Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жұма, 10 қаңтар, 18:38

Қазақстандықтарға еңбек кітапшасы әлі де қажет пе: Еңбек министрлігінің жауабы

10.01.2025

55

0

Қазақстандықтарға еңбек кітапшасы әлі де қажет пе? Бұл сұрақ көптеген азаматтарды алаңдатады. Елімізде қағаз құжаттардың маңыздылығы төмендеп, цифрлық жүйелердің рөлі артып келеді.  Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің аталған сұраққа жауабын ұсынады. 

Министрлік 35-бапқа сәйкес, қызметкердің еңбек қызметін растау үшін төмендегі құжаттардың кез келгенін қолдануға болатынын еске салды:

  • еңбек кітапшасы;
  • еңбек шартындағы жұмыс берушінің тоқтату күні мен негізі туралы белгі;
  • жұмыс берушінің актілерінен үзінділер;
  • жалақы төлемдері туралы ведомостерден үзінділер;
  • жұмыс беруші қол қойған және куәландырған қызмет тізімі;
  • БЖЗҚ-дан зейнетақы жарналары туралы үзінділер;
  • Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік аударымдар туралы мәліметтер;
    дуалды оқыту туралы шарт;
  • еңбек қызметі туралы мұрағаттық анықтама;
  • еңбек қатынастарының болуын растайтын сот шешімі.


Министрлік еңбек кітапшасы қызметкердің жұмыс өтілі туралы мәліметтерді тіркейтін құжат екенін және оны жұмыс беруші қызметкердің еңбек қызметін растау үшін жүргізетінін түсіндірді. Еңбек кітапшасындағы жазбалар жұмыс берушінің бұйрықтарының негізінде толтырылады. Қызметкердің қалауы бойынша еңбек кітапшасы жұмыс берушінің қолында сақталуы мүмкін. Жұмыс беруші бұл құжаттың қозғалысын арнайы есеп кітабында тіркеуге міндетті. Қызметкер жұмыстан шыққан кезде еңбек кітапшасын алғанын растау үшін есеп кітабына қол қояды.

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі

Министрлік 2020 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс берушілер еңбек шарттары мен олардың өзгерістері туралы мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕСЕЖ) енгізуге міндетті екенін атап өтті.

«Электрондық еңбек кітапшасы» ұғымы заңнамада қарастырылмаған. Министрліктің айтуынша, ЕСЕЖ жүйесінде жұмыс беруші енгізген еңбек қызметі туралы мәліметтер сақталады. Бұл ақпаратты енгізу міндеті 2020 жылдан бастап заңмен бекітілген. Осылайша, еңбек кітапшасына жазбаларды енгізу тек қызметкердің қалауына байланысты.

Сонымен, еңбек кітапшасы еңбек қызметін растау үшін әлі де қолданылуы мүмкін, бірақ қағаз нұсқаны міндетті түрде жүргізу шарт емес. Дегенмен, мамандар еңбек кітапшасын сақтап қоюды ұсынады. Оның бірнеше себебі бар: қағаз нұсқа қосымша ақпарат көзі ретінде пайдалы болуы мүмкін; ол еңбек дауларында, бұрынғы жылдардағы жұмыс өтілін растауда және шетелде жұмыс істегенде қажет болуы ықтимал. Бұдан бөлек, қағаз құжат техникалық ақаулар мен цифрлық жүйелердегі өзгерістерге тәуелді емес.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: