Сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы барша адами, рухани тіпті мемлекеттік құндылықтарды құлдыратып, мемлекеттің дамуын бірнеше жылға артқа тартып, кейде тіпті құрдымға құлататын дүлей күшке ие. Сондықтан бүгінде тек мемлекеттік басқару құрылымдарында қызмет істейтін лауазымды тұлғалар ғана емес, әрбір Қазақстан азаматы адалдық, әділдік деген ұғымдарды қастерлей білуі тиіс. Әсіресе, мемлекет мүлкіне жанашырлықпен, аса жауапкершілікпен қарағаны жөн. Өйткені, мемлекет халықтан құралады. Ендеше мемлекетке қарасты әрбір материалдық құндылықтар мен игіліктер де түптеп келгенде халықтың ортақ қазынасы болып саналады.
Бүгінде осы халық қазынасына заңсыз қол сұғушылардың қатары көбейіп келе жатқаны қынжылтады. Еліне жаны ашитын, сол елде көгеріп, көктеймін, ұрпағым өсіп-өнеді деген биік сенім, ұлы мұрат жолындағы тұлғалардың мемлекет мүлкін талан-таражға салуға азаматтық ары жібермейді. Мемлекеттің бір тиын болса да қаржысын жымқыру немесе бір жапырақ болса да мүлкіне шығын келтіру – ауыр қылмыс және оның соңы қоғамның моральдық тұрғыдан кері кетуіне, экономикалық өсімнің тежелуіне әкеліп соғады. Ал, мұндай мәселе туындаған кез-келген мемлекеттің болашағы бұлыңғыр тартады.
Сондықтан әрбір лауазымды тұлға мемлекет меншігіндегі мүлікті, мемлекет қазынасындағы халық үшін жұмсалатын қаржыны сұқ қол, арам ниеттілерден қызғыштай қоруы тиіс. Сонда ғана біз мемлекет ретінде өркениетті елдердің қатарына қосылып, дамыған қоғамның өкілдеріне айналамыз.
Қаныш Серікұлы,
Жалағаш ауданы №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы,
азаматтық қорғау аға лейтенанты
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!