Соңғы жылдары бізде ғана емес, әлем елдерінде сапалы азық-түлік тапшылығы байқалуда. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін және халықты сапалы табиғи өніммен қамтамасыз ету әлемнің кез келген мемлекеті үшін маңызды мәселеге айналды. Салдарына үңілсеңіз, тағы да себеп көп. Қазіргі нарық заманында бұл мәселенің біздің елімізді де айналып өтпейтіні анық. Сондықтан осы олқылықтардың алдын алу мақсатында ауылдық аймақтардағы егін егуге жарамды жерлерді тиімді пайдалану, бау-бақша өнімдерін өсіру жұмыстары қарқынды басталып кетті. Жалпы аграрлы мемлекеттерде жердің құнарын сақтап, аяқ суды үнемдеп, тиімді пайдаланудың тәсілі ретінде егістікті әртараптандыру тәжірибесі бұрыннан бар.
Биыл көктемде Ақсу ауылдық округіне қарасты «Бостай», «Ақ бостай» жер учаскелерінен 10 гектар жер телімі дайындалып, бақша, көкөніс егуге ниет білдірген аудан тұрғындарына жер үлестірілген болатын. Сол жердің жұмыс өнімділігімен танысайық, еңбек адамдарының талап-тілегін тыңдайық деген мақсатпен біз де шығармашылық топпен «Ақ бостай» шаруа қожалығына тиесілі жер учаскесіне бардық.
Алқап қақпасына жақындай бергенде, қолына құрал-сайманын ұстап, қарықты аралап жүрген бір кісінің қарасы көрінді. Біз де көлігімізді өшіріп, сол қарыққа қарай жүріп отырдық. Алқаптағы егістің шығымы бітік, ар жағында күріш атыздары орналасса, оң жағында сап-сары болып гүлденген мақсары атызы, ортасында бау-бақша өнімдерін егуге берілген 10 гектар жер орналасқан. Атызды аралай қарап жүрген кент тұрғыны Асылан Жолдас екен. Биыл көктемде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бақша егемін деген халыққа жер беріп жатқанын естіген Асылан да дайын жер телімін алып, картоп тұқымын салыпты. Нәтиже жаман емес, қазір мамыр айында егілген картоп гүлдеп тұр.
– Картоп егуге дайын жер беріп жатыр дегенді естіп, неге егіп көрмеске деген ой келді. Бұрын ағайын-туыстардың жерін жалға алып, картоп егетінбіз. Өткен жылы Жаңадария ауылынан жер телімін жалға алып, картоп егумен айналыстық. Жақсы өнім де берді. Бірақ биыл ол жаққа тұқым салмадық, шығыны көп болды, жолы ұзақ, мол көлемде жанармай қажет етеді. Шаруа қожалығына рахмет айтамыз, жерді жыртып, басына аяқ суды да жеткізіп қойған, тек егін егіп, қарықтарды жабайы шөптерден тазартып тұрсаң болды. Судан не болмаса басқа да мәселер болып жатса, шаруа қожалық әрқашанда көмектесуге дайын. Мен 20 қарық жерге 3 қап картоп тұқымын орналастырдым. Өздеріңіз көріп тұрғандай, өсімі жаман емес. Бір тиімділігі көп суаруды қажет етпейді, 10 күнде 1 рет қана суарып аламыз, – дейді Асылан Жолдас.
Қарап тұрсақ, 10 гектар жерге тек Асылан ғана емес, басқа да аудан тұрғындары картоп, қияр, қызанақ дақылдарын еккені көрініп тұр. Ауданымызда кейінгі кезде қалыс қалған жер еңбегінің, бау-бақша өсірудің қайта жаңғырып жатқаны, оның ішінде Асылан секілді жастардың осындай пайдалы еңбекке бет бұрып жатқанына біз де іштей қуандық.
Бақша баптау оңай шаруа емес. Оның ыстығына күйіп, суығына төзген адам ғана ырзығына бөленеді. Егу өз алдына, мол өнім алудың сырын білу мол тәжірибе қажет етеді. «Білмегенімді үлкендерден сұраймын, одан қысылмаймын. Бұйырса, картопты қыркүйектің соңына таман жинаймын. Қаптап алған картопты ішіп-жемнен артылғанын, алыс-жақын ағайынға үлестіремін» деген Асыланның қарқынына қарап, күзде алынатын өнімнің мол болатынына сенім мол.
Иә, бұл алқапқа бұған дейін де ат ізін салғанбыз. Несін жасырайық, ол кезде бізге бұл алқапқа су жарамайтындай көрінген. Қазір ойлап қарасақ, баққанымыз бақа болып шыққандай көрінеді. Себебі Асекең мұнда осы кезге дейін аяқ су мәселесі орын алмағанын айтады.
Қазір мұндағы шығымы бітік өнімдердің алды гүлдеп тұр. Тек бір отап, түбін түптесе болғаны. Қалған жұмыстарды қазуға қалдыратын сыңайлы. Бұл жер мол егін егіп, оның өнімін сатып, табыс табу үшін ашылған жоқ. Бірақ оған да мүмкіндік жоқ емес. Бақша дақылының бағасында тұрақтылық қалыптастыруға тамшыдай болса да бұл жобаның үлес қосары сөзсіз. Асылан да жаз бойы еткен еңбегінен үлкен нәтиже күтеді.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!