Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сенбі, 23 қараша, 19:02

ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясында Арал теңізінің проблемалары талқыланды

04.07.2022

998

0

Ұлыбританияның Бирмингем қаласында Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Парламенттік Ассамблеясының жазғы сессиясы өз жұмысын бастады. Оған Қазақстан Республикасы Парламентінің делегациясы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ЕҚЫҰ ПА Тұрақты комитетінің отырысы барысында Қазақстан делегациясын бастаған Асқар Шәкіров пен Өзбекстан делегациясын бастап келген Садық Сафоев ұйымды және оған мүше мемлекеттерді Арал теңізін құтқару жөніндегі жобаларды іске асыруға донор болуға шақырып, екі ел парламенттерінің бірлескен үндеуін жария етті.

Сессияға қатысушыларға таратылған құжатта соңғы 60 жылда ең ауқымды жабық су айдынының бұрын-соңды болмаған көлемде азаюына және сортаңдануына назар аударылды.

Шаңды дауыл жыл сайын 100 миллион тоннадан астам майда тұзды шаңды, улы тұз бен құмды мыңдаған шақырымға әкетеді. Оны Еуропа елдеріне, Жапон аралдары мен Антарктидаға жеткізіп, мұздықтардың еруі мен мұхит деңгейінің жоғарылауы себептерінің біріне айналып отыр.

Онкологиялық аурулар ең жоғары пайызды көрсетіп отырған Орталық Азиядағы Арал өңірі халқының денсаулық жағдайының күрт нашарлауына тұрғылықты жердің экологиялық азып-тозуы себеп болғаны атап өтілді.

Экологиялық апаттың ауқымы Арал теңізі бассейніндегі әлеуметтік-экономикалық және экологиялық ахуалды сауықтыру жөніндегі проблемаларды кешенді шешу үшін өңірдегі елдердің ғана емес, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру талап ететіні атап өтілді.

Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев осындай ортақ пікірге шақыруда.

Қазақстан делегациясы сессия аясында «Құбылмалы әлем және қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында Жаңа Қазақстанды құру» тақырыбы бойынша сайд-ивент ұйымдастырды.

Оның барысында Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына байланысты негізгі оқиғалар туралы парламенттік қоғамдастық хабардар етілді.

Парламент депутаттары Қазақстан мемлекеті басшысының ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын іске асыру, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру үшін берік негіз қалаған ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның қорытындыларын жан-жақты таныстырды.

Парламенттің рөлін күшейту, сайлау жүйесін жетілдіру, саяси бәсекеге қабілеттілік үшін жағдай жасау, құқық қорғау тетіктерін дамыту мәселелері басты назарда болды.

Кездесуге қатысушылар айтылған ақпаратқа ықылас білдірді және Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістер қолдау тапты.

Орталық Азия елдері мен Моңғолияның делегациялары ЕҚЫҰ ПА Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі Пиа Каумамен кездесті, онда Қазақстанның өңірлік ынтымақтастық және өзекті халықаралық проблемалар жөніндегі ұстанымы жария етілді.

Сессия шараларына сенаторлар Ғұмар Дүйсембаев, Қайрат Қожамжаров, Дүйсенғазы Мусин, Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан, Айдос Сарым, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов қатысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: