Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Жексенбі, 20 сәуiр, 08:13

Тракторшы Қалимаш

25.02.2025

213

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген болатын. Жалағашта да қарапайым еңбек адамдарының адал жұмысын дәріптеу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Өткен аптада Мөрәлі Шәменов ауылындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай «Трактор тізгіндеген әже» тақырыбында Қалимаш Мақұлбаевамен кездесу өтті.

Қазіргі қоғамнан жеңіл көлікпен жүйт­кіген қыз-келіншектерді көптеп кездес­тіресіз. Алайда трактор тізгіндеген нә­зік­жандарды табу қиын. Трактор тіз­гіндеген әйел тек техникамен жұмыс істеп қана қоймай, дала төсінде тер төгіп, егін саласына еңбек етеді. Солардың қатарында отбасының берекесі болған, ауыл шаруашылығының дамуына да өзіндік үлес қосқан 63 жастағы Қалимаш Мақұлбаева да бар.
Өз заманында трактор тізгіндеп, жер жырту, егін егу сынды жұмыстарды ер азаматтармен қатар істеген әже­міз «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көте­ре­ді» деген қағидамен 18 жасында трак­тор­ға отырған. Нәзікжандар үшін ме­­­ханизатор болу үлкен ерік-жігер мен асқан төзімділікті қажет ететіні сөзсіз. Сондай ауыр жұмысты табандылықпен атқарған кейіпкеріміз – бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты әже. Дала жұмысына ерте араласып, ең­бек бригадасында қызмет еткен ол «Трак­торшы болу – үлкен өнер» деп біледі.
– Ең алғаш 1977 жылы 15 жасымда 8-ші сыныпты бітіріп, аудандық №15 кәсіптік-техникалық училищеде механи­затор мамандығы бойынша білім алдым. Негізі туып-өскен жерім – Таң ауылы. Менімен бірге оқуға 9 қыз келді. Оқуды 1979 жылы 18 жасымда бітіріп, еңбек жолымды өзімнің туған жерімде трактор айдаудан бастадым. Жастықтың әсері ме, еш қорқуды білмедім. Күміскім есім­ді сыныптас құрбым екеуміз бас­шы­мыз қан­дай жұмыс тапсырса да тия­нақ­ты орындап, тракторды тізгіндеп ке­­те бе­ре­тінбіз, – дейді Қалимаш Мақұл­бае­ва.
Тракторды 10 жыл тізгіндеген кейіп­керіміз Қызылорда қаласындағы сов­хоз техникумның механик-инженер фа­куль­тетіне сырттай оқуға түсіп, 1985 жы­лы Мөрәлі Шәменов ауылына келін болып түскен. Жолдасы Жұмаділ мен енесінің рұқсатымен 3 жыл трактор ай­дап, ауылда механизатор-слесарь бо­лып қызмет ет­кен. Ол екінші анасының қолдауының арқасында үй шаруасына қи­налмай, одан көп нәрсе үйренгенін айтты.
Кейіпкеріміз шаруашы­лық­тың ай­тулы іскер механизаторы бол­ған. Дала төсінде оның қолы ти­меген бірде-бір жұмыс қалмаған. Шөп шабу, мал азығын, отын тасу, алқапта қауын, картоп, қырыққабат жинау сын­ды жұмыстардың барлығында кейіп­ке­ріміздің күндіз-түні төккен маңдай тері бар.
Кездесуде мектеп оқу­шы­лары ке­йіп­­керімізге түрлі сұрақ қойып, трак­тор тізгіндеген жылдары кездескен қиын­шылықтармен бөлісуін, әсіресе трак­торы бұзылған сәттерде қандай ша­ралар қол­данғанын сұрады.
– Трактор техника болғасын бұ­зыл­май тұрмайды. Ол замандағы тех­ника мен қазіргі техниканы мүлдем са­лыстыруға келмейді. Тракторымыз жұмыс бары­сын­да жиі бұзылып, өзіміз қайта жөндеп, айдап кете беретінбіз. Білмеген нәрсемді механиктер жөндеп береді. Ал жеңіл-желпі жерлері болса, өзім жөндеп кете беретінмін. Жастайымнан техниканың қыр-сырын біліп, күні-түні уақытым сол трактормен өткесін оны жөндеу маған аса қиынға соқпайтын. Оның үстіне мен тізгіндеген трактор маған сужаңа күйінде берілгендіктен көп бұзылмады. Маған жауапкершілікпен та­бысталғандықтан күтіп мініп, барынша таза ұстадым. Әр нәрсеге жауапкершіліпен, жанашыр­лық­пен қарауды ең алдымен ата-анамнан, одан бөлек екінші анамнан үй­ренгенмін, – дейді ол.
10 жыл ішінде «Беларусь 80», «МТЗ 80», «Т 28», «Т 40» сынды тракторларды тізгіндеген еңбек адамы әлі күнге трак­тор жүргізуді ұмытпаған. Сөзімізге ша­ра барысында Қалимаш апай туралы әзір­ленген бейнеролик дәлел. Онда алпыс жасты алқымдаған кейіпкеріміздің трак­тор жүргізіп келе жатқаны анық көрсе­тілген.
Жастайынан техниканың тілін мең­геріп, ауыл шаруашылығы сала­сы­ның өркендеуіне зор үлес қосқан еңбек адамы бүгінде 4 баласынан 11 немере сү­йіп отыр. Еңбекпен ер­те жастан етене араласқан ол шара со­ңында жастарға ақыл-кеңесін айтып, «Ең­бек еткеннің ең­сесі биік» болатынын жеткізді.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: