ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен теміржол және транзиттік әлеуетті арттыру, ІТ саласының даму мәселелері талқыланған Үкімет отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен аталған мәселелер бойынша міндеттер айқындалған мәжіліс өтті. Қызылорда қаласы, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Өткен жылы аудан әкімдеріне теміржол вокзалдарын жөндеу үшін жоба-сметалық құжаттамалар әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу тапсырылған. Бүгінде 6 теміржол вокзалын жөндеудің құны 2 млрд. 811 млн. теңге болатын жобалары «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясына жолданды.
Алайда, Жосалы теміржол вокзалының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу әлі күнге дейін аяқталмаған. Төретам, Сексеуіл вокзалының құжаттамасын дайындау басталмаған. Қармақшы, Арал аудандарының әкімдеріне осы жұмысты тез арада аяқтап, мемлекеттік сараптамадан өткізуді тапсырамын.
Вокзалдардың сыртқы келбеті ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсету деңгейі де жоғары болуы, келушілерге жақсы әсер сыйлауы тиіс. Көрсетілетін қызметтердің сапасын күшейтіңіздер. Қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп жан-жағының абаттандырылуын, көгалдандырылуын, санитарлық тазалығын күнделікті қамтамасыз етіңіздер.
Еліміздегі ІТ саласының дамуы Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты бақылауында. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, мамандарды көптеп дайындауымыз қажет. Өңіріміздегі ІТ орталықтардың жұмысын зерделеп, оларды заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша ұсыныс беріңіздер.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облысымыз республикада бірінші болып аудандарда орталықтандырылған бейнекамералар, жылдамдық өлшегіш құралдар орнатылды. Жобаның тиімділігін арттыру үшін камераларды құқық бұзушылықтар мен қылмыс жиі орын алатын жерлерге орнатып, тұрақты жұмыс жасауын қамтамасыз етіңіздер», – деді Н.Нәлібаев.
Бүгінде Қызылорда облысы аумағынан өтетін магистральді теміржол желісінің ұзындығы мың шақырымды құрайды. Облыс аумағынан 14 жұп, Қызылорда қаласынан Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 5 жұп жолаушы пойызы қатынайды.
Өңірімізде «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясына қарасты 8 теміржол вокзалы мен 2 қызмет көрсету пункті бар, 6 вокзал ғимараты жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.
ІТ саласын дамыту шараларын ұйымдастыру және оларға жастарды көптеп тарту бойынша өткен жылдың қорытындысымен өңіріміз бірінші орынды иеленді. Биылғы 10 айдың көрсеткіші бойынша да көш бастап келеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!