Биыл ауданда 358-ге жуық жеткіншек білім ошағын тәмамдап, үлкен өмірге қанат қақты. Олардың 323-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 11 жыл бойы «инемен құдық қазғандай» жинаған білімдерін сарапқа салуда. Десек те, мектеп бітірген әр түлектің алдында тағы бір маңызды қадам күтіп тұр. Ол – мамандық таңдау.
Өскенде кім болғың келеді? Бұл – үлкендердің мектеп табалдырығын аттаған балаларға жиі қоятын басты сұрақтарының бірі. «Мен дәрігер болып адамдарды емдегім келеді» десе, енді бірі «Сіз секілді ұстаз боламын» деп жатса, ал ер балалардың көпшілігі «Ұшқыш боламын» деп армандайтын. Әрине кәсіби болашағыңды дұрыс таңдау адамның материалдық табысқа жетуіне, қоғамдағы өз орнын табуына әсер ететін маңызды шешімдердің бірі болып табылады.
Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас түлектің алдында мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Қазіргі кезде мамандықтың да түрі өте көп, бірақ таңдау жасау оңай дүние емес. Әр мамандықтың өзіне тән ерекшеліктері, кәсіби қыр-сыры мен қиындықтары болады. Кез келгеніне икемділік пен білім қажет, яғни жай күнкөріс, тамақ табудың жолы ғана емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе.
Кейбір жастар мамандық таңдауда өзі қызықпайтын мамандықты таңдап, жиі қателесіп жатады. Себебі бірі ҰБТ-дан жинаған ұпайына, бірі бөлінген мемлекеттік грант санына қарап әлек болады. Кейбірі «заңгер немесе қаржыгер болсам, ақшаны күреп табам» деген арзан пікірге иланып жатады. Оған қоса «Балам әйтеуір оқып, қолына дипломын алса болды, ары қарай көрерміз» деп баласының ертеңіне жеңіл қарайтын ата-аналар да бар. Осыдан өз мамандығына қанағаттанбаушылық, реніш сезімдері туындап, қоғамда өзінің айналысатын кәсібін таба алмай жататын жайттар орын алады.
XXI ғасыр жаңа технологиялар ғасыры болғандықтан, әлем тез дамып келеді. Күннен-күнге жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Соның көбі біздің қоғамға бейтаныс. Ал керісінше елімізде заңгер, қаржыгер, журналист, мұғалім сынды мамандықтар таңсық емес. Сарапшы мамандардың пікірінше, елімізге бүгінгі күнде маркетолог, web-дизайнер, химик, биотехнолог, ақпараттық технолог, өндірісті автоматтандыру, «ақылды қала» құрылысшысы, графикалық және мультимедиялық дизайнерлер, ауыр өнеркәсіп саласы мамандары жетіспейді. Ал астрофизик, астроном сынды ғарыш саласы мамандары мен инженер-механик, картогроф, геодезист, эколог мамандарына еліміз аса зәру.
Төрткүл дүние техникаға телмірген заманда аталған мамандықтарды таңдаушылар қатары жоқтың қасы, ал қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Осыған дәлелді кешегі әлемді жаулаған пандемия анық көрсеткен секілді. Себебі мемлекеттің қай саласы болсын, ақпараттық-техникалық ресурсқа тәуелді екенін ашық білдірді.
Қазақстанда Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар екені біз түгілі бүкіл әлемге белгілі. «Байлықтың үстінде отырмыз» деп мақтанып кеуде соққанымызбен, ол байлықты игеруде тұралап жатқанымыз тағы бар. Яғни осы байлықты байлық ететін елімізде тәжірибелі кәсіби мамандардың жоқтығы мәселе болып отыр. Осыған орай соңғы жылдары мемлекет мемлекеттік грант санын бөлуде тау-кен өндірісі, мұнай-газ және энергетикалық салаға баса назар аударған. Бірақ бұл мамандықтарға деген сұраныстың артуы жоғары болғанымен, оған жастардың қызығушылығы өте төмен. Себебі әдебиет пен тарих сынды гуманитарлық пәндерден алдына жан салмайтын оқушылардың көпшілігі аталған мамандықтардың фундаменті саналатын физика мен химияға келгенде жүрексініп жатады. Дегенмен елімізде техникалық пәндерге бейімділігі жоғары оқушылар да жоқ емес.
Жақында аудандағы мектептердің бірінде 7 сынып оқитын ініміз облыстық «кеме жасау» байқауында кәдімгі қағаз картоннан «маторлы кеме» жасап, жүлделі бірінші орынды иеленіпті. Оқушының жұмысымен танысқан журналистер осындай өнертапқыш жастардың бар екеніне іштей қуандық. Бірақ әттеген-ай дейміз бе, жас өнертапқыш болашақта қазақ әдебиеті пәнінен мұғалім болуды мақсат етіп отыр екен. Әрине таңдауына таласымыз жоқ, дегенмен жоғарыда айтылған аса қажет және өте тапшы мамандарымыздың орнын толтыратын осындай жаңашыл жастарымыз емес пе?!
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!