Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 12:45

Аймақ дамуында серпін бар

23.11.2024

154

0

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі Сыр өңірінде өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша хабарлама жасап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Аймақ басшысы өз хабарламасында жұмыспен қамту, энергетика, коммуналдық шаруашылық саласы бойынша және инфрақұрылым, құрылыс бағытын да қамтып өтті. Тілшілер тара­пынан сауалдар аз бол­мады, бір тілші кем дегенде екі сұ­рақтан қойды, одан бөлек, кейбір рес­публикалық БАҚ өкілдері онлайн фор­матта өз сауалдарын жолдап, нақ­ты жауап алды.

Осы жылдың 10 айының қорытын­дысымен аймақ дамуында оң тен­ден­ция сақталып келеді. Макрокөр­­сеткіштер бойынша облыс көш бас­­­тады. Облыс бюджеті айтарлықтай өсіп, 744 млрд теңгеден асты. Өнер­кә­сіп өндірісін де өсім бар. Мұнай-газ өнер­кәсібі бағытында геологиялық бар­лау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, жыл аяғында алғашқы нәтижесі белгілі болады. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлердің аймақ эконо­микасындағы үлесі 21 пайызға жетті.
Облыс әкімі атап өт­кендей, тамы­ры тереңге тартқан Қызылорда ше­жірелі уақыттар белесінде әлеу­меттік-экономикалық, мәдени-ру­хани са­­­ла­ларда өсіп-өркендеп, дамып келеді. Мемлекет басшысы облы­сқа жа­саған сапарында аймағымызды ал­тын бесікке теңеп, «да­мудың үлкен перс­пективалары бар страте­гиялық ма­ңызды өңір» деп баға берген болатын.
– Ел Президентінің бұл ерекше бағасы облыс халқына, бізге үлкен жігер беріп, қазіргі таңда аймағымыз байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың ордасына айналуда. Осы жылдың 10 айының қорытындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталды. Өңіріміз бар­лық негізгі макроэкономикалық көр­сеткіштер бойынша республикада 1-ші орында.Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі – 0,8 (903,5 млрд теңге), өңдеу өнеркәсібі – 22,8 (298,1 млрд теңге), ауыл шаруашылығы – 3,0 (193,1 млрд теңге), тұрғын үй – 7,4 (697 мың ш.м.), көлік – 3,5 (241,8 млрд теңге), сауда – 6,5 (656 млрд теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі – 50 (193,9 млрд теңге) пайызға артты. Биылға жос­парланған 517 млрд 500 млн теңге инвестицияның 478 млрд 300 млн теңгесі 10 айда орындалды. Оның 74 пайызы – жеке инвестициялар. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бүгінгі күні облы­сымыздың бюджеті 744 млрд тең­геден асты. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд теңге болатын. Өсім 204,4 пайызды құрады. Бюджетіміздің 55,4 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болсақ, өткен жылдан бастап өңірлер арасында көш басындамыз. Соңғы 3 жылда облыста құны 30 млрд 300 млн теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба жүзеге асып, іске қосылды, – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.
Сондай-ақ облыс әкімі нақтылай түс­кендей, кәсіпкерлікті қаржылай қол­­дауға соңғы 2 жылда әртүрлі көздерден 12 мың 400 жобаға 127 млрд 500 млн теңге тар­тыл­ған. Оның 25 млрд 100 млн теңгесі мемлекеттік бағ­дарламалар аясында қол­дау тапты. Ал биыл барлық қаржы көз­дерінен 63 млрд 523 млн теңгеге жеке кәсіпкерліктің 3 мың 761 жобасы қаржыландырылды. Нәтижесімен кә­сіп­керліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21 пайызға жететін болады.
– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жо­басы аясында өткен жылы 3 млрд тең­геге 406 жоба жүзеге асты. Нақтырақ айтсам, 713 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл бағ­дарлама аясында 4 млрд 600 млн теңгеге 575 жоба жүзеге асы­рылуда. Өткен аптада Үкімет бас­шысы Олжас Абайұлы жобаларға оң бағасын беріп, өңірдің тәжірибесін республикада кеңі­нен таратуға тапсырма берді. Эко­номиканың барлық саласында 2022-2023 жылдары 66 мыңнан астам (оның ішінде тұрақты – 34997) азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Оның 25 мыңға жуығы Мемлекет бас­шысының 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасы аясында орын­далды. 2024 жылдың 10 айында 30 мыңға жуық (оның ішінде тұрақты – 11 973) азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Жастар арасындағы жұмыс­сыздық көрсеткіші төмендеді, – деді облыс әкімі.
Президент Жолдауында айтыл­ған­дай, 2025 жыл «Жұмысшы маман­дық­тар жылы» деп жарияланды. Бұл ретте аймақтың еңбек нарығына қажетті кадр­лар даярлау үшін Мамандықтар атласы әзірленіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тау-кен, техникалық-технологиялық, ІТ саласына қажетті кадрлар даярланатын болады.
Ауыл шаруашылығы саласына соң­ғы 2 жылда 20 млрд 300 млн тең­геден астам инвестиция тартылса, осы жылдың 10 айында негізгі капиталға 12 млрд 200 млн теңге инвестиция салынған. Биыл 189 мың 449 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, мерзімінде толық жиналды.
Биыл «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде «Руханият жылы» жарияланды. Мәдениет саласында осы жылы көпфункционалды 1000 орын­дық «Өнер орталығы» пайдалануға бе­рілді. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің көптен күткен игілігі «Жыраулар үйі» ашылды. Бұдан бөлек аймақтағы барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар құны 11 млрд 500 млн теңгені құрайтын «Руханият ор­та­лық­тары», облыс орталығынан та­рихи-өл­кетану музейі салынып жат­ыр.

Ж.АРЫН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: