Ересектер арасында бокстан Қазақстан чемпионатында алғаш рет сынға түскен Төрехан Сабырхан (67 келі) чемпион атанды.
Ол бүгін финалда маңғыстаулық Санатәли Төлтаевпен кездесуі тиіс еді. Қарсыласының жарақат алуына байланысты жеңіс Төреханға берілді.
Айта кетсек, Төрехан жастар және жасөспірімдер арасында төрт дүркін Азия чемпионы атағын жеңіп алған.
Төрехан биыл қараша айында Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы бокстан әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.
Сарапшылар оны көптен бері қазақстандық бокстың болашақ жұлдызы деп атайды. Енді ұлттық құраманың бапкерлер құрамы оны алдағы уақытта ересектер арасында халықаралық жарыстарда сынап көруі мүмкін.
Оның ағасы Махмуд Сабырхан 2023 жылы әлем чемпионы атанса, 2024 жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.
Айта кетсек, Назым Қызайбай Қарағанды қаласында өтіп жатқан ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігінде чемпион атанды.
Сондай-ақ әлем (2021), екі дүркін Азия чемпионы (2013, 2019) атағын жеңіп алған боксшы Теміртас Жүсіпов (48 келі) ересектер арасындағы 2024 жылғы Қазақстан біріншілігінде жеңіс тұғырына көтерілді.
Айта кетсек, ел біріншілігінің финалында 92 келіден жоғары салмақта ағайынды Нұрлан Сапарбай мен Даниял Сапарбай кездесуінде Нұрлан алтын медаль алды.
Ал 51 келі салмақтағы финалда Даниял Сәбит (Батыс Қазақстан облысы) Бекзат Алдамжаровты (Ақтөбе облысы) жеңіп, ел чемпионы атанды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!