Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 20:54

Ардагер ұстаз

04.10.2024

1032

0

«Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген өміршең ой айтқан. Бүгінде өткенге ойлы көзбен қарасам, мектеп табалдырығында жүріп, сол кездегі оқушыларымызға өмірлік ұстаным мен адами болмыстың бағытын дәл анықтап берген екенбіз. Әрине, ұстаз әр баланың ерекшелігін зерттеп, мінезін бағамдай алмаса, оқушыны да толық танып біле алмауы анық. Ал біз оқушыларды жақсы көрдік, баламыз ретінде қарадық. Адам болудың қыр-сырын үйреттік. Отанға адал қызмет етудің маңыздылығын кең көлемде айтып, жеткілікті түсіндірдік. Бүгінде оқушыларымның бірі дәрігер, енді бірі ұстаз жолын қуған мұғалім болып, еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүр. Бұл жетістік ұстаздар аманатын арқалаған адамдық іс пен жоғары жауапкершіліктің белгісі деп білемін» деп бастады әңгімесін ардагер ұстаз Күлбағирам Тұрсынбаева.

Ардагер ұстаздың балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген. Ауылдағы азаматтар со­ғысқа аттанған сәтте Күлбағирам әже бала болса да, еңбекке араласып, тыл игерген. Иә, сонау қиын-қыстау заманда ерте есейген ардагер ұстаздың кейінгі жастарға өмірлік, тәлім-тәрбиелік құн­ды­лықтарды берері көп болды.

«Өмір – таусылмайтын күрес» де­мекші, әжеміздің бейнеттің ащы дә­мін татып, тынбай еңбектеніп келе жат­қан жанның бірі екенін әңгімесінен бай­қа­дық. Әжеміз айтқан бұл де­ректер біз үшін ертегі секілді, бірақ со­ны­сымен қы­зықты еді. Алайда кейіпкеріміз ба­лалық шағының алаңсыз күн­­дерін ұр­лаған сұм соғысты есіне де ал­ғысы келмейді.

– Соғысқа әкем Мұхтар Тұрсын­баевты және қатарлас ауылдың аза­маттарын алып кетті. Ауылда бас көте­ретін еш­кім жоқ, ылғи кемпір-шалдар, қыз-ке­ліншектер мен бала-шаға қалған. Мен соғыс басталған жылдары 5-6 жас­та едім. Ол кезде ауыл халқы тары мен мақсары егеді. Біз таң атқаннан кеш батқанға дейін сол алқаптың басын­да­мыз. Кішкентай болсақ та өгізге, атқа арба жегіп, алқапқа дәнді дақылдарды егуге жәрдем бердік. Күздің кезінде шық­қан өнімнің бір түйірін шашпай теріп, майданға жөнелтіп отырдық. Оны­мен қоса әжелер балаларына жүн­нен киім тоқып, үйіндегі азық-түліктерін май­данға жөнелтетін еді. Қолым босай қалса, алқап басына алып барған кіта­бымды оқи жөнелемін. Осылайша қара жұмыспен қатар кітап оқуды әдетке айналдырдым, – дейді ардагер ұстаз.

Қаншама қиын күндерді артқа тас­тап, 1945 жылы қасіретті соғыс та аяқталды. Күлбағирам әжеміздің әкесі соғысқа 1942 жылы аттанып, 1946 жылы елге оралған. Әжеміз сол кезде небәрі 2-3 сыныпта оқиды екен. Тылда ең­бектеніп жүріп, әжеміз бос уа­қытында қиын математикалық есеп­терді шы­ға­румен әуестенген.

Алғыр­лы­ғының арқасында мек­тепті үздік ба­ғамен бітірген. Сөйтіп соғыстан кейін­гі жылдары жоғары білім алып, мектепке жұмысқа орналасып, ауданда білім саласының дамуына үлес қоса­ды.

Кейіпкеріміз Темірбек Жүргенов атын­­­­да­ғы дарынды балалар мекте­бінде 40 жыл­­дан астам ұстаздық етіп, мықты тұл­­ғаларды тәрбиелеген. Нақ­тырақ айт­сақ, ардагер ұстаз оқу­шы­ларға фи­зи­ка және математика пәндерінен са­бақ берген.

Оқушылары мен балаларының ұлтқа қызмет етудегі адалдық пен әділдік, елшіл, қоғамшыл һәм отаншылдықты бойына сіңірген әже адал жолдасы Тоқшылық Үйсінбайұлымен үлгілі от­басын құрып, 10 бала тәрбиелеп өсір­ген. Бүгінде әжеміз 30-дан астам не­мере-шөбере сүйіп отыр.
Көпжылдық еңбегі еленген ардагер ұстаз Күлбағирам әженің шаңырағына қарттар күні қарсаңында аудан әкімі Ардақ Ибраимов барып, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.

Ардагер ұстаздың үнемі шәкірт­те­ріне адал еңбекпен қатар адам ба­ласына қиянат жасамауды асыл мұрат етіп, осы қасиеттерді іспен көр­сете біл­ген жан екенін ел біледі. Әжемізден бі­лім алған азаматтардың бала көңі­лінде Күлбағирам ұстаздың болмысы пейілі кең, көңілі қазақтың даласындай дар­хан, дос­тыққа адал, ұрпақтарына мейір­бан, өлімнен ұятты жоғары қойған, шәкірт­терінің мерейін өсіруге барын салып, әл­пештеген әрі өмірдің күйбең тірлігі емес, ағайынның бірлігін ойлаған аза­мат ретінде сақталған. Мұғалім мек­теп­тің жүрегі, жас ұрпақтың алтын ор­дасы екенінің мыңнан бір мысалы осы болса керек.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: