1 наурыз – Алғыс айту күні. Талай тағдырды өз шаңырағының астына біріктіріп, қамқорлығына алған қазақ елі 2016 жылдан бастап жалпы халықтық сипатта бұл мерекені тойлай бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алғыс айту мейрамы – өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің, бірліктің мерекесі. Тәуелсіздік кезеніңдегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы» деп мерекенің маңызын атап өтті.
Осы ретте көктемнің алғашқы күнімен қатар келген мереке «Руханият» орталығында аталып өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Ардақ Ибраимов мерекенің маңыздылығына тоқталды. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» орденінің иегері Имамзада Шағыртаев арнайы қатысып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
– Бұл мереке – құтты қоныс, қасиетті мекенімізді маңдай терімен түлеткен текті елге тағзым етіп, алғыс білдіретін күн. Бүгінгі мерекеде аудан экономикасы мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосып, туған жерді көркейтіп, күріштен тау тұрғызған, төрт түліктен мыңды өргізген, кәсібін дөңгелентіп, берекелі тірлік кешіп жатқан аудан тұрғындарына шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Жергілікті жұртты алғыс айту күні мерекесімен құттықтаған ол ауданымыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген әр сала мамандарын арнайы алғыс хатпен марапаттады.
Расында, бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық пен ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеліп, кішінің үлкенге, баланың әкеге, анаға, шәкірттің ұстазға, барша қазақстандықтардың бір-біріне алғыс айтар дәстүрі қалыптасты. Шын мәнінде мереке алғыс айтумен ғана шектелмейді. Ұлт тарихы мен мемлекеттің жүріп өткен жолы жаңғырып, жас ұрпаққа өнеге етіп айтылады. Бір-бірімізге деген құрметіміз бен сыйластығымыз артып, тұтастығымыз нығаяды. Тәуелсіздігімізбен бірге өмірімізге енген атаулы күннің әрбіріміз үшін маңызы зор. Бұл – құтты қоныс, қасиетті мекенімізді маңдай терімен түлеткен текті елге тағзым етіп, алғыс білдіретін күн. Қазақтың даласы қандай кең болса, жүрегі мен пейілі де сондай дархан. Үнемі көңілінен шуақ шашып тұратын халқымыздың жақынға да, жатқа да достық құшағы әрдайым ашық.
Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мереке қарсаңында аудандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл қазақ еліне алғысын жаудырды.
– Бұл мерекенің мен үшін маңызы зор. Мереке қарсаңында ең алдымен қазақ жеріне, қазақ халқына басымды иіп, шексіз алғысымды айтамын. Себебі қазақ – қандай заман болсын, ешкімді ұлтқа бөлмей, соңғы нанымен бөлісетін халық. Тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап келген қаншама өзге ұлт өкіліне пана болды. Оны өзімнің ата-анамның тарихынан білемін. Мен шешен ұлтының өкілімін. 1944 жылы біздің ата-анамыз осы елді паналап келгенде қазақ бауырларымыз құшағын айқара ашып, бауырына басты. Сол үшін де қашанда қазақ халқын құрметтеп, шексіз алғысымды білдіремін, – деді Айзан Шәріпова.
«Алтын алма, алғыс ал», алғыспенен ер көгерер» деген сынды тәрбиелік мәні зор ұғымдармен баласын үнемі үлкенді құрметтеуге, алғысын, батасын алуға тәрбиелеген халқымыз мерекенің маңыздылығын сезініп, көтеріңкі көңіл-күйде бір-біріне алғыс жаудырды.
Аудан әкімі айтқандай, қазақ халқы ұрпағын үлкенді құрметтеуге, үлкеннен бата алып, алғысқа бөленуге тәрбиелеген. Сондықтан қиналғанда демеу болып, қуанышымызды бөлісіп, бір-бірімізге шынайы алғысымызды айта жүрейік.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!