Тиісті құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысының көмекке мұқтаж жандардың жиынтық кірісі мен шығысын айқындауды ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау қағидаларына өзгерістер енгізіп отыр. Жаңа бұйрық жобасына сәйкес АӘК алуға үмітті азамат мемлекетке шығыс операцияларын, яғни банк шоты, банк алдындағы қарызы, микрокредиті (болған жағдайда), жинақ салымы мен депозиттегі қаражатының қозғалысы туралы мәліметтерді ұсынуы тиіс.
«Мақсат – жиынтық кірісі мен шығысын айқындап, көмекке нақты мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігіндегі өзгерістер көмекке шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», делінген құжат мәтінінде.
Атаулы әлеуметтік көмекті жаңа тәртіппен тағайындау мемлекеттік қолдаудың ашықтығын күшейтуге ықпал етеді. Құжат жобасы биыл 5 мамырға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған. Жаңа тәртіп қабылданған жағдайда биыл желтоқсанда іске қосылады.
Қазіргі уақытта елімізде АӘК-ті отбасының бір мүшесінің орташа табысы кедейлік шегінен төмен адамдар ала алады. Оған еліміздің азаматтары, қандастар, босқындар, елімізде тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар үміт арта алады. Бір адамға шаққандағы орташа табыс отбасы мүшелерінің санына бөлінген жалпы табысы ретінде есептеледі. Биылдан бастап еліміздегі кедейлік шегі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген тоқсандағы медианды табыстың 35 пайызына тең, бірақ сол кезеңдегі өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан кем емес. Қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті мансап орталығына, тұрғылықты жері бойынша әкімдікке немесе электрондық үкімет порталы арқылы бере алады (egov.kz). Ол үшін Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктің жеке куәлігі не тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі не қандас куәлігі болуы жеткілікті.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, былтыр АӘК төлеуге 39,5 миллиард теңге жұмсалған. Оны 78,1 мың отбасынан 413,7 мың адам алды. Биыл АӘК төлеуге 1 миллион адамға 132,9 миллиард теңге қарастырылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!