Өткен апта да ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов ауданның тыныс-тіршілігімен танысу үшін жұмыс сапарымен келді. Іс-сапар барысында халық қалаулылары ең алдымен қоғамдық тәртіпті күшейтудің өзекті мәселелері бойынша мәжіліс отырысына қатысты.
Мәжіліс отырысында құқық бұзушылыққа итермелейтін себептер мен жағдайларды анықтау, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдарды әлеуметтік бейімдеу, құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру, азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатындағы жұмыстар талқыланды.
Сондай-ақ халық қалаулыларымен еркін пікір алмасулар болып, жаңадан қабылданған заңдардың іс жүзінде тиімді тұстары айтылды. Аудан бойынша 6 айдың қорытындысымен орын алған қылмыстар 57-ден 60-қа немесе 5,3 пайызға өсім алып отыр. Өсім алған қылмыстардың ішінде ауыр санаттағы қылмыстар 12-ден 23-ке немесе 91,7 пайызды құрады. Ал ұрлық қылмыстары 19-дан 16-ға, орта санаттағы қылмыстар 20-дан 13-ке, теріс қылықтар 18-ден 11-ге төмендеген. Тіркелген қылмыстар ішінде алаяқтық қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 3-тен 7-ге, яғни 133,3 пайызға өскен. Ашылу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 50 пайыздан 89,3 пайызға артқан. Аудандық полиция бөлімі қылмыстарды болдырмау және оның алдын алу бағытында тиісті профилактикалық шараларды атқарып келеді.
Айта кетейік, аудан бойынша 2 елді мекенде соңғы 3 жыл көлемінде қылмыс мүлдем тіркелмеген.
Мұнан кейін халық қалаулылары ауданымызға жасаған жұмыс сапары аясында елді мекендерді газдандыру жобасының жүзеге асырылуымен танысу мақсатында Ақсу ауылдық округіне табан тіреп, тұрғындармен кездесті. Биыл қос ауыл яғни Ақсу ауылымен Мөрәлі Шәменов елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынның игілігін көрмек. Былтыр аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен облыстық бюджеттен 40 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме – «АЭS and Limited» ЖШС.
1600-ден астам тұрғыны бар Ақсу елді мекенін газдандыру жұмыстарына былтыр облыстық бюджеттен 20 млн теңге қаржы қаралып, бөлінген қаржы шегінде жұмыстар жүргізілді. Ал биыл құрылыс монтаждау жұмыстарын жалғастыру үшін ұлттық қордан 100 млн теңге, облыстық бюджеттен 397,4 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстарының 95 пайызы орындалып, 387,7 млн теңге игерілді. Шілде, тамыз айларында қалған 109,7 млн теңге игерілетін болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда демеушілік есебінен Бұқарбай батыр, Қаракеткен және Далдабай елді мекендерін газдандыруға жоба-сметалық құжаттар әзірленуде. Мұнан бөлек кентте орналасқан мемлекеттік мекемелерді газдандыру мәселесі түбегейлі шешілуде. Биыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің және Жалағаш кенті әкімі аппараты ғимаратының жылу жүйесін табиғи газға қосу, №246 орта мектеп ғимараты мен №123 мектеп-лицейі ғимаратының бу қазандығын газбен жылытуға ауыстыра отырып реконструкциялау жұмыстары жасалады.
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан ауылдардағы ауқымды бастама ауыл халқының әлеуетін жоғарлататынын жеткізген халық қалаулылары, еңбектің өзегіндей болған елдегі ағайынның берекелі тірлігіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар соңғы жылдары ауданда білімге инвестиция құйып, білім саласына жанашырлық танытып жүрген кәсіпкерлер саны артуда. Халық қалаулылары іс-сапар барысында жаңадан салынған 130 орындық «Жас қыран» балабақшасына да атбасын бұрып, жұмыс барысымен танысты.
Мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасау үшін жаңадан салынған 130 орындық «Жас қыран» балабақшасының жалпы ауданы – 1493 шаршы метрді құрайды. Типтік жобада салынған ғимаратта 6 ойын және жатын бөлмесі, спорт зал, акт зал, робототехника кабинеті, Ұлттық құндылық кабинеті, логопед бөлмесі, медбике бөлмесі және асхана бар. Сапалы қызмет, білікті мамандар мен жаңа технологиялар арқылы жабдықталған «Жас қыран» балабақшасының бүгінгі тынысына сенат депутаттары оң бағасын берді. Олар баланың жарқын болашағын қалыптастыруда іргетасын біліммен қалап, өнегелі тәрбиені сіңдіріп отыру қажеттігін айтты.
– Балабақшада жалпы 6 топ бар.Ең кіші топтарымыз – «Қошақан» және «Құлыншақ» деп аталады. Бұл топқа 2 мен 3 жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз. Одан кейін 3 пен 4 жас аралығындағы балаларды қабылдайтын ортанғы топ – «Ботақан» деп аталса, 4 пен 5 жастағы балаларға арналған ересек топ – «Бөбек» тобы деп аталады. Ал 5 жастан асқан балалар мектеп алды даярлыққа яғни «Балдырған» және «Балдәурен» тобына барады, – дейді балабақша меңгерушісі Қалдыгүл Дәулет.
Балабақша тәрбие мен білімнің алғашқы баспалдағы. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезі мен қабілетін ерте жастан дамытады. Халық қалаулысы Наурызбай Сейтқалиұлы балабақша бүлдіршіндер бойына рухани құндылықтарымызды сіңіріп қана қоймай, ұлттық нақышта бейнеленген қазақы оюлар, ой сергітуге арналған ойындар мен алшысынан түскен асықтар, киіз үй мен жалпы ұлттық кодымызбен құрақталған қасиеттерді дәріптеген бөбекжай бастамашыл дүниелерге бай екенін жеткізіп, ұжымның жұмысына сәттілік тілеп, аудан көлемінде ел еңсесін тіктеу бағытында атқарылып жатқан жарқын жобаларға оң бағаларын берді.
А.Ержанқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!