Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Бейсенбі, 24 сәуiр, 01:52

Антына адал маман

23.04.2025

85

0

Кез келген адам басы ауырып, балтыры сыздағанда дертіне шипа іздеп ақхалаттылардың көмегіне жүгінеді. Әр науқасқа ерекше мейіріммен қарап, дәрі-дәрмекпен ғана емес, сөзімен де емдейтін абзал жандар көп. Соның бірі – аудандық емханадағы №5-інші аймақтың мейіргері Айдана Сыздықова.

Кейіпкерімізбен тілдесу үшін арнайы емханаға аял­да­дық. Кезекте тұрған тұрғындар да көп. Айдана әрқай­сысымен жылы сөйлесіп, дәрігер тағайындаған нұсқаулық бойынша дәрі-дәрмектерін беруде. «Алды­мен алдымдағы науқастарды жіберіп алайын» деген сөзіне қарап, халық саулығын бәрінен жоғары қоятынын аңғардық.
Кейіпкеріміздің бұл салаға келуіне бауырлары се­бепкер болған. Айтуынша, аға-әпкелері – медицина са­ласына сүбелі үлес қосқан абзал жандар. Бірі қалалық емханада еңбек етсе, енді бірі аудандық перзентхана бөлімінде акушер мейірбике болып жұмыс жасайды. Ес білгелі алдыңғы бауырларының жолын өзіне үлгі еткен ол мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы «Өркениет» медициналық колледжінде білім алған.
– Бала күнімнен дәрігер болуды қатты армандадым. Халыққа адал қызмет етіп, дертіне шипа сұрап келген жандарға көмектессем деген ой болды. Бүгінде арманым орындалып, халыққа қалтқысыз қызмет етудемін. Әрине, ақхалатты кірлетпей, дәрігер болу оңай емес, десе де мамандығыма деген құрметім ерекше, – дейді ол.
Адам жанының арашасы болуды басты мақсат еткен кейіпкеріміз алғашқы еңбек жолын ауруханадағы балалар бөлімінен бастаған. Кейін емханадағы аймақ мейіргеріне ауысып, бүгінге дейін қызметін абыроймен атқарып, көптің алғысына бөленіп келеді.
– Мейірбике болу – білім мен жан-жақтылықты талап ететін ерекше қызмет. Олар – тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, үнемі ізденіс үстінде жүретін, адам өмірі үшін дер кезінде шешім қабылдай алатын маман. Сондықтан бұл мамандық үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Өзім жауапты аймақта егде жастағы тұрғындармен жұ­мыс жасаймын. Кейде күн-түн демей мереке күндері де тұр­ғындардың саулығын қадағалап, үнемі байланыста бо­ламыз. Үйден ем алатын науқастарға да арнайы барып, қажетті ем-шарасын уақытылы жүргіземіз, – дейді ол.
Айта кетейік, кейіпкеріміз жұмыс жасайтын №5-інші аймақта 1532 тұрғын бар. Ол тұрғындардың тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуына, уақытылы скринингтік тексеру, флюорографиялық тексеруден өтуіне жауапты. Ай­туын­ша, кей тұрғындар денсаулығына немқұрайлы қа­рап, уақытылы тексерілмейді. Сол үшін көше аралап, тұр­ғын­­дардың тексеруден өтуіне жүйелі жұмыс жасайды. Қа­зір тұрғындардың көбі қан қысымы, қант диабеті, қа­наз­дық, жүректің ишемиялық аурулары мен асқазан ішек-жолдарымен ауырады. Оның ішінде 299 адам түрлі диаг­нозбен есепте тұрып, тегін дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етілуде.
Жергілікті тұрғындарға адал қызмет көрсетуде өзі­нің білімі мен біліктілігін, тәжірибелі маман екенін бір­неше мәрте дәлелдеген кейіпкеріміз өз аймағындағы тұр­ғындардың ризашылығына бөленіп, алғыс арқалап жүр. Бұны онымен тілдесуге барғанда кезекте тұрған тұрғындардың әңгімесінен байқадық.
– Айдана қызым – өте қарапайым жан. Мен қан қысымы диагнозы бойынша есепте тұрамын. Сондықтан ай сайын тегін дәрі-дәрмек аламын. Үйге жиі келіп қан қысымымды өлшеп, жағдайымызды сұрап тұрады, – дейді кент тұрғыны Айша Есенбаева.
Ауырған жанның дертіне шипа тауып, өміріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын абзал жанның жұмысы осындай. Ол – денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп қана қоймай, халықтың ықыласына бөленіп жүр. Күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, дерттің дер кезінде емін табуға бар білім-біліктілігі мен күш-жігерін салатын дәрігерлердің қашанда еңбегі ерен.
Айдананың антына адал, жұмысына жауаптылығына басшылық та жоғары баға беріп отыр. Ауыл тұрғын­дарының денсаулығын жақсартуға бағытталған оның әр күні елдің алғысын алумен аяқталады. 10 жылға жуық уақытта қаншама жанның дертіне шипа тапқан оның ерен еңбегі еш кетпей, бірнеше мәрте марапат төрінен көрінген. Жеткен жетістігіне тоқмейілсуді білмейтін кейіпкеріміз халықтың алғысынан шабыт алып, саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап келеді.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: