Жылу беру маусымы басталғалы елімізде өрт шығу салдарынан қолайсыз оқиғалар жиілеп кетті. Сондықтан маусымында тұрмыста табиғи газды қауіпсіз пайдалану аса маңызды. Әсіресе газ жабдықтарының техникалық жағдайын тұрақты тексеріп, сақтық шараларын қатаң сақтаған абзал.
Иә, өрттің салдарымен күрескенше, оның алдын алған тиімді. Осы бағытта аймақта бірқатар шара ұйымастырылып, түсіндірме жұмыстары күшейтілген. Мәселен, облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы мамандарының айтуынша, жылу беру маусымында өрттің алдын алу және қауіп-қатерді азайту мақсатында әр сенбіде департамент, полиция қызметкерлері және волонтерлер бірлесіп, облыс көлемінде профилактикалық жұмыстар атқаруда.
Биыл 41 827 тұрғын үйді аралап, тұрғындармен 191 кездесу өткен. Онда электр және газ жабдықтарын орнату мен пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілген.
Шыны керек, орын алып жатқан өрт оқиғаларының көпшілігі тұрғындардың қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, балаларды қараусыз қалдыруынан пайда болады. Сондықтан департаментпен аймақтағы әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету шаралары да жүзеге асуда.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен тұрмысы төмен, көпбалалы, жалғызбасты аналар мен мүгедектігі бар адамдар тұратын 5 463 отбасының тізімі нақтыланған. Аталған отбасылардың ішінде жылыту жүйесі табиғи газбен қамтылатын үйлерге орнату үшін 484 датчик сатып алынған. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен алынған 160 көмірқышқыл газын анықтайтын датчик әлеуметтік осал отбасыларға орнатылған.
Айта кету керек, 19 қараша мен 19 желтоқсан аралығында әр аптаның сәрсенбі, жұма және сенбі күндері мүдделі мемлекеттік органдар мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен ауқымды профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!