Қазіргі таңда әсіресе Сыр еліндегі кәсіпкерлердің күріш егуге деген ынта-ықыласы ерекше. Себебі Сыр салысын баптап, мол өнім алу үшін аймақта барлық жағдай жасалған. Дақылға керек дария суы да өңір үстімен ағып жатыр. Алайда соңғы жылдары Сырдария өзенінің су деңгейі күрт төмендеп, шаруаларға қиындық тудырғаны рас. Еңбек еткеннің көсегесі көтерілетінін жақсы түсінетін сырбойылық диқандар су үнемдеу техникаларын меңгеріп, түрлі тәсілдерді қолдануда.
Күріш алқабы 2,2 мың гектарға қысқарған
Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 1,9 млн гектарды құрайды. Олардың ішінде 1 млн гектар жер үстімен су жіберу тәсілі арқылы суарылады, 98 мың гектар күріш алқабын суландыру арқылы, ал 397,3 мың гектарында заманауи суару технологиялары қолданылған.
Аяқ суды үнемдеу аясында Үкімет суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы егін алқаптарын әртараптандыру бағдарламасын іске асыруда. Осы орайда 2026 жылға дейін күріш алқаптарын 14,1 мың гектарға қысқарту жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда күріш алқабы 2,2 мың гектарға қысқарып, 98,1 мың гектарға дейін жеткен.
Иә, су үнемдеу технологияларын енгізу ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда күріштің өнімділігі 8 центнерге, қант қызылшасы 109 центнерге, картоп 51,5 центнерге және көкөністер 26,5 центнерге артқан. Сондай-ақ биыл су үнемдеу тәсілдерін қолданған суармалы жерлердің аумағы 85,1 мың гектарға ұлғайса, 57,6 мың гектар жер лазерлі құрылғымен тегістелген.
Сонымен қатар тамшылатып суару және жаңбырлату әдістерін қолданғанда өнімділік 30 пайызға жоғары болады. Осы орайда елде су үнемдеу технологияларымен суармалы жерлерді кеңейту жұмысы қолға алынған. Биыл мұндай жер көлемі 462 мың гектарды құраса, 2026 жылға қарай 762,2 мың гектарға жеткізілмек. Осы мақсатта Үкімет қажетті мемлекеттік және қаржылық қолдау көрсетуде.
Соңғы екі жылда инвестициялық субсидия аясында 594 жоба 33 млрд теңгеге қаржыландырылған. Мұнан бөлек барлық облыста сенімді агент арқылы агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды несиелендіру бағдарламасы іске асырыла бастады.
Аймақта 3 ірі жоба
іске асуда
Мысалы, түріктің «AKPLAS» компаниясы ирригациялық жүйелерді «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, Сыр елінде ирригациялық жүйелерді өндіру жөніндегі жобаны іске асыруға ниет білдіріп отыр. Өндірісті іске қосудың жоспарланған мерзімі – 2025 жылдың үшінші тоқсаны. Шетелдік және қазақстандық компаниялардың күш-жігерін ұштастыру су үнемдеу секторын тұрақты дамыту үшін берік негіз құруға мүмкіндік бермек.
Мемлекет басшысының су үнемдеу туралы тапсырмасына сәйкес аймақта су көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, үнемдеу технологиясы енгізілген. Биыл жаңа технологияларды пайдалану көлемі 4 400 гектарға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе артық. Бүгінде Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 3 ірі жоба іске асуда.
Жалағашта жаңа
технология
Айта кетейік, биыл егінді сумен қамтамасыз ету үшін ауданға қажетті су көлемі 820 млн текше метрді құраған. Оның ішінде егінге 664 млн текше метр, экологиялық қажеттілікке 156 млн текше метр қажет болды. Вегетациялық кезеңде қажетті су көлемі ауыл шаруашылығы құрылымдарына уақытылы жеткізілген. Алайда аудандағы бірқатар шаруа қожалықтың «Жалағашсушар» өндірістік учаскесіне су жеткізіп беру қызметіне қарызы 305,9 млн теңгені құрап, төленуге тиісті қаржының 42,8 пайызы өтелмеген.
Қуантарлығы, аудан шаруалары су үнемдеу технологияларын меңгеріп, егін егуде тиімді пайдалануда. Мәселен, Әліби Бекжанов басқаратын «Ер-Әлі» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері күріш алқабына суды үнемдеудің жаңа технологиясын қолдануда. Бұл – Қызылорда облысындағы бірінші автоматтандырылған тоспа. Жаңа құрылғы әр литр сайын өтетін судың мөлшерін есептеп, автономды түрде күн сәулесінен қуат алатын батареялармен жұмыс істейді. Сол арқылы шаруа қожалық алғашқы жылдары 19-20 мың куб су үнемдеген.
Сонымен қатар су шығынын азайтуда егістік жерді лазерлік тегістеудің маңызы зор. Сондықтан диқандардың лазерлік жер тегістеу әдісін пайдаланып, су үнемдеуді қолға алуына тура келген. Қазір дән себердің алдында лазерлік жер тегістеу тәсілі міндетті түрде қолданылады. Сондай-ақ күріш дәнін топыраққа дискілеп енгізу арқылы егіледі. Бұл әдіс жерді тегістеуге, суды үнемдеуге, мол әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тыңайтқыш пен тұқымды үнемдеп егуге де үлкен септігін тигізеді.
Осындай жаңа технологиялардың нәтижесінде шаруашылық биыл 101 центнерден рекордтық өнім алған. Сондай-ақ «Ер-Әлі» шаруа қожалығы Аққырды өндіріске қосып, ауыл халқына жұмыс берді. Енді аққырлықтар бұрынғыдай тек мал шаруашылығымен емес, егін де егеді. Нақтырақ айтсақ, биыл аққырлықтар 123 гектар жерді өңдеп, 8 шақырым аумаққа электр тартып, күріш еккен болатын. Суды үнемдеу әрі тың тәсіл ретінде Мақпалкөл ауылының күріштігінен шыққан суды кәдеге жаратқан. Міне, су үнемдеудің аудандағы жай-күйі осындай.
Расында сырбойылықтар суды үнемдеуде мақсатты еңбек етуде. Соның бір дәлелі, кешегі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов қызылордалықтардың осы тұрғыда тәжірибесін басқа өңірлерге үлгі етті.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!