Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Бейсенбі, 19 қыркүйек, 21:20

Алты білім ошағы ашылды

04.09.2024

275

0

Жаңа оқу жылы Жамбыл облысында сән-салта­натымен ­бас­талды. Өңірде білім саласын дамытуға айрықша қолдау көрсетіліп отыр. Нақтырақ айтар болсақ, ағартушы саланы өркендетуге бөлінген қаражат өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артқан. Жаңа оқу жылында облыста алты жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес өңірде «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы бо­йынша бірнеше білім ұясын салу жоспарланған. Алғашқысы­ның құрылысы межелі мерзімде аяқталды.

Байзақ ауданына қарасты Сары­кемер ауылының оқушыла­ры жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастап отыр. Білім ордасы­ның ашылу салтанатына өңір бас­шысы Ербол Қарашөкеев, оқу-ағар­ту саласының ардагер­лері, ата-ана­лар қатысты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елі­міз­де білім, ғылым саласын өр­кен­­детуге басымдық беріліп отыр­­­­ғаны анық. Біздің өңірде де бі­лім беру саласын дамыту, ин­же­нерлік-коммуникациялық инфра­құрылыммен қамта­ма­сыз ету – негізгі бағыт. Жас­өс­пі­рім­дер­дің сапалы білім алуына қол­дан ­келгенше қолдау көрсетіп отырмыз.

Сарыкемер ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ор­дасы – балаларға жасалған қам­қор­лықтың бір көрінісі. Оқу ор­да­сында жасөспірімдердің қауіп­сіз әрі жайлы ортада сапа­лы білім алуы үшін барлық жағдай қа­рас­тырылған. Бір сөзбен айт­қанда, бала­лардың ауыз толтырып айтар­лықтай жетістіктерге же­туіне жағдай жасалған», дейді өңір басшысы Е. Қарашөкеев.

Жергілікті тұрғындар арасы­нан сөз алған ардагер ұстаз Асқар Бекбауов білім саласындағы оң өзгерістер туралы пікірімен бөліс­ті. Ауылдық жерлерде заманауи үлгіде мектеп салынғаны­на ризашылығын білдірген ол «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан білім ордаларының ерекшеліктеріне тоқталды. Сондай-ақ балалардың сапалы білім алуына барынша қолдау білдіріп отырған Мемлекет басшысына, жергілікті атқарушы билік өкілдеріне алғыс айтты.

Ұлттық жоба аясында салын­ған жаңа мектеп 600 оқушыға ар­налған. Білім алушыларға бар­лық жағдай қарастырылған білім ордасы заманауи кабинеттермен, соңғы үлгідегі техникалармен толықтай жабдықталған. Ғима­ратта 35 оқу бөлмесі, 2 спорт зал, 2 компьютер кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана және асхана, ұл­дар мен қыздарға арналған арнайы шеберхана бар. Сондай-ақ балалардың оқулықтары мен жеке заттарын сақтауға арналған шкаф­­­тар қойылған. Мектеп толы­ғымен бейнебақылау камерасымен қамтылған. Сонымен қатар білім ұясына арнайы жеделсаты орнатылған.

Сарыкемердегі ұлттық жоба аясында салынған мектептен бөлек, тағы бес білім ұясы пайда­л­ануға берілді. «Арай» және «Казарма» тұрғын алабының хал­қы бірнеше жыл бойы көтерген өзе­кті мәселе оңынан шешіліп, мектеп оқушылары жаңа білім ордасының табалдырығын аттады. Олардың жүзінен шаттықтың лебі есіп тұрды.

Керек дерекке сенсек, «Арай» тұрғын алабында ашылған су жаңа мектеп 600 оқушыға арналған ­болса, «Казарма» тұрғын алабын­да­ғы оқу ордасы жаңа оқу жылында 180 білім алушыны қабылда­ды. Сондай-ақ Меркі мен Қор­дай ­аудандарында 150 орындық, Сарысу ауданында 50 орындық жаңа білім ұясы пайдалануға берілді.

Жергілікті атқарушы билік кел­тірген дерекке жүгінсек, жаңа мек­тептер білім алушыларға қа­жетті барлық қажетті құрал-жаб­дық­тармен қамтылған. Ондағы зертханалар мен компьютерлік сыныптар заманауи технологиялармен жабдықталған.

Жалпы алғанда, өңір бойынша 2024–2025 жылдары 41 білім нысанының құрылыс жұмысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін 18 білім ордасының құрылысын аяқтау көзделген. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп бой көтереді. Оның 6-уы осы жылы пайдалануға берілмек. Сондай-ақ облыс бойынша 10 білім ны­са­нында күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Ал 96 бі­лім ордасында ағымдағы жөндеу жұ­мыстары аяқталған.

Жамбыл облысы бойынша 507 орта білім беру ұйымы бар. Барлық білім ұясында 248 мың­нан астам оқушы білім нәрімен сусындап жатыр. Ал жаңа оқу жылында 21 мыңға жуық жеткіншек 1- сыныпқа қабылданды.

Өңірде жаңадан ашылған білім ордаларының арқасын­да бірнеше тозығы жеткен мек­теп­тің мәселесі оңынан шешілді. Осы жылдың соңында, келесі жылы тағы бірнеше жаңа мектеп бой көтеретінін ескерсек, жам­былдықтар «жырлап» келген он­даған білім ордасының өзекті мә­селесі уақтылы шешімін табатыны даусыз.

Жамбыл облысы 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: