Бүгінде Жалағашқа келген қонақтар кенттің тазалығына таңқалып, тамсанып жатады. Шыны керек, аудан орталығы соңғы уақытта қоқыстан тазарып, көшелеріміз көркейіп-көгалданды. Бұрын ауламыздан қоқыс шығару үлкен мәселе еді. Қазір бұл да шешімін тапты. Нақтырақ айтсам, қоқысты қапқа салып, аула сыртына шығарып қойсаң, таң атысымен кент әкімшілігіне қарасты «Жалағаш қызмет» КММ қызметкерлері көлікпен жинап алып кетеді. Сондай-ақ қоқыс жәшіктері де орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, аудан тазалығына жауап беретін азаматтардың жұмысында жүйе бар.
Жыл сайын елді мекендерді көркейту-көгалдандыру бағытында көптеген жұмыс атқарылады. Әкімдік тарапынан өкімдер шығып, күз және көктем мезгілдерінде тазалық-санитариялық, көркейту-көгалдандыру айлықтары жарияланады. Бүгінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан орталығында, ауылдық елді мекендерде жаппай сенбілік шаралары белсенді өтуде. Акция аясында көшелер жиналып, қоқыстар мен қатты қалдықтар шығарылып, көптеген ағаш отырғызылды. Сонымен қатар көше жолақтары сызылып, аллеяларда сырлау жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына мекеме, кәсіпорын қызметкерлері мен аудан тұрғындары, ерікті жастар белсене қатысты. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов сенбілік жұмыстарымен танысып, жауапты сала басшыларына жиналған күл-қоқыстар мен қалдақтарды уақытылы жинап алу қажеттігін жеткізді.
– Таза Қазақстан – тамаша идея. Бүгінгі іс-шара барысында Дәуімбай елді мекенін тазалап, күл-қоқыстарды жинадық. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыратын боламыз. Жалпы жалағаштықтарды осындай іс-шараға қатысуға шақырамын, – дейді кент тұрғыны Баяділ Берікбай.
Жалпы тазалық пен кент келбетінің көркі жайлы аудандық газетке бірнеше рет мақала шығарып, тұрғындарды тазалыққа шақыруды үздіксіз жүргізіп келеді. Тазалықты жай ғана қарапайым сөз емес, үлкен ұлағатты, мағыналы сөздердің бірі ретінде түсінуіміз қажет. Себебі тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі.
Мұнан бөлек аудан тұрғындарына үйлерінің сыртқы келбетін және өздері мекен ететін көшесін таза ұстауға, көгалдандыруға, аула маңын жақсартуға насихаттау, елді мекенді абаттандыру жолындағы бастамаларын қолдау және ынталандыруға бағытталған «Жасыл көше», «Үздік аула» байқаулары ұйымдастырылуда. Осындай шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетінің одан әрі көтерілуіне ықпал етуде.
Гүлсезім АУҒАН,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 4-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!