Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Жексенбі, 24 қараша, 19:06

Сенбілік – туған жерге деген ықылас

01.09.2024

68

0

Сенбі. Аудан халқы ойын баласынан еңкейген қарияға дейін таң атысымен тазалық жұмыстарына кірісіп кетті. Жалағаштықтар тазалық акциясына бұрынғыдай арнайы тапсырмамен емес, өз еркімен белсене атсалысатын болған. Сенбілікте ауданда орналасқан кәсіпорындар аумағы, гүлзарлар мен саябақтар, арық-атыздар мен аудан көшелері қоқыстан тазартылып, әктеу, сырлау жұмыстарымен қатар қураған тал бұтақтары кесілді. Сондай-ақ кент және ауылдық округтерде қоқыс жәшіктері орналастырылып, сенбілік жұмыстарына көмек болатын арнайы тасымалдаушы техника да жұмылдырылған.

– Тазалық акциясына апта сайын белсене қатысамын. Себебі Жалағаш – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан оның көркейіп гүлденуіне әрбір тұрғын бейжай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез кел­ген жерге лақтырмай, ең болмаса өз ау­ласын таза ұстауы қажет. Осыны жастарға сабақ ету мақсатында мен де тазалық жұмыстарына таң атысымен шықтым. Сенбілікке шыққан жастарды көріп риза болдым. Өйткені тазалық акциясы арқылы тұрғындар қаймағы бұзылмас ынтымақ пен бірліктің ерен үлгісін көрсетіп отыр. Міне, мен көлең­келеп отырған ағаш, бүгін маған сая болып тұр, сондықтан өңірімізді жа­сыл желекке айналдыру біздің қолы­мызда, тек ниет керек. Сондай-ақ басқа аймақтан қыдырып келген туыс­та­рымыз да Жалағашты тап-таза екен деп тамсанып жатады. Әрине, сондай мақтауларды естіген сайын ау­да­ны­мыз­дың көркеюіне ерекше атса­лысуға ынтаң артады. Ең бастысы, тазалық денсау­лықтың кепілі екенін естен шы­ғар­мағанымыз жөн, – дейді кент тұр­ғыны Ғалымжан Сәдуанов.
Жалағаштықтармен бірге кент әкімі Мардан Жамалатов та сенбілік жұмыс­та­рына қатысып, аудан орталығын ара­лады. Яғни кент бойынша тазалық жұмыстарын жүргізу және туған жерді көркейту үшін тұрғындарды бел­сен­ділікке шақыру керектігін айтып, әрбір үйдің ауласы және сыртқы келбеті әр­ленуі аудан орталығының таза­лы­ғына қосқан үлкен үлес болатынын жеткізді.
Әсіресе аудан орталығын көркейтіп-көгалдандыру бойынша жұмыстар соң­ғы уақытта қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың игілігін бүгінде жа­лағаштықтар іс жүзінде көріп отыр. Мәселен, балалар ойын алаңдары мен спорттық жаттығу алаңдарына тұтастай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ көшелерге белгілі қазақ батырлары, жыраулар мен ақын-жазушылар және белгілі қоғам қайраткерлері туралы мәліметтер жазылған билбордтар ор­на­ластырылса, орталық алаң жаз бойы гүлмен көмкерілді.
Міне, осындай креативті жобалар кент көркін айшықтаумен қатар тұр­ғын­дарға және аудан қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлары анық. Кент әкім­шілігінің қызметкерлері осындай ерекше жобалар алдағы уақытта да жал­ғасын табатынын, егер тұрғындар та­ра­пынан кент көркіне сән беретін идея­лар болса, қарауға дайын екенін айтуда.
Аудан орталығымен қатар ауылдық елді мекен тұрғындары да сенбі сайын тазалық акциясына белсене қатысуда. Нәтиже де жоқ емес, жуырда Еңбек ауылы облыста «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпазы атанды. Міне, мұның барлығы жалағаштықтардың туған жерге деген ерекше сүйіспен­шілігінің айқын көрінісі деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда экологиялық мә­де­ниетті қалыптастырудың маңызды­лығын айтқаны белгілі. Сондықтан сен­біліктің қоғамның назарын аудан кө­шелерінің тазалығын сақтауға ау­дарып, экологиялық мәдениетті қалып­тастыруда маңызы зор.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: