлекет басшысының «Адал адам» тұжырымдамасы негізінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып жатқан бұл шара алдағы уақытта да жалғасын тапса деймін. Елге адал қызмет етіп жүрген әр тұлға өз тәжірибесімен бөліссе ғана ұлт болып алға жылжитынымыз анық, – дейді Ақтоты Бүркітбай.
Осылайша сыр сұхбат соңына жетіп, ауыл тұрғындары, әсіресе жастар көкейінде жүрген сауалдарға жауап алды. Озық әрі табысты елге айналу үшін қоғамда адалдық атты құндылық үстемдік құруы қажет. Қоғамда адалдық үстемдік құратын болса, жетістіктер көп болмақ.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!