Аудандық «Наркескен» спорт клубы мен Бұқарбай батыр ауылындағы 1984 жылғы азаматтардың ұйымдастыруымен өткен апта да волейболдан Ысқақов Мейірхан мен Нұрмаханов Ақылбекті еске алуға арналған ересектер арасында аудандық турнир өтті. Аталған турнирге кент және ауылдық округтерден 8 команда қатысты.
– Мейірхан ауылдық мектепте жұмыс жасады. Көптеген іс-шараларға белсенділік танытып, оның жоғары деңгейде өтуіне атсалысатын. Сондай-ақ ерекше безендіру жұмыстарын жасайтын. Ал Ақылбек жастайынан әкесінің жанында жүріп, еңбекке ерте араласты. Әріптестері арасында еңбекқорлығымен дараланған досымыз бірнеше рет марапат төрінен көрінген еді, – дейді Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны, Ғани Ыдырысов.
Кіл мықтылар бас қосқан тартысты турнирде үздік үштікті Таң ауылының спортшылары түйіндеп, 20 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыны иеленді. Ал ІІ орын батыр атындағы ауылдан спортшыларға бұйырып, 30 мың теңге сыйақыға ие болды. Жүлделі І орынды Еңбек ауылының сайыпқыран спортшылары жеңіп алып, 50 мың теңге қаржылай сыйақымен марапатталды.
Сондай-ақ ойында барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен спортшылар да арнайы марапат пен қаржылай сыйақылар иеленді. Мәселен «Үздік ойыншы» номинациясын Еркінбол Қойшыбеков иеленсе, «Үздік жас ойыншы» номинациясын Асқар Мырзалы иеленді.
– Жарыс өте тартысты өтті. Әр ауылдан ең мықты спортшылар іріктеліп, жиналды. Ауыл абыройын арқалап келген жарыста І орынды иелендік. Қарсыластарымызда ойынға өте жоғары дайындықпен келген. Әйтсе де, командаластарымның ұйымшылдығының арқасында жеңіске жеттік. Жеңісті жолды алдағы жарыстарда да жалғаймыз деп сенемін, – дейді Еңбек ауылының спортшысы Еркінбол Қойшыбеков.
Сезім НҰР
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!