Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сәрсенбі, 30 қазан, 05:28

Білім беру тәсілі: Елімізде жаңа оқу жылы қалай басталмақ

31.08.2024

230

0

Жаңа 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда 3,9 млн-нан астам оқушы мектепке барады, оның 352 мыңы – бірінші сынып оқушылары.

Күрделі жөндеуден өткен 178 мектеп 1 қыркүйекте ашылмақ. Жаңғырту жұмыстары жүргізілген 1 мыңға жуық ауылдық орта білім беру мекемесі де өз жұмысын бастайды. Өңірлерде оқытылатын пәніне сәйкес бейінді құрал-жабдықтармен 1 мың кабинетті жарақтандыру жоспарланғанымен 1,5 мыңнан астам пәндік кабинет жаңартылды.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда STARLINK спутниктік интернеті 1 757 мектепте орнатылған, соның арқасында қосылу жылдамдығы 3 есеге артты. 122 мектепте интернет қосу жұмыстары аяқталуда. Бұл ретте барлық оқулықты цифрландыру жұмыстары аяқталды, 11 платформада электронды нұсқалар оқушыларға қолжетімді. Оқушының оқу траекториясын анықтау үшін бірінші сынып мұғалімдері Ұлттық білім беру дерекқоры арқылы бала дағдыларының деңгейін көрсететін Жеке даму картасын алады. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына жасанды интеллект элементтерін енгізу мәселесі пысықталуда.

Оқушыларды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Алдағы оқу жылында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мың балаға артық. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 510 мыңнан астам оқушы оқу құралдарын сатып алуға көмек алды.

2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру үшін өңірлерде 31 мың жаңа орын ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналары үшін 3,5 мыңнан астам консультациялық орталықтар ұйымдастырылды. Ата-аналарға бала күтімі мен оларды дамыту бойынша консультациялық көмек көрсету үшін «Беске дейін үлгер» мобилді қосымшасы іске қосылады.

Елімізде арнайы білім беру ұйымдарының желісі жыл сайын кеңейіп келеді. Инклюзивті мектептердің үлесі 88%-ға, ал балаларды арнайы қолдаумен қамту деңгейі 80%-ға дейін өсті. Биыл пилоттық режимде психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілуде, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған қолдау кабинеттері мен жеке бағдарламаларға жаңа талаптар әзірленді.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында Президенттің тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік тапсырыс 145 мың орынға дейін ұлғайтылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мыңға артық. Бұл ретте еліміз бойынша барлығы 772 ұйым оқушылар үшін ашық. 1 қыркүйектен бастап 300 мыңнан астам колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға артады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап колледждер базасында 26 шағын кәсіпорын өз өнімдерін өткізеді. Жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту шеңберінде Францияда өтетін WorldSkills-2024 чемпионатында қазақстандық 32 студент ел намысын қорғайды.

Білім сапасын арттыру министрліктің және жалпы мемлекеттің басты міндеті болып қала беретінін айта кеткен жөн. Осылайша, алғаш рет «білім сапасы» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, Ұлттық бағалау жүйесінің жаңа моделі жасалды. Бүгінгі таңда нысаналы мектептермен өзара байланыс бойынша нақты шаралар қабылданып, мұғалімдер мен әдіскерлерге мақсатты оқыту жүргізілуде. Жаңа оқу жылынан бастап «Цифрлы мұғалім» жобасы аясында аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылармен жұмыс күшейтілмек. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы аясында тағы 1000 мұғалім оқытылады, ал өткен жылғы 134 түлек мектептердегі басшылық құрамға қосылды.

Мемлекеттің басым міндеті – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау. Биыл қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық мектебінде «Қауіпсіздік сабақтары» енгізіліп, Психологиялық қолдау орталықтары өз жұмысын бастады. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының штаты 64%-ға өсті, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер мәртебесі бекітілді. Өңірлерде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмектесу үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылады, пилоттық форматта KiVa және DOSBALLIKE бағдарламаларын іске қосу жоспарланып отыр. Мектептерде өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дабыл түймесі, бейнебақылау жүйелері, турникеттер мен лицензияланған күзеттің міндетті болуы жөніндегі қауіпсіздік талаптары күшейтілді. Білім беру ұйымдары тиісті жүйелерімен барынша жабдықталған.

Білім берудің құрамдас бөлігі – тәрбие жұмысы. Бұл мәселеде мектеп шешуші рөлдердің бірін атқарады. 2023 жылдың қыркүйегінен бері оқушылар үшін «Біртұтас тәрбие» білім беру бағдарламасы енгізілді, ол жаңа оқу жылында Мемлекет басшысының III «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұлттық құрылтайында айтылған жалпыұлттық құндылықтарға сәйкес жаңартылған нұсқада іске қосылады. Әділдік – ұстаным, жауапкершілік – негіз, ілгерілеу – мақсат компоненттері адамгершілігі жоғары, адал әрі табысты болашақ ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.

Қазақстанда 33 шетелдік жоғары оқу орнының филиалдары ашылуда, олардың 7-уі 2024 жылдың қыркүйегінде жұмысын бастайды, бұл республиканың әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялануға деген ұмтылысын көрсетеді. QS World University Rankings сияқты университеттердің халықаралық рейтингіне 21 қазақстандық жоғары оқу орны, ал Times Higher Education рейтингіне 29 ЖОО қатысты, оның ішінде 4 жоғары позицияға ие болды. Білім беру саласындағы өсіп келе жатқан халықаралық ынтымақтастық 245-ке жуық бірлескен оқыту және қос дипломды бағдарламаларды іске асырумен расталады. Сонымен қатар жыл сайын 200 ғалымды тартуға қаражат бөлініп, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға септігін тигізуде.

Дүниежүзілік банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы шеңберінде қазақстандық 17 жоғары оқу орнының, Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің және Финляндияның 2 университетінің қатысуымен педагогикалық білім беру моделі және 30 жаңа инновациялық бағдарлама әзірленіп, тиісті тізілімге енгізілді. 2023 жылы аталған білім беру бағдарламалары пилоттық режимде жүзеге асырылды, ал 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 49 ЖОО-да толық көлемде кеңейту жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда еліміздің 25 жоғары оқу орны заманауи білім беру ортасының талаптарына сәйкес келетін физика, химия және биологияны оқыту әдістемесі бойынша пәндік кабинеттермен, сондай-ақ 14 жоғары оқу орны инклюзивті білім беру кабинеттерімен жабдықталған. Көру қабілеті бұзылған студенттерге қолдау көрсету үшін алғаш рет жазбаша тапсырмаларды, презентацияларды және жоба жұмыстарын орындауға мүмкіндік беретін Брайль принтерлері сатып алынды.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғылыми кадрларды даярлау үшін қосымша 100 грант бөлінді, сондай-ақ индустриялық PhD бағдарламасы алғаш рет енгізілуде. Бұл формат индустриямен бірлесіп экономиканың нақты секторындағы инженерлік-технологиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін мамандар даярлауды көздейді.

Білім беруді жаңғырту мақсатында Цифрлық университеттер моделі әзірленіп, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ және және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында пилоттық режимде енгізілетін болады. Coursera, Huawei және Binance Kazakhstan сияқты ірі халықаралық компаниялармен ынтымақтастық шеңберінде өзара түсіністік туралы меморандумдар жасалды. Бұл 35 жоғары оқу орны базасында Huawei ICT академиясын құруға мүмкіндік берді, онда Binance Kazakhstan қолдауымен 22 университеттің 350-ге жуық оқытушысы блокчейн технологиялары бойынша оқытылды.

Сонымен қатар 102-ге жуық Coursera курсы қазақ және орыс тілдеріне аударылып, 2024 жылға дейін 93 жоғары оқу орнының қазақстандық студенттеріне 40 мың лицензия бөлінген. Студенттер әлемнің жетекші университеттерінің 20 мыңнан астам онлайн курстары мен 4200 жасанды интеллект курстарына қол жеткізді. Студенттерді OpenSearch сияқты IT жобаларына тарту және салалық тәжірибе алу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Amazon арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

2024 жылы 15 отандық ЖОО Generative AI бағдарламасы аясында 12 мың студентке арналған жасанды интеллект бойынша Google курстарын іске қосуда. Екі жоғары оқу орны – Абай атындағы ҚазҰПУ және Жұбанов атындағы АӨУ Google for Education пилоттық жобасына қатысады.

Кадрлық ресурстарды стратегиялық қамтамасыз ету мақсатында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін университеттердің, әкімдіктердің және бизнес құрылымдарының күш-жігерін біріктіретін «Мамандығым – болашақтым» жобасы іске қосылды. Сондай-ақ студенттердің қоғамдық өмірге және волонтерлік іс-шараларға қатысу дәрежесін ескеретін интеграцияланған әлеуметтік орташа балл (GPA) енгізілді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын қысқарту бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жыл сайын 10 мыңға жуық орын енгізу жоспарлануда. Соңғы 5 жылда студенттерді 50 мыңнан астам жаңа төсек-орынмен қамтамасыз ететін 211 жатақхана салынды. 2024 жылы қосымша 10 576 орынды пайдаланіға беру арқылы 27 жатақхананың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Биылғы тамыз айына дейін 4650 орындық 17 жатақхана пайдалануға берілді.

Министрлік сондай-ақ жер телімдері тапшы Астана мен Алматы қалаларындағы мемлекеттік жоғары оқу орындарына мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту туралы бұйрық жобасын әзірледі. Аталған бастама аясында ғимараттарды жатақханаға айналдыру мақсатында реконструкциялау кезінде қаржыландыру жылына бір төсек орынға 92 АЕК-тен 182 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, бұл осы мегаполистердегі студенттердің өмір сүру жағдайын жақсартады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: