Қазіргі таңда қоғамда қызылша ауруы үрей тудырып тұр. Жалпы қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғары тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауыратын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың дертті жұқтыру қаупі өте жоғары.
Ол пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстармен, яғни қызба, бас ауруы, әлсіздікпен аурудың алғашқы белгілері пайда болады. Бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек. Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін, сондықтан дәрігерге уақытылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгілері бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке жібермеген абзал.
– Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақытылы вакцинация. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, сондықтан екпе тегін жүргізіледі. Вакцинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке қарсы компонентпен қоса қолданылады. Негізінен дертті дендетпеудің тиімді жол вакцина қабылдау болып табылады. Сондықтан халық мамандардың кеңесіне құлақ асса дейміз. Өздеріңіз көріп отырғандай, уақыт өткен сайын елімізде ахуал күрделеніп келеді. Бұған мамандар ғана емес, қарапайым халық та бейжай қарамауы керек, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзираш Айымбетова
Аймақта 1557
жағдай нақтыланған
Статистикаға сүйенсек, өткен жылы облыста лабораториялық зерттеу нәтижесімен қызылша ауруының 1 557 жағдайы нақтыланған. Олардың 1364-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. Оның ішінде 365-і бір жасқа толмаған сәбилер. Ересек тұрғындар арасынан 193 науқас тіркелген.
Мамандардың аутынша, облыстағы қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Аурушаңдық көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Сондай-ақ ауырғандардың басым бөлігі екпе алмағаны белгілі болған. Олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 72 пайызын құрайды.
Негізгі себептеріне медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілетін жасқа жетпеген, вакцинациядан бас тарту, жоспарлы вакцина алуға тиісті мерзімде негізсіз себептермен келмеу секілді жағдайлар жатады. Сондай-ақ 180 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екендігі анықталған. Оған қоса кейбір науқастар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған. Салдарынан ауруды жұқтырып алу дерегі тіркелген.
Ауырғандардың 57 пайызы
1 жасқа толмаған сәбилер
Ауданда былтыр қызылшамен ауырған 22 жағдай орын алған. Ауырғандардың 63 пайызы балалардың үлесіне тиесілі. Оның ішінде 57 пайызы 1 жасқа толмаған сәбилер болса, 17-і уақытылы екпе алмағандар болып табылады. Бүгінде қызылша, қызамық, паротитке қарсы міндетті профилактикалық екпе оңтайлы деңгейде, яғни 95 пайыздан төмен емес көрсеткіште орындалуда.
Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар, алайда маманның айтуынша, олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 дозасын алған, яғни ағзада толық иммунитет қалыптаспағандар арасынан ауруды жұқтырып алу деректері орын алып отыр. Аудан көлемінде қызылша ауруының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында санитариялық ағарту шаралары жүргізілуде.
Балаларға 12 айлығынан
екпе алуға рұқсат етілген
Инфекция көзі – ауру адам. Инкубациялық кезеңнің 2-інші күні, бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күнге дейін қауіпті. Ал 5-інші күнгі бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды деп саналады. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Ал ауырған аналардан туған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында аналық антиденелер сақталады.
Егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез келген жаста ауырып қалуы мүмкін. Инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт, ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады. Яғни дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейінірек конъюктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), сонымен қатар беттің шырышты қабығында ұсақ ақ дақтар пайда болады.
Түтеп келгенде қызылшаның алдын алудың ең тиімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Ең алғашқы вакцинацияны балаларға 12 айлығында, екіншісін 6 жаста жасалады. Егу тұрақты қорғанысты тудырады. Мына жайтты ескерген жөн, жоспарлы екпеден бас тарту тек өзіңіздің ғана емес, басқа да балалардың өміріне қауіп төндіреді.
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!