Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында білім беру жүйесі жетекші рөл атқарады. Білім саласының мамандары жұмыс жоспарына сәйкес мақсат-міндетін айқындап, оны жүзеге асырумен ерекшеленеді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, білім беріп, тәрбиелеген шәкірттер өмірден өз орнын тауып, биік белестерден көрініп жатса, ұстаз үміті ақталып, еңбегінің қайтқаны. Тәуірбек Алишарипов алдына осындай мақсат қойып, талай шәкірттің шамшырағын жақты. Бүгінде салауатты ұрпақ тәрбиелеуде тынымсыз еңбек еткен ұлағатты ұстазды спортсүйер қауым жақсы біледі.
Ол 1955 жылы 18 тамызда Дәуімбай елді мекенінде дүниеге келген. Аудандағы №123, №202 мектептерінде білім алған. Жастайынан спортқа бейім Тәуірбек 8 жасынан бастап еркін күрес үйірмесіне қатысқан. Спортпен шыңдалған жас жігіт еркін күрестен жарыстарға қатысып, бірнеше рет жеңіске жетті. ҚР спорт мектептері арасында жүлделі орындарды жеңіп алып, 1973 жылы Қазақстан жасөспірімдер спорт мектептері арасында еркін күрестен ел чемпионы болды.
Ұлағатты ұстаз 1973-1975 жылдары Отан алдындағы борышын өтеді. Қайда жүрсе де спорттан қол үзбеді, Қарулы Күштер арасында еркін күрестен Орта Азиялық әскери күштер округінің жеңімпазы атанды.
Арман адамды алға жетелейді. Елге оралған соң ол білімділікті, мейірімділікті қажет ететін мұғалімдік мамандықты таңдады. Ұстаз – тұлғаны тәрбиелеп қалыптастырудың бағбаны. Жас ұрпақты арман жолына жетелейтін білімнің қия шыңына көтеріліп, жүректің батырлығын, сезімнің ақылдығын, мінездің жайлылығын, адам бойындағы асыл қасиеттердің жиынтығын қалыптастыратын ұлы қасиетке ие ұлағатты ұстаз болуды армандады. 1979 жылы Тәжікстандағы мемлекеттік дене шынықтыру институтына оқуға түсіп, түрлі жарыстарға қатысқан ол еркін күрестен ел чемпионы болды. Сөйтіп Бүкілодақтық спорт жарыстарында жамбасы жерге тимей, жүлделі орындарды иеленген жеңімпаз жігіт еркін күрестен спорт шебері атағын қорғап шықты. Тәжік мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген ол Жалағаш аудандық жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып еңбек жолын бастады. Аталған мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, әріптестері арасында құрметке бөленді.
Тәуірбек – спорттың еркін күрес түрінен жоғары дәрежелі жаттықтырушы. Оның жетекшілігімен аудан, облыс, республикалық жарыстардың жеңімпаздары, спорт шеберлері мен спорт шеберлігінен үміткер жүзден астам дәрежелі спортшы дайындалды. Қазіргі таңда шәкірттерінің көпшілігі спорт саласында қызмет етіп жүр. Солардың ішінде ел намысын қорғаған жеңімпаз палуандар С.Дүйсекенов, Қ.Өлментаев, Д.Әуесбаев, А.Сүндетбаев, М.Әлайдаров секілді шәкірттерімен мақтанады.
Ол Жалағаш аудандық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы қызметінде жүріп ауыл спортын дамытуға атсалысты. Кент орталығында, ауылдарда спорт алаңдарын, сауықтыру орындарының салынуына себепші болды, қазақша күрес, тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт ойындарын дамытуға үлес қосты. Жыл сайын аудандық «Алтын күз» спортакиадасында ұлттық спорт ойындарын, қыс маусымында балық аулау жарыстарын өткізу оның ұйымдастырушылық қабілетін, кәсіби шеберлігін көрсетсе керек.
Алматыға қоныс аударған Тәуірбек Қ.А.Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназияның дене шынықтыру пәнінің аға оқытушысы, бірлестік жетекшісі қызметін атқарды. Оқушылар тақырыпты сапалы меңгеру үшін семинарлық сабақтарды, түрлі интерактивті әдістер мен технологияларды қолданды. Сабаққа қатысушылар экран арқылы спорт түрлерінің жаттығулар көрді. Олардың әдістемелерін қолдану іскерліктерін меңгерді. Мектеп-гимназия аудандық, қалааралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетті. Мектепте спорттың он екі түрінен мектепшілік спортакиада жыл сайын өткізіліп тұрды. Сонымен қатар «Алматы қызғалдақтары», «Алтын күз», «Сымбат», «Баскетболдан директор кубогі», «Президенттік сынақ» атты спорттық іс-шаралармен бірге футбол, волейбол, стол теннисі, шахмат, дойбы, мылтық ату жарыстары өтті. Мектеп-гимназияның ұстаздары арасында үлгілі ұстаздар құрметіне спорттың 8 түрінен жарыс ұйымдастырылды. Сөйтіп білікті маман, ұлағатты ұстаз Алматы қаласы бойынша дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында әдістемелік әзірлемелер бағытында да 1 орын алды.
– Ұлттың жаны таза, санасы сау болуы тиіс. Ол үшін алдымен спортпен шұғылдану керек. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру қажет. Бұқаралық спорт дамыған жерде ел абыройы асқақтай бермек – дейді Тәуірбек Мырзаханұлы бізбен әңгімесінде.
Ол 2014 жылдан бері қоғамдық негізде «Бейбітшілік Әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің Алматы облысы бойынша өкілетті директоры болып қызмет атқарады. Білім және спорт саласындағы жеткен жетістіктері үшін Т.Алишарипов Бүкілодақтық кәсіподақтары спорт қоғамының, ҚР Ғылым министрлігінің, «Дене тәрбиесі» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, «Бейбітшілік Әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің төсбелгілерімен марапатталған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен «Құрметті спорт қызметкері», күрестен спорт шебері, ҚР білім қызметкерлерінің «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері.
Аға жаттықтырушы, ардагер ұстаз, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірген үлкен шаңырақтың тірегі десе де болады. Жұбайы Нарбу Бадашқызы – жоғары білімді инженер-технолог. Ұзақ жыл Жалағаш аудандық тұрмыстық қызмет көрсету орталығында қызмет көрсетті. Балалары да жоғары оқу орындарын тәмәмдап, өмірден өз орнын тауып, әр салада қызмет етеді. Үлкен ұлы Мақсұт – суретші әрі заңгер. Қуанышы – құқық қорғау саласында жеке сот орындаушысы. Айғанымы – мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі. Айбек Алматы қаласы әкімшілігінде қызмет атқарады. «Алма ағашынан алысқа түспейді» дегген осы шығар, сірә. Бүгінде Тәкеңнің балалары да елдің ертеңіне қажырлы еңбек етуде.
Қазіргі таңда Тәуірбек – Алматы спорт қоғамында дене мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт клубында тоғызқұмалақ, асық ату спорт түрлерінен жаттықтырушы. Өзінің ұйымдастыруымен тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды. Аға жаттықтырушының ізденісі мен еңбегі еш кетпеді. Тоғызқұмалақ үйірмесінің мүшелері, мүмкіндігі шектеулі спортшылар ҚР чемпионатына қатысып, бірнеше рет жүлдемен оралды. Солардың қатарында тоғызқұмалақ ойынынан спорт шебері Қ.Қалқаев, Г.Шайқамзинова республикалық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғап жүр.
Бір сөзбен айтқанда, құрметті спорт қызметкері Т.Алишарипов – өзінің білімімен, жұмыстағы кәсіби шеберлігімен, жақсы қасиеттерімен құрметке бөленген жан. Спорт саласында қырық жылға жуық қызмет етіп, ғұмырын спортқа арнаған ардагер жастар мен жасөспірімдерді тәрбиелеп, денсаулығын нығайтуға, бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын қалыстастыруға әлі де еңбек етуде.
Серік БЕРТАЕВ,
ардагер журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!