Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 19:08

Мамандық таңдауда жаңылмаған жөн

29.06.2022

583

0

Биыл ауданда 358-ге жуық жеткіншек білім ошағын тәмамдап, үлкен өмірге қанат қақты. Олардың 323-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 11 жыл бойы «инемен құдық қазғандай» жинаған білімдерін сарапқа салуда. Десек те, мектеп бітірген әр түлектің алдында тағы бір маңызды қадам күтіп тұр. Ол – мамандық таңдау.

Өскенде кім болғың келеді? Бұл – үлкендердің мектеп табалдырығын аттаған балаларға жиі қоятын басты сұрақтарының бірі. «Мен дәрігер бо­лып адамдарды емдегім ке­леді» десе, енді бірі «Сіз секілді ұстаз боламын» деп жатса, ал ер бала­лардың көпшілігі «Ұшқыш боламын» деп армандайтын. Әрине кәсіби бола­шағыңды дұрыс таңдау адамның ма­териалдық та­быс­қа жетуіне, қо­ғам­дағы өз орнын табуына әсер ететін маңызды ше­шім­дердің бірі болып табылады.
Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас түлектің алдында мыңдаған ма­ман­дықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Қазіргі кезде мамандықтың да түрі өте көп, бірақ таңдау жасау оңай дүние емес. Әр мамандықтың өзіне тән ерекшеліктері, кәсіби қыр-сыры мен қиындықтары болады. Кез келгеніне икемділік пен білім қажет, яғни жай күнкөріс, тамақ та­будың жолы ғана емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе.
Кейбір жастар мамандық таңдауда өзі қызықпайтын мамандықты таңдап, жиі қателесіп жатады. Себебі бірі ҰБТ-дан жинаған ұпайына, бірі бөлінген мемлекеттік грант санына қарап әлек болады. Кейбірі «заңгер немесе қар­жыгер болсам, ақшаны күреп табам» деген арзан пікірге иланып жатады. Оған қоса «Балам әйтеуір оқып, қолына дипломын алса болды, ары қарай көрерміз» деп баласының ер­теңіне жеңіл қарайтын ата-аналар да бар. Осыдан өз мамандығына қа­нағаттанбаушылық, реніш сезімдері туындап, қоғамда өзінің айналысатын кәсібін таба алмай жататын жайттар орын алады.
XXI ғасыр жаңа технологиялар ға­сыры болғандықтан, әлем тез дамып келеді. Күннен-күнге жаңа маман­дық­тар пайда болып жатыр. Соның көбі біздің қоғамға бейтаныс. Ал керісінше елімізде заңгер, қаржыгер, журналист, мұғалім сынды мамандықтар таңсық емес. Сарапшы мамандардың пі­кі­рін­ше, елімізге бүгінгі күнде мар­ке­толог, web-дизайнер, химик, биотех­но­лог, ақпараттық технолог, өндірісті автоматтандыру, «ақылды қала» құ­ры­лысшысы, графикалық және муль­­ти­медиялық дизайнерлер, ауыр өнер­кәсіп саласы мамандары жетіс­пейді. Ал астрофизик, астроном сын­ды ғарыш саласы мамандары мен ин­женер-механик, картогроф, геоде­зист, эколог мамандарына еліміз аса зәру.
Төрткүл дүние техникаға телмірген заманда аталған мамандықтарды таңдаушылар қатары жоқтың қасы, ал қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Осыған дәлелді кешегі әлемді жаулаған пандемия анық көр­сеткен секілді. Себебі мемлекеттің қай са­ласы болсын, ақпараттық-техни­калық ресурсқа тәуелді екенін ашық білдірді.
Қазақстанда Менделеев кестесін­дегі элементтердің бәрі бар екені біз түгілі бүкіл әлемге белгілі. «Байлықтың үстінде отырмыз» деп мақтанып кеуде соққанымызбен, ол байлықты иге­руде тұралап жатқанымыз тағы бар. Яғни осы байлықты байлық ететін елімізде тәжірибелі кәсіби маман­дар­­дың жоқтығы мәселе болып отыр. Осыған орай соңғы жылдары мем­­лекет мемлекеттік грант санын бө­луде тау-кен өндірісі, мұнай-газ және энергетикалық салаға баса на­зар аударған. Бірақ бұл ма­ман­­дықтарға деген сұраныстың артуы жоғары болғанымен, оған жастар­дың қызығушылығы өте төмен. Се­бе­бі әдебиет пен тарих сынды гу­мани­тарлық пәндерден алдына жан салмайтын оқушылардың көп­шілігі аталған мамандықтардың фун­да­менті саналатын физика мен хи­мияға келгенде жүрексініп жатады. Дегенмен елі­мізде техникалық пәндерге бейім­ділігі жоғары оқушылар да жоқ емес.
Жақында аудандағы мектептердің бірінде 7 сынып оқитын ініміз об­лыстық «кеме жасау» байқауында кә­дімгі қағаз картоннан «маторлы кеме» жасап, жүлделі бірінші орынды иеленіпті. Оқушының жұмысымен та­нысқан журналистер осындай өнер­тапқыш жастардың бар екеніне іштей қуандық. Бірақ әттеген-ай дейміз бе, жас өнертапқыш болашақта қазақ әдебиеті пәнінен мұғалім бо­луды мақсат етіп отыр екен. Әрине таң­дауына таласымыз жоқ, дегенмен жо­­ғарыда айтылған аса қажет және өте тапшы мамандарымыздың орнын тол­тыратын осындай жаңашыл жаста­рымыз емес пе?!

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: