Өткен аптада 40 жастан асқан ардагерлер арасында Б.Құлтекенов атындағы жабық бассейнде суға жүзуден жарыс өтті. Жарысқа 7 ардагер қатысып, өзара мықтыны анықтады. Иә, суда жүзуден кәсіби түрде айналыспаса да ес білгелі дарияның суын кешіп, суда жүзген жарысқа қатысушы ауыл ардагерлерінің бәрі дерлік шапшаң қозғалады екен. Жарыс тартысты өтті.
Жарысқа қатысушылар 50 метрге еркін әдіспен жүзуден бақ сынасты. Жарыс нәтижесі бойынша кент атынан қатысқан Мейрамбек Оразбаев ІІІ орын, М.Шәменов ауылының ардагері Мейрамбек Рахимов ІІ орын, Бұқарбай батыр ауылының ардагері Нұрлыбек Төлеубаев І орынды қанжығасына байлады. Одан бөлек 60 жастан жоғары жастағы қатысқан ардагерлерге түрлі номинациялар берілді.
– Ауылда өскендіктен кішкентайымнан суда жүзуді жаныма серік еткенмін. Бұрын каналдарды жағалап, дария суына жүзетін болсақ, қазір шүкір, ауданда жабық бассейн ашылған. Иә, суда жүзу адам денсаулығына пайдалы, мәселен, жүрек, жүйке жүйесін жақсартады, шынықтырады, өкпе жұмысын реттейді. Жарысқа келетін болсақ, өте тартысты өтті. Суға жүзумен кішкентайымнан шұғылданып, әліге дейін еркін жүзе алатындықтан болар, бүгін жеңімпаз атандым. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, сайысқа қатысудан қашпаймыз, – дейді Бұқарбай батыр ауылының спортшы ардагері Нұрлыбек Төлеубаев.
Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы медаль және дипломдармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл игі дәстүр жалғасын тауып, шара ауқымы кеңейе түспек.
Десе де суға жүзуден жарысқа қатысамын деушілердің қатары аз көрінеді. Иә, қазақ жастарының су спортына аз баруының себептері де жоқ емес. Біріншіден, қазақ жастарының көбісі ауылда тұрады. Ауылда бассейн жоқтың қасы. Ал ауданға бассейннің салынғанына көп уақыт болмады. Көбісі суға жүзуді түсіне бермейді. Екіншіден, қазір жасөспірімдердің көбісі үйлерінде отырып, әлеуметтік желідегі ақпараттарды оқуға құмартып алды. Осылайша жастар алтын уақыттарын интернетте өткізуде.
– Жалпы, біз су спортынан бейхабармыз. Әрі білген күннің өзінде жүзуге менсінбей қараймыз. Баламыз шымыр болсын деп күрес, боксқа жиі алып барамыз. Ал жүзу спорты жекпе-жек сынды спорт түрлерінен кем түспейді. Өйткені бұл спорт адамды шымыр етіп қана қоймай, шыдамдылыққа, әдептілікке баулиды. Тіпті ең мықты, талантты деген боксшы олимпиадада әрі кетсе бір ғана алтын алып шектеледі. Ал жүзу спортындағы мықтылар бір дүбірлі додада бір емес, біраз қашықтыққа бақ сынап, бірнеше алтын алып жататынын көріп жүрміз. Сондай-ақ су спорты жөнінде насихат аз болып тұр. Жарыстарды жиі өткізуге тырысамыз, бірақ тұрғындар тарапынан жарысқа қатысуға қызығушылық жоқ. Қатысатын адам болмаған соң, көп жобаларымыз аяқсыз қалып жатыр. Жалпы, жүзу адам ағзасына тигізетін пайдасы мен әсері жағынан басқа спортқа қарағанда ерекше. Жүзумен тұрақты шұғылданған адамның бұлшық еті үйлесімді жетіледі, жүйке тамыры нығаяды, денедегі зат алмасу, тыныс алу мен қан айналу жүйесінің қызметі жақсарады. Бұл спорт түріне Жалағаш жастары жиі тартылса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді бассейн басшысы Берікқазы Әуесбаев.
Айта кетейік, үлкендерге арналған бассейннің ұзындығы – 25, ені 12 метр. Ал тереңдігі 1,6 метрден бастап 2 метрден асып жығылады. Балаларға арналғаны бөлек. Жеті жасқа дейінгі балалар үшін ұзындығы 12, ені 6 метр, бассейннің тереңдігі 60 сантиметр. Суға түскенде батпауға арналған жабдықтар да жеткілікті.
Бассейндегі су айына бір рет ауыстырылып тұрады. Ал заңдылығында үш не алты ай деп береді. Мұндағы су үнемі айналымда, астында орналасқан төрт фильтр қондырғы арқылы ұдайы тазалайды. Судың температурасын қалыпты ұстайтын құралы бар. Балалар түсетін бассейн температурасы 32, ал ересектердікі 28 грудус. Еден де жылытқышқа қосылған. Негізгі талап – келушілер тері аурулары жоқ екенін растайтын дәрігердің рұқсатымен ғана суға түсу керек. Ішімдік пайдаланған тұрғындар мүлде кірмейді. Сондай-ақ шыны ыдыстарды пайдалануға рұқсат жоқ.
Бассейнге бір айға суға түсудің құны – 10 мың теңге. Аптасына үш рет келе аласыз. Ал жеті жасқа дейінгі балаларға тегін. Ер және әйел адамдарға апта күндері бөліп қарастырылады. 20 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар бассейнде оқушыларға жүзу үйірмесі де жұмыс істейді.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!