Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Сенбі, 22 ақпан, 13:44

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толды

14.02.2025

186

0

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл. Бұл күн тарихымызда ерекше орын алады, өйткені ол ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ерлігін мәңгі есте сақтауға және ардагерлерге құрмет көрсетуге арналған.

Осының аясында, бүгін «Тағзым» аллеясында еске алу шарасы өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов, бірқатар ел ағалары, мекеме, бөлім басшылары, ауған соғысына қатысқан ардагерлер және кент тұрғындары қатысты.

«Тағзым» алаңына жиылған жұртшылық қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, олардың рухтарына құран бағыштап, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мұнан соң, шараға қатысушылар аудан орталығынан жаңадан бой көтерген «Руханият орталығының» тыныс-тіршілігімен танысып, мерекелік қабылдауға қатысты.

Жиын барысында «Ауған соғысында құрбан болған азаматтарды еске алуға арналған бүгінгі шараның негізгі мақсаты – ардагер ағаларымыздың ғибратты жорық жолын жас ұрпаққа насихаттау, тарихтан тағылым алу.

1979-1989 жылдары аралығында Ауғанстандағы он жылға созылған шиеленіскен соғыс тек ауған халқына ғана емес, Орта Азия мемлекеттеріне де қауіп төндірді. Осы уақыттарда 23 мың қазақстандық жауынгер Ауғанстандағы соғысқа қатысты, әскери борышын өтеді. Олардың 26-сы елге оралмай із-түссіз кетті. 749 қазақстандық жауынгер Ауғанстан жерінде қаза тапты. 393 қазақстандық мүгедек болып оралды. Ауған жеріндегі соғысқа 821 қызылордалық қатысса оның 18-і ұрыстарда қаза тауып, 31 жауынгер мүгедек болып оралды. Біздің ауданнан 33 жауынгер Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеді.

Қалай десек те, Сіздер ел алдындағы азаматтық парыздарыңызды, әскери борыштарыңызды өтедіңіздер. Мейлі қандай елде болсын, Сіздер Отан тапсырмасын орындадыңыздар» деді аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов.

Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев, «Жалағаш аудандық Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Алдамбергенов сөз алып, Ауған соғысының Қазақстанға әкелген адам шығыны мен зардабы аз болмағанын және ауған соғысы ардагерлерінің ерлік істері ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

Мұнан соң, ауған соғысына қатысқан ардагерлер ерен ерліктері үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: