Ауданымызда өнегелі ісімен жас ұрпаққа үлгі болып отырған отбасылар көп. Солардың бірі – Жаңаталап ауылындағы Сарбалаевтар отбасы. Балаларының бойына ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып құндылықтарын дарытып келе жатқан бұл мерейлі отбасы бүгінде 6 баладан, 22 немере, 6 шөбере өрбіткен өнегелі әулет. Кеше аядай ғана ауылда қоғам ісіне белсене араласып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп отырған Сарбалаевтар әулетінің қара шаңырағына аялдадық.
Ұрпақтарын ерте жастан еңбекке баулып өсірген Өмірсерік Сарбалаев 1952 жылы Жаңаталап ауылында дүниеге келіп, ауыл шаруашылық саласының дамуына өзіндік үлес қосып, саналы ғұмырында елге елеулі қызмет еткен. Ол Отан аллдындағы әскери борышын Германия мемлекетінде атқарған. Ең алғашқы еңбек жолын 1973 жылы ауыл шаруашылығы саласында күрішші болып бастап, көлік жүргізушісі, өнім бригадирі, механик қызметтерін абыроймен атқарып зейнетке шыққан. Ол туған жерінің игілігі үшін ерен еңбек етіп, ауылдың дамуына сүбелі үлес қосқан. Ал бұл отбасының ақжаулықты анасы Несібелі Берімова еңбек ардагері, күміс алқа иегері. 1956 жылы Жалағашта дүниеге келген анамыз 1973 жылы орта мектепті бітіріп, ауыл шаруашылығы саласында күріш егіп, егін алқабында да өзіндік қолтаңбасын қалдырған. 1979-1982 жылдары халық депутаттары Жалағаш аудандық кеңесіне депутат болып сайланған. 2010 жылы «Күміс алқа» иегері атанып, қазіргі таңда ауылдық клуб жанынан құрылған «Асыл әжелер» ансамбльінің белді мүшесі.
Ол бүгінге дейін бірнеше рет аудан әкімінің алғыс хатын иеленіп, облыстық «Бибі – Ана» атты ел аналары арасында өтетін байқауда ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал текке айтылмаса керек. Ата-анасының жас күнінен адал маңдай терімен еңбек еткенін көріп өскен ұл-қыздары бүгінде олардың сара жолын жалғап, жас буынға сапалы білім беруде күш-жігерін сарп етсе, енді бір кәсіпкерлік саласының дамуына бет бұрып, кәсібінің көкжиегін кеңейткен.
– 3 қыз, 3 ұлым бар. Әрқайсысы өз шаңырағының түтінін түтетіп, әр салада қызмет етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Балаларыммен мақтанамын. Мен үшін нағыз бақыт – балаларымның амандығы, немерелерім мен шөберелерімнің риясыз күлкісі. Олар ержетіп, ел ағасы жасына жетсе де, ата-ана үшін қашан да бала болып қала бермек. «Өз балаңды өскенше, немеренді өлгенше бағасың» демекші, қазір тәтті немереле-шөберелерімнің қызығына тоймай, олардың әр жетістігіне қуанып, тілеулес болып отырмыз, – дейді Өмірсерік Сарбалаев.
Иә, қазыналы қарттармыз шаңырақтың қазығы болса, өсіп-өнген ұрпақ – сол әулеттің баға жетпес байлығы. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, туған-туыс, дос-жаранға сыйлы болған Сарбалаевтар отбасы былтыр «Парасатты отбасы – 2024» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде «Өнерлі отбасы» номинациясны иеленген болатын. Сондай-ақ «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Өнегелі отбасы» атты патриоттық байқауында жеңімпаз атанып, кеуделеріне арнайы төсбелгі таққан.
– Атаңмен отасқаныма 52 жыл болды. Ұл-қыздарымызды қатарынан кем қылмай жеткізу үшін, күріште егіп, егін де ектік. «Қолымнан келмейді» деп қарап отырмадық. Білмегенімізді үйреніп, білгенімізді өзімізден кейін жастарға көрсетіп келеміз. 49 жасымнан бері ауылдық «Асыл әжелер» ансамблінде өнер көрсетіп келемін. Тек ән айтып қана қоймай, тағылымы мол шараларда жастармен кездесіп, қолөнермен де айналысамын, – дейді Несібелі Берімова.
Иә, қара шаңырақтың есігіне еңсеміз енгеннен ерекше киізге көзіміз түсті. Несібелі апамыздың айтуынша, бұл «тұс киіз» деп аталады. Бөлме қабырғасын сәндеуге арналған қазақтың ұлттық қолөнері, төсектің тұсына ұсталатын болғандықтан «тұс киіз» деп аталған. Тарихы терең тұс киізді тігу сиреп бара жатқандықтан, оны көбіне тек музейлерден ғана кездестіруге болады. Ал Несібелі апамыз бүгінде енесінен үйренген қолөнердің құндылығын жоғалтпай, әлі күнге дейін үйіне тұтып, жас буынға дәріптеп, жасалу жолын көрсетіп келеді. Мұнан бөлек апамыздың өз қолынан шыққан жас келінге арнап тұтатын шымылдығымен де таныстық. Ең алғаш үлкен ұлы үйлегенде пайдаланған шымылдығын бүгінге дейін сақтап келуінің себебі, немелері шаңырақ көтергенде де осы шымылдықты қолданғысы келетінін жеткізді. Қолы қалт етсе, қолөнермен айналысқанды жаны сүйетін кейіпкеріміз келіндеріне білгенін үйретіп, балаларына дұрыс бағыт-бағдар беруде.
Береке-бірлігі мығым, өмір жолын өнегемен өрген отбасының бүгінгі тынысы осы. Олар салған сара жолы жас ұрпаққа қашан да үлгі-өнеге. Сұқбат барысында бүгінгі сапарымыздан осындай ой түйдік.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!