Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

11°C

, Дүйсенбі, 18 қараша, 15:22

11-ші сыныпты бітірген оқушы енді «Болашақпен» шетелге оқуға түсе алады

18.11.2024

27

0

Қазақстанда халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасы аясындағы тиісті талаптарға сәйкес келсе, бакалавриат деңгейінде білім ала алады, деп жазады ulysmedia.kz.

Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жұмыс тобының отырысында мәжілісмендер халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жеңімпаздарын қолдау туралы норманы қабылдаған. Айтуынша, бұл өте маңызды түзету: енді халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасы аясындағы тиісті талаптарға сәйкес келсе, бакалавриат деңгейінде білім ала алады.

Бұған дейін «Болашақ» тек магистратура және докторантура деңгейіндегі оқуды қаржыландыратын. Бұл өз алдына дұрыс шешім болғанымен, халықаралық олимпиадалар жеңімпаздарына қатысты мәселе туындайтын еді. Әлемдік жетекші университеттер бұл талантты балаларға бірден бакалавриатқа гранттар ұсынатын, сол себепті олар шетелге кетіп қалатын. – Сол кезеңде біз оларға дәл осындай қолдау көрсете алмадық, сондықтан оларды жиі жоғалтып отырдық. Көпшілігі шетелде оқумен қатар, сол жақта тұрақтап қалып жатты. Осындай балаларға мемлекеттік бюджет есебінен грант беру – маңызды қадам. Сәйкесінше, енді «Болашақ» бағдарламасы ең дарынды оқушылар үшін бакалавриаттан бастап қолжетімді болады.

Бұл – жас таланттарды қолдап, оларды елде ұстауға мүмкіндік беретін маңызды жаңашылдық. Олар әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып, кейін елге оралып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосады. Дарынды балаларды қолдау – олардың болашағына салынған инвестиция ғана емес, бұл Қазақстанның дамуына бағытталған стратегиялық қадам, – деп жазды депутат парақшасында.

Мәжілісте 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланған кезде Қазақстан бюджетінің білімге жұмсаған шығыны 1 трлн теңгеге жететіні хабарланған еді. Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, 2025 жылы бұл бағытқа шығындар 2024 жылдың деңгейінен 116 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн теңгені құрайды.

Қаржы министрлігінің есептеуінше, 2025 жылға түсімдер 21,7 трлн. теңге деңгейінде болжанған. Трансферттерді есептемегенде, 2025 жылға арналған кірістер 15,6 трлн. теңге немесе түсімдердің 73%-ын құрайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: