Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Жұма, 18 қазан, 15:21

Дауыс берушілердің 63,87 пайызы референдумға қатысты

07.10.2024

181

0

Қазақстанда атом электр стансасы құрылысын дауысқа салған жалпы­ұлттық референдум аяқталды. 7 820 918 азамат дауыс берді. Сарапшылардың айтуынша, бұл – жоғары көрсеткіш. Тұрғындар елдегі мәселелерге бейжай қарамай, жауапкершілікпен белсенділік танытты.

7.00 – АЭС салу мәселесі жөніне жал­пыұлттық референдум бас­тал­ды. Атырау, Ақтөбе секілді облыс­тардың кейбір аймақтарында, атап айтсақ, вахталық әдіспен жұмыс істейтін өндірістік орындардың қыз­мет­керлері 6.00-ден бастап да­уыс берді.

Орталық референдум комиссия­сы күні бойы екі сағат сайын брифинг өткізіп, халықтың дауыс беру қарқынын хабарлап отырды. Мәсе­лен, ОРК төрағасының орынбасары Константин Петров Орталық референдум комиссиясы облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қала­ларының комиссиялары ұсын­ған ақпаратқа сәйкес сағат 7.00-де өңірлерде 10 249 учаске дауыс беруге кіріскенін мәлімдеді.

– 84 учаскеде аумақтық комис­сиялардың шешімдеріне сәйкес да­уыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды. Азаматтардың тізімдерінде 12 244 683 адам бар. Елде барлығы 10 323 референдум учаскесі бар. Оның ішінде шетелде 47 учаске жұмыс істеді, – деді К.Петров.

10.00 – Барлық өңірде 2 178 593 азамат дауыс берді. Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның мәліметіне сәйкес бұл көрсеткіш тізімге енген азаматтардың 17,79%-ын құрады. Таңғы уақытта да­уыс бергендер арасында Қарағанды облысының халқы белсенділік танытты. Сағат 7.00–10.00 аралығында қарағандылықтардың 30,63%-ы да­уыс берді. Одан кейін Астана қаласы – 24,8%, Қызылорда облысы – 20,91%, Ақтөбе облысы 19,21%-бен көш басында болды. Алматы облысы 16,31%-бен орташа көрсеткішке ие болса, Алматы қаласы тұрғындарының белсенділігі (8,66%) төмен болды.

12.00 – Шымкент қаласы алға шықты. ОРК мүшесі Шафхат Өтемісов 4 804 102 азамат дауыс бергенін мәлімдеді, бұл – жалпы референдумға қатысушы халықтың 39,23%-ын құрады. Осы уақытта Шымкент қаласы тұрғындарының жартысынан көбі (57,03%) да­уыс беріп, конституциялық құқын орындап келді. Ал Алматы қала­сы­ның көрсеткіші екі пайызға ғана көтеріліп, 11,88%-ды құрады. Елорда халқы 41,93%-ға жетті. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Түркістан, Ұлытау облыстарының да белсенділік көрсеткіші 40%-дан, ал Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінің көрсеткіші 30%-дан асты.

Сондай-ақ түске дейін азамат­тар­дың уақытша болатын жерлеріндегі 358 учаскеде дауыс беру аяқталды.

14.00 – Референдум өткізілген деп саналады. Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина 14.00-дегі жағдай бойынша 6 339 425 азамат бюллетень алып, 51,77%-ға жеткенін хабарлады.

– «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабы 2-тармағына сәйкес, егер референдумға қатысу құқы бар аза­маттардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналатынын атап өткен жөн, – деді комиссия мүшесі С.Мұстафина.

16.00 – Қызылордалықтар күш ала бастады. Еске салсақ, жалпы референдумға қатысуға 12 244 883 адамның құқы бар. Ал сағат 16.00-де ­7 млн-нан аса адам дауыс берді. Орта­лық референдум комиссиясы­ның мүшесі Анастасия Щегорцова: «7 062 358 азамат бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 57,68 пайызын құрады», деп мәлімдеді.

Бұл уақытта да облыс халқының белсенділігі жоғары болды. Қызыл­орда облысы бойынша – 76,15%, Ақтө­бе облысы – 68,41%, Қостанай облысы – 67,57%, Алматы облысы – 64,09%, Батыс Қазақстан облысы – 60,82%, Атырау облысы 56,61%-ды көрсетті.

Ал басты екі мегаполисте тұр­ғын­дардың қатысуы төмендеп, Астана қаласында – 46,3%, Алматы қаласында 20,57% көрсеткіш тіркелді. Шымкент халқының 66,48%-ы дауыс берді.

Сондай-ақ А.Щегорцова Астана уақыты бойынша сағат 16.00-де Ва­шинг­тон, Нью-Йорк, Оттава қала­ла­рында референдум учаскелері ашылып, жұмысын бастағанын айтып өтті.

18:00 – Жағдай аса қатты өзгере қойған жоқ. Ел бойынша дауыс берушілер саны шамамен 4 пайызға ғана көтерілді, 7 537 675 адамға жетіп 61,56%-ды құрады.

20.00 – Дауыс беру аяқталып, референдум учаскелері жұмысын тоқ­татты. АЭС бойынша республикалық рефе­рендумға 7,8 млн адам қатыс­ты. Орталық референдум комис­сия­сының хатшысы Мұхтар Ерман дауыс­ беру қорытындысын жариялап, 7 820 918 азамат таңдау жасағанын мәлімдеді. Осылайша, халықтың 63,87%-ы дауыс берді. Атап айтсақ, Абай облысы – 69,57%, Ақмола – 71,63%, Ақтөбе – 75,11%, Алматы – 68,71%, Атырау – 63,28%, Батыс Қазақстан – 67,03%, Жамбыл – 61,28%, Жетісу – 68,01%, Қарағанды – 72,12%, Қостанай – 73,45%, Қызылорда – 82,48%, Маңғыстау – 54,03%, Павлодар – 65,09%, Солтүстік Қазақстан – 66,31%, Түркістан – 75,31%, Ұлытау – 70,69%, Шығыс Қазақстан облыс­тары – 73,79%, Астана қаласы – 50,81%, Алматы қаласы – 25,39%, Шымкент қаласы 70,57%-ды құрады.

– Еліміздегі барлық референдум­ учаскесінде дауыс беру 20.00-де аяқ­талды. Учаскелік комиссия дауыс­тарды санауға кірісті. Қол­даныс­тағы заңнамаға сәйкес референдум учас­келеріндегі дауыс­тарды санау уақыты дауыстарды санау басталған сәттен 12 сағаттан аспауға тиіс. Аумақ­тық комиссиялар бүгін таңертең Орталық референдум комиссиясын байланыстың электронды арналары арқылы дауыс берудің алдын ала қорытындысы мен санақ нәтижесін хабарлайды, – деді Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары К.Петров.

Шетелдегі отандастардың белсенділігі

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Орталық рефе­рендум комиссиясында шетелдегі отандастар референдумға белсен­ді қатысқанын айтты.

– Азаматтарымыздың консти­ту­ция­лық құқықтарын қамтамасыз етуге Қа­зақ­­станның шетелдер­дегі меке­ме­лері жа­нынан 59 мемлекетте 74 учаскелік референдум комиссиясы құрылды. Дауыс беретін сайлаушылардың жалпы саны – ­12 307 құрады. Жалпы, шетелдегі аза­мат­­тарымыздың дауыс беру қарқыны жо­ғары болғанын ерекше атап өткім келеді. Мәселен, сағат 8.15-тегі жағдай бойынша шетелде 26 учаскелік референдум комиссиясы жұмысын бастап кетті, – деді СІМ өкілі.

Вице-министр шетелдегі референдум учаскелерінің ең соңғысы АҚШ-тың Сан-Франциско қала­сында ашылғанын айтты. Қазақстан мен АҚШ арасындағы уақыт айыр­машылығына байланысты Астана уақытымен сағат 16.00-де Вашингтон, Нью-Йорк, Оттава қалаларындағы, сағат 20.00-де Сан Франциско қаласындағы референдум учаскелері жұмысын бастаған.

Ал Жапониядағы №393 учаске жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де бірін­ші болып ашылды. Сондай-ақ Корея Республикасындағы Қазақ­стан азаматтары референдумда өзде­рі­нің конституциялық құқығын алғаш­қылардың бірі болып жүзеге асырды.

Сеулдегі №390 учас­кеде алғашқы болып халық­аралық ұйым қызметкері Камила Маутова дауыс берді.

– Бұл шешімнің еліміздің бола­­шағы үшін маңызы зор. Ал рефе­рендум – қоғамның көз­қарас­ын ескеру, шешім қабыл­дау­да ашықтықты қам­­­та­масыз ету мүм­кіндігі. Үкімет әр­кі­м­­­нің пікірін тыңдауға тырысады және біз, азаматтар үшін бұл үдеріске бел­­сенді қатысу өте маңызды, – деді К.Маутова.

Ол шетелде тұратын қазақ азаматтары біздің дипломатиялық өкіл­діктердің күш-жігері арқылы рефе­рендумға қатысу мүмкіндігіне ие болғанын айтты.

– Бұл еліміздің болашағы үшін маңызды шешім қабылдаудың ұжым­дық мүмкіндігі және эконо­мика­лық дамуға жол ашады деп ойлаймын, – деді дауыс беруші.

Шетелдегі барлық референдум учас­кесі Қазақстанның дипло­ма­тия­лық өкілдіктері аумақтарында ұйым­дас­тырылды.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Түркияда дауыс бергендердің басым бөлігі студент­тер болды. Қазақстанның Ыстан­бұлдағы бас консулдығына қарас­ты провинция­ларда білім алып жүрген студенттер референдумға келіп, азаматтық ұста­ным­дарын білдірді. Олар да­уыс беруге 40-тан аса университеттен келген. Сон­­дай-ақ Измир, Сакария, Бартын, Бурса, Коджаелі, басқа да провин­ция­ларда тұратын азаматтар бар.

Сонымен қатар Қазақстан азамат­тары Анкарада референдумға бел­сенді қатысты. Қазақстанның Анкара­дағы елшілігіне қарасты 20-дан аса про­винциядан, соның ішін­де Кара­бүк, Сивас, Самсун, Ескі­шехир, Кония, Кайсери, Күтахья, Афьон, Ушактан келген азаматтар АЭС-ке байланысты өз таңдауын жасады.

Қазақстанда атом электр стансасын салуға қатысты жалпыхалықтық референдум өтетін күні Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде орналасқан №397 учаске де жергілікті уақытпен сағат 07.00-де (Астана уақы­тымен сағат 9.00-да) жұмысын бастады. Дауыс беру учаскесінің мүше­лері мен Қазақстан дипломаттары дауыс беру учаскесін салтанатты түрде ашып, елдің Әнұранын орындады.

Жалпы, Қазақ­станның Ресейдегі елшілігінде, сондай-ақ Санкт-Петербор, Қазан, Омбы, Астрахан қалаларындағы бас консулдықтарында дауыс беру учас­­келері ашылды. Дауыс беру учас­ке­лері сағат 07.00-ден бас­тап жұмыс істеп, дауыс беру Мәскеу уақытымен 20.00-де аяқталды. Дауыс беруге кел­ген Қазақстанның әрбір азаматы төлқұжат немесе жеке куәлік­пен дауыс беру учаскелеріне кіріп, консти­туциялық құқығын орындады. Мәселен, ондағы №397 учас­кеде Қазақстанның барлық жастағы және кәсіптегі азаматтары, соның ішінде Ресейде уақытша тұратын, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялардың қазақстандық өкілдіктерінің қызметкерлері, Мәскеу ЖОО студенттері мен Қазақстан Қор­ғаныс министрлігінің курсанттары, сондай-ақ референдум күні Мәскеу қала­сында болатын басқа да санаттағы тұлға­лар дауыс берді.

Ал Өзбекстанға халықаралық турнирге келген гандболшылар Ташкент қаласындағы №399 учаскеде да­уыс бер­ді. Елшілікке келген Астана қала­­сының әйелдер құрамасының 18 жастағы спорт­шысы Жәмила Сәр­сен­­бекова алғаш рет дауыс берді.

– Мұндай саяси іс-шараға бірінші рет қатысып, дауыс бердім. Ташкентке жа­рысқа келген едік. Қуанып тұрмын, бар­лық халыққа және референдум жұ­мы­сына сәттілік тілеймін, – деді спортшы.

Өзбекстан кубогіне қатысуға Қазақстаннан 13 адам келген. Олар­дың барлығы дауыс беріп, референ­думға үлесін қосқан.

Сондай-ақ СІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, Душанбедегі әлем чемпионатына келген дзюдодан Қазақстан құрамасы Қазақстанның елшілігінде дауыс берген.

Қазақстанның Бельгиядағы елші­лі­гінің ғимаратында орналасқан №373 учаске де жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де жұмысын бастады. Мұндағы учаске Бельгия астанасынан 200 шақырым жерде орналасқан Люксембургте тұрақтанған Қазақстан азаматтарына да қызмет көрсетті. Олар арнайы дауыс беруге Брюссельге келді. Ондағы тізімде 200-ге жуық адам бар: дипломаттар, олардың отбасы мүшелері, Бельгияның жоғары оқу орындарында оқитын студенттер және жергілікті компанияларда жұмыс істейтін азаматтар.

Сондай-ақ референдум жұмысы Болгария, Грекия, Латвия, Литва, Румыния, Финляндия, Эстония, Аустрия, Бельгия, Германия, Испания, Италия, Мажарстан, Нидерланд, Норвегия, Польша, Словакия, Франция, Хорватия, Чехия, Швейцария, Швеция мен Ұлыбританияда өтті. Сонымен қатар Оңтүстік Африка, Эфиопия, Мысыр, Иордания, Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейтті қоса алғанда, Таяу Шығыс пен Африка елдерінде тұратын ел азаматтары дауыс берді.

СІМ баспасөз қызметі хабар­ла­ғандай, Астана уақытымен кеш­кі сағат 17.00-де Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Сингапур, Малай­зия, Моңғолия, Вьетнам, Индонезия мен Таиландта шетелдік референдум учаскелері өз жұмысын аяқтады.

Осылайша, сағат 19.00-де Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко шетелде 13 референдум учаскесінің есігі жабылғанын мәлімдеп, 7 358 адамның дауыс бергенін айтты.

– Астанада халықаралық байқау­шыларға қолғабыс көрсету орта­лы­ғында ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы және АӨСШК сияқты халық­аралық ұйымдар байқаушыларының қатысуымен бірқатар брифинг өтті. Миссия басшылары мәлімдеген­дей, республикалық референдум Қазақстанның қолданыстағы заңна­масына және халықаралық міндет­темелеріне сәйкес өтті. Олардың пікірінше, референдум ашық, еркін әрі заңды саналады, учаскелерде бірде-бір заң бұзушылық анық­талған жоқ. Сонымен қатар халық­­аралық байқаушылар дауыс берушілердің жоғары бел­сенділігін ерекше атап өтті. Референдумда 200-ден аса шетелдік журналист ақпарат таратты, – деді Р.Василенко. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: