Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жексенбі, 24 қараша, 07:22

Көңілден шыққан жәрмеңке

15.10.2024

1756

0

Ауылдың қырманы толатын, берекелі де мерекелі алтын күз де келіп жетті. Күз – молшылықтың, байлықтың, берекенің мезгілі. Сыр салысынан бөлек бау-бақшамызда әбден пісіп-жетілген көкөністер мен жемістер, майлы ет пен балығымыз әр отбасының дастарханынан орын алып, Жер-ананың ризығына шүкір етеміз.

Жаз бойы бау-бақшасының маңын­да болып, оны күтіп-баптауға бар күш-жігерін жұмсаған ақжүректі, кең пейіл­ді Сыр шаруалары облыс орта­лығына арнайы барып, өнімдерін халықпен бөлісті. «Алтын күз – 2024» дәстүрлі ме­рекеде арнайы дайындалған сө­ре­лер лық толды. Әдеттегідей та­биғи азық-түлік пен ет, балық өнім­дері және көкөністер мен жемістер са­ты­лымға шығарылды. Бұл жолы қала тұр­­­­­ғындарын сапалы өніммен қатар жайлы баға да қуантты. Жәрмеңкеде төбе көрсеткен шаруалардың барлығы нарықтан 25-30 пайыз төмен бағамен қы­зылордалықтарға сапалы өнімдерін өткізуге тырысты.
Биыл Сыр шаруалары 189 400 гек­тар жерге егін екті, нәтижесінде 85 600 гектар күріштен 58 центнерден өнім алып, жарты миллион тоннаға жуық Сыр маржанын жинаған. Бүгінде күріштен басқа да дәнді дақылдардан 18,5 мың тонна, майлы дақылдардан 4,9 мың тонна, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінен 352,7 мың тонна, мал азықтық дақылдардан 327 мың тонна өнім қамбаға құйылған.
Қала күніне орайластырылған ау­қым­ды іс-шарада Сыр диқандарының 1000 тоннадан астам өнімі саудаға шығарылды. Атап айтқанда, 200 тон­надан астам күріш, 25 тонна ет және 40 тоннадай балық өнімдері, 200 тонна картоп, 70 тонна сәбіз, 120 тонна пияз, 150 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 250 тонна бақша өнімдері, 10 тоннадай сүт өнімдері, 10 тоннаға жуық кондитер өнімдері, 200 бас тоқты және 40 тонна жем-шөп жеткізілген.
– Жәрмеңке маған ұнап жатыр. Үйімнің жанында, алыс емес. Баға ар­зан, күріш, ұн, ет және балық өнімдерін сатып алдым. Осындай жәрмеңке жиі ұйымдастырылса деймін. Халыққа жақ­сы ғой, бағалары қалтаға қонымды, картоп, сәбіз, пияз барлық жерде қым­бат екені рас. Ал жәрмеңкеден оң­тай­лы бағада сатып аласың. Ұйым­дас­тырушыларға, кәсіпкерлерге ризамыз, халық қуана келіп жатыр, – дейді қала тұрғыны Төлеш Жанаева.
Әрине, жалағаштық шаруалар да жәр­меңкеде өз өнімдерін сөрелерге қойып, қала тұрғындарын барынша қуант­ты. Олай болатыны да заңдылық, өйт­кені күз келсе, қызылордалықтар Жа­лағаштың күрішін, Жаңадарияның қауын-қарбызын, Мақпалкөлдің ал­ма­сын асыға күтеді.
– Жәрмеңкеде ауданнан 60 авто­көлікпен өнім әкелініп, жалпы құны 46 млн 850 мың теңгенің азық-түлігі са­тылымға шығарылды. Іс-шара бары­сын­да 200,9 тонна ауыл шаруашылығы өнім­дері және мал азықтық жем-шөп­тен 6,5 тонна қала тұрғындарына ұсы­ныл­ды. Айта кету қажет, жәрмеңке қар­саңында өнімдердің бағасы нарықтан 20-30 пайызға төмен болды. Жыл соңына дейін Жалағаш ауданы қала тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында қараша-желтоқсан айларында 3 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыру жоспарлауда. Алдағы уақытта да қажеттілік тудыратын азық-түлік өнімдері жәрмеңке барысында халыққа қолайлы бағада ұсынылатын болады, – дейді аудан әкімінің орын­басары Әліби Байнахатов.
Жәрмеңкеде жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, балаларға арналған ойын­дар ұйымдастырылып, келушілерге кө­теріңкі көңіл-күй сыйлады. Бір сөзбен айтқанда, қызылордалықтар жәр­мең­кені тек сауда-саттық мақсатта ғана емес, бір-бірімен қал-жағдай сұрасып, той іспетті өткізді.
– Мен Жаңадария ауылының тұр­ғынымын. Өздеріңіз де байқап тұрған шығарсыздар, Жаңадария десе, ха­лықтың есіне бірінші қауын мен қарбыз түсетіні бар. Жаз бойы ауыл ма­ңында қауын-қарбыз ектім, бүгін сол өнімдерді халық алдына әкеліп отырмын. Шүкір, сауда бар, өнімге сұраныс жоғары. Ең бастысы, қауын-қарбызым тұты­ну­шыларға ұнап жатыр. Әрине, маң­дай термен, ешқандай қоспасыз егіл­ген өнімнің тәтті болары анық. Жа­сы­ратыны жоқ, биыл шаруалар үшін қиындау болды, өйткені аптап ыстықта аяқ су тапшылығына тап болдық. Десе де қиындыққа берілмедік, Жер ана да бізді ренжітпей, осындай керемет өнімін берді. Міне, енді сол қауын-қарбызды сіздермен бөлісуге келіп қалдық, – дейді шаруа адамы Ғалымжан Құрақбаев.
Жалпы жәрмеңкені ұйымдастырудың мақсаты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұ­рақ­тандырып, ауыл шаруашылығы өнім­­­­дерін өндірушілерден тікелей тұты­ну­­­шыларға жеткізу болып табылады. Бас­тысы, шаруалар мен тұты­нушы­лар­дың көңі­лінен шығып жатыр.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: