Мектеп оқушыларының жазғы демалысына аз ғана күн қалды. Енді балалардың үш ай уақыты ата-аналарының жауапкершілігінде болады. Бұрын біз жазғы демалысты тиімді пайдаланып, басқа өңірлердегі туған-туыстарға қыдырып кететін едік. Алайда бүгінде бұл үрдісті оқушылар қолдай бермейтін секілді. Иә, қазір бұрынғыдай баланы жайбарақат басқа қалаға жібере салуға ата-ана ынталы емес. Өйткені баласының қауіпсіздігіне алаңдайды.
Жасыратыны жоқ, бүгінде ата-аналар балаларын жазғы тынығу лагерлеріне жіберуге ниетті. Лагерде балалар тек тынығып, сауық құрып қана қоймай, жаңа достар табады, жаңа ортамен тіл табысып, қарым-қатынас жасауды үйренеді. Сондықтан болар, тек ата-ана ғана емес, оқушылардың өздері де лагерде тыныққанды жөн санайды. Осы орайда аудан әкімі Ардақ Ибраимов «Ақтерек» сауықтыру лагерінің жаңа маусымға дайындығымен танысты. Лагердің ас мәзірі, жатын орындар, ойын алаңдарының жай-күйі тексеріліп, қызмет сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
«Ақтерек» лагерінде биылғы ауысым бойынша 452 баланың демалысы жоспарланған. Оның ішінде 402 бала міндетті оқу қоры, 50 бала кәсіподақ есебінен қамтылады. Ауысым ұзақтығы – 10 күн. Жаңа маусымға дайындық аясында лагерьге 5,6 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар санитарлық талаптарға сәйкес қосымша 4,9 млн теңгеге қажетті жабдықтар сатып алынды. Лагерь жұмысына мектеп мұғалімдері мен қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері тартылып, үйірмелер мен мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
«Ақтерек» сауықтыру лагерінің жаңа маусымға дайындығымен танысқан аудан әкімі жауапты сала басшыларына жазғы демалыс науқанын уақытылы әрі сапалы ұйымдастыруды, балалардың қауіпсіздігі мен демалыс тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетейік, «Ақтерек» лагері 1999 жылы асар әдісімен салынған. Содан бері 80 орындық лагерь жылда 6 ауысыммен жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда лагерде 4 жатын ғимарат, 1 асхана, 1 медициналық бөлімше, 1 спорт алаңы және 1 бассейн бар. Мұнда оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізу үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Жалпы тынығу лагерлерінің өз тәртібі, ережесі бар. Тынығушылар мұндағы әр күнін сол тәртіпке сәйкес өткізеді.
Мұнда танымдық-логикалық, спорттық жарыстар өтіп тұрады. Одан бөлек бой сергіту, ой сергіту және танымдық бағытта түрлі ойындар ұйымдастырылады. Сонымен бірге лагерде сурет, қолөнер, робототехника, полиглот және өрт қауіпсіздігі үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ тынығушыларды белгіленген күні бойынша Дәуімбай елді мекеніндегі орталық бассейнге, балалардың тарихи танымын кеңейту мақсатында «Руханият» орталығына, Қорқыт ата мемориалдық кешеніне саяхаттау жоспарланған.
Бар жақсылық – балаларға. Балалардың бүгінгі нұрлы өмірі үшін, ертеңгі жарқын болашағы үшін жергілікті билік жан-жақты мүмкіндіктерді жасап келеді. Өйткені балалардың болашағы жарқын болса, мемлекеттің де келешегі кемелдене түседі.
Ж.МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!