Қазір дәріге тәуелді адам көп. Егер сырқаттансақ, бірден дәрінің көмегіне сүйенеміз. Фармацевт мамандарының арқасында біз дәрі-дәрмектерге қол жеткіземіз. Бірақ бұл мамандық жайлы көп біле бермейміз. Фармацевт десек, көз алдымызға бірден дәрі-дәрмек сатушы елестейді. Бірақ олар тек дәрі-дәрмек сатады деп ойлау қате. Өйткені фармацевт міндеттерінің ауқымы және мүмкіндіктері өте кең. Осы орайда мамандықтың қыр-сырымен терең танысу мақсатында аудандық ауруханадағы Госпитальдық фармация бөліміне атбасын бұрдық.
Бөлімде жұмыс қызу. Әрине, аудан тұрғындарына қажетті дәрі-дәрмекті уақытылы жеткізу асқан жауапкершілікті талап етеді.
– Фармацевт әртүрлі препараттарды жақсы біледі, ұқсас дәріні таңдайды, қажетті дәрілік форманы шығарады, тіпті жаңа препараттарды жасауға қатыса алады. Біз дәрілік заттарға арналған құжаттамамен, яғни рецептпен, химиялық формулалармен, қоймаға дәрілік заттарды жеткізу құжаттарымен жұмыс істейміз. Әрбір дәрінің құрамын, оны қалай қолдану керектігін, препараттың қандай жанама әсерлері мен қарсы көрсетілімдері барын білуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, фармацевттің басында аннотациялардың толық базасы бар, – дейді фармацевт Ботагөз Нұрмаханова.
Білікті маман аталған салада 1998 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оқушы кезінен оның науқастарды емдеуге, дәрі-дәрмектерге деген қызығушылығы ерекше болыпты. Тіпті балалық шағында отбасындағылар сырқаттанып қалса, «сіз мынадай дәріні ішуіңіз керек» деп кеңес береді екен. Сол бала арманы жетелеп, Қызылорда медициналық жоғары колледжіндегі «фармацевт» мамандығына оқуға түседі. Оқу орнын үздік бітіріп, аудандық емханадағы дәрі дайындау бөлімінде лаборант-ассистент болып жұмысқа кіріскен.
– Біз күнделікті көптеген әртүрлі адаммен қарым-қатынас жасаймыз. Олардың әрқайсысы үшін ерекше тәсілді табу маңызды. Сондықтан эмпатия, ашықтық, түсіністік, ізгілік және көмекке ұмтылу сияқты қасиеттер маманның жұмысында қажет. Қызмет сапасын арттыру мақсатында әр науқасты жеке-жеке қарап, дәрігер эксперт, клиникалық фармакологпен бірлесе отырып, тағайындалған дәрі-дәрмектердің негізділігін талдаймыз. Біздің бөлім ем алушыларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде қауіпсіздік шараларын тиімді қолдануға, денсаулық сақтау саласында дәрі-дәрмек бөлігін толыққанды цифрландырылуын қамтамасыз етуге, дәрі-дәрмектерді сақтау, дайындау, тасымалдау ережелерін қатаң қадағалауды қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ тағайындалған емдік дәрі-дәрмектердің қолданылуына, реттілігіне мониторинг жасау арқылы медициналық көмектің сапасын арттыруды мақсат еткенбіз, – дейді еңбек адамы.
Ботагөз айтқандай, бөлімше дәрілік қамтамасыз ету сапасы мен науқастардың қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған. Яғни бөлімнің міндеті дәрі-дәрмекті есепке алу жүйесін жақсарту, оларды сатып алу шығындарын азайту және дәрілерді пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады. Мұнда дәрі-дәрмекті орау аймағы, дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды сақтау бөлмесі, дәрілік заттарды орталықтандырылған еріту аймағы бар.
Қазіргі таңда госпитальды фармация бөлімшесіне хирургия, терапия, перзентхана, жұқпалы аурулар, паллиативті науқастарды емдеу бөлімі және балалар соматика бөлімдері қосылып, жұмыс істеуде. Жалпы бөлімде 10 қызметкер бар. Олар аудан тұрғындарына қажетті дәрі-дәрмек, екпелерді дайындап, науқастардың уақытылы ем алуын қамтамасыз етуде.
– Денсаулық сақтау – жауапкершілік пен батылдықты талап ететін сала. Бұл салада еңбек ету үшін адамға шыдамдылық, жауапкершілік пен қажыр-қайрат қажет. Десе де бұл мамандықты таңдаған әр адам өз жұмысын шынайы сүйіспеншілікпен істейтініне сенімдімін. Еңбегімнің нәтижесінде басқарманың, аудан әкімдігінің алғыс хаттарымен марапатталдым. Бірақ біз сияқты қарапайым еңбек адамдары үшін халықтың құрметінен асқан абырой жоқ. Мамандығым қаншалықты қиын әрі жауапкершілік жүгі ауыр болса да, бұл сала – менің өмірімнің бір бөлшегі. Өйткені мен өз мамандығымды шынайы жақсы көремін, – деп сөзін түйіндеді фармацевт Батогөз Исабекқызы.
Міне, 27 жылдан бері осы салада абыроймен еңбек етіп келе жатқан Ботагөз Нұрмаханова, мамандық таңдауда қателеспегеніне сенімді. Ол жұмыста білікті маман болса, отбасында – аяулы ана. Бүгінде жолдасы екеуі 2 қыз тәрбиелеп отыр.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!