Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Яндекс такси мен Индрайвер арқылы жұмыс істейтін борышкерлердің жасырын табысын анықтау шаралар қолға алынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгінде алимент өндіріп алу саласындағы негізгі проблемалардың бірі – борышкерде тұрақты табыс пен мүліктің болмауы. Алайда өз табысын жасыратындар да аз емес. Осыған байланысты олардың әлеуметтік мәртебесі туралы қажетті мәліметтер автоматты түрде алынады. Ол үшін ақпараттық жүйе еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграцияланады.
«Сонымен қатар, Яндекс, Индрайвер және тағы басқа агрегатор-сайттар арқылы жұмыс істейтін борышкердің жасырын табысын анықтаймыз», – деді Сәрсембаев мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта борышкерлердің өзге де кіріс көздерін анықтау және олардан берешектерді өндіріп алу мүмкіндіктеріне талдау жасалып жатыр. Атап айтқанда, электрондық әмияндар, букмекерлік компаниялар, бағалы қағаздар, криптовалюта операциялары, дропшипинг, желілік маркетинг және тағы басқа жолдармен алған кірістер тексеріледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!