Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Жұма, 18 қазан, 15:20

Бала барысы

15.10.2024

245

0

Жасөпірімдер арасында ұлттық спортымызды насихаттап, жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында биыл Қызылорда қаласында үшінші рет 2009-2010 жылғы жасөспірімдер арасында «Бала барысы» өтті. Балуандар бәсекесінде топ жарып, күміс жүлде иегері атанған Әлинұр Сәрсенбай – №13 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіндегі дзюдо үйірмесінің мүшесі.

Иә, мұндағы дзюдошылар бүгінде еліміздің үздіктер қатарында. Олардың байрақты бәсекелерде жеткен жетістіктері туралы газетіміздің алдыңғы сандарында бірнеше мәрте қалам тербеген болатынбыз. Бүгінгі кейіпкеріміз Әлинұр Сәрсенбай талай спортшыны шың­даған қарашаңыраққа 10 жасында келген.
– Әкем бала күнінде қазақша күреске қатысқан. Кейін басқа саланы таңдап, спорттан біржола қол үзген. Ал мен спорттық шежіремді 10 жасымда бастап, Өмірбек Кәлменов, Жайдар Есенов сынды бапкерлерден тәлім алып келемін. Шынымды айтсам, дзюдо үйірмесіне ең алдымен достарым қатысты. Олардың спорт саласында жеткен жетістіктерін көріп, менің де қызығушылығым артты. Қазір мен де үзбей дзюдо үйірмесіне қатысып келемін, – дейді жас спортшы.
Бастапқыда жәй ғана достарының шақыртуымен келген Әлинұр уақыт өте аптаның алты күнінде де жаттығу залынан шықпай, спортқа әбден ден қойған. Нә­ти­жесінде байрақты бәсекелерде топ жарған ол – бүгінде қа­зақша күрес пен дзюдо күресінен спорт шеберіне үміткер.
Өткен аптада облыс аумағынан 32 жасөспірім қа­тысқан жас палуандар додасында спортшылар қарсы­ластарын «соқыр» жеребе арқылы анықтады.
– Жарыста жеңіске бір табан жақын болдым. Алайда жартылай финалда жеңісті қолдан жіберіп алуы­ма қарсыласымның салмағының көптігі сеп болды. Одан бөлек ол бұған дейін де қатарынан екі рет жеңім­паз атанған, яғни маған қарағанда тәжірибесі мол. Ал биыл қарсыласым үш дүркін «Бала барысы» атанып, маған күміс жүлде бұйырды. Бұл жеңістің артында бап­керлеріммен күндіз-түні үздіксіз бір жарым ай дайындалған еңбегіміз жатыр. Дәл осы байрақты бәсекеде алдынғы екі жылда жүлдесіз қайтқан болатынмын, – дейді Әлинұр Сәрсенбай.
Айта кетейік, жыл басында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мықты спортшылар Атырау облысы, Құлсары қаласында 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында «KULSARY JUDO OPEN CUP – 2024» рес­пуб­ликалық турнирінде жүздескен болатын. Аудан абы­ройын арқалап барған 20 спортшының 8-і жүлдемен оралды. Соның бірі – Әлинұр Сәрсенбай. Ол бұл дода да қарсыластарымен 60 келі салмақта белдесіп, үздік үштікті түйіндеген.
– Әлинұр мектебіміздегі болашағынан зор үміт күт­тіретін спортшыларымыздың бірі. Ол осы уақытқа дейін өзінің мықтылығын бірнеше рет дәлелдеді. Алдағы уақытта да жеңісті жолын жалғап, аудан абыройын асқақтата береді деп сенеміз. Ол қазіргі таңда Мөрәлі Шәменовты еске алуға арналған республикалық турнир мен ҚР чемпионатына іріктеуге дайындық үстінде. Спорт­шымыз бұл іріктеуден сүрінбей өтіп, чемпионатта топ жару үшін аянып қалмайды деп ойлаймыз, – дейді бапкері Өмірбек Кәлменов.
Қазіргі таңда білім ошағында 9-шы сынып оқитын спортшымыз болашақ мамандығын спорт саласымен байланыстырады. Ол өзінің жаттықтырушылары секілді білек пен біліктілікті бір арнаға тоғыстырып, жасөс­пірімдерді жеңіске жетелеуден жалықпайтын маман болуды көздейді.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: