Бір ай бұрын Аламесек ауылдық округі әкіміне үміткерлердің сайлауалды бағдарламасымен танысып едік. Жексенбіде бұл саяси науқан да өз мәресіне жетті. Жалпы жергілікті жұрт әкімдерін бұған дейін де өздері сайлаған. Бірақ сол қарқын әлі де басылмапты, таң атысымен ауылдағы ағайын мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесіне ағылды.
Жалпы бұл сайлауда 3 үміткер бақ сынады. Үшеуінің де мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар. Бір қызығы, осыған дейін халық сайлаған ауылдың бұрынғы әкімі Дәулеткерей Тәжібаев та биыл тағы белді бекем буған.
Соңғы жылдары Аламесек қарқынды дамып келеді. Бұрын аудан тарихының басында тұрған елді мекенде мәселе көп болатын. Қазір ше, бүгінде аудан әкімі барған сайын жергілікті жұрттың басты мәселесіне айналған емхана ғимараты жаңадан бой көтерді. Тағы бір құлақты қажаған жол мәселесі де шешімін тауып жатыр. Тіпті ауылда 1 жылда 5 көшеге күрделі жөндеу жүрді. Электр жарығы қайта жаңғыртылды. Енді ауыз су жүйесі кеңейтілуде.
Жалпы тізе берсек, батыр атындағы ауылда тарқатып жазар дүние көп. Бірақ бұл ауылдың мәселесі түбегейлі шешілгенін білдірмейді. Елді мекенде әлі де басқа мәселелер жетерлік. Міне, бұл сайлауда халықтың белсенді болуын түсіне қойдық. Алдағы уақытта қалған мәселелердің шешімін табатын әкімді сайлауда жаңылғысы келмейді. Өйткені туған жердің болашағына жергілікті жұрт бейжай қараған емес.
Ауылдағы мәдениет үйінде орналасқан №151 сайлау учаскесінде жұмыс қызып тұр. Бірі дауыс беру үшін бюллетень толтырса, енді бірі арнайы орынға кіріп өз таңдауын жасады. Ортадағы дауыс жинайтын жәшікті төңіректеп тағы 4 кісі тұр.
Осындай абыр-сабырдың кезінде ішке отыз шақты адам кіріп келді. Бақсақ, бұл ауылдағы шаруашылық ұжымы екен. Қимылдары шалт, есіктен енген бойда дауыс беруге кіріскен олардың дала жұмысына асыққанын аңғара қойдық. Бірақ жұмысқа да, сайлауға да уақыт тапқан еңбек адамдарының бұл ісі – кейінгіге өнеге. Онысымен қоймай әлгі дала дарабоздарының бірі бізге сұхбат беруге де уақыт тапты.
– Күнделікті жұмыс жүре береді, біз бірінші кезекте ауылдың болашағын ойлауымыз керек. Елді мекеннің еңсесі биік болмаса, ондағы халықтың да жағдайының оңуы екіталай. Сондықтан біз бірінші кезекте туған жердің болашағына бас қатыруымыз керек. «Әркімге туған жері – Мысыр шаһар» деген. Шүкір, мен де туған жеріммен мақтанамын. Шындығында, Аламесектің тарихы әріде жатыр. Осындай тамыры тереңнен бастау алатын елді мекеннің болашағы бізді бейжай қалдырмайды. Міне, бүгін уақыт тауып, дауыс беруге келгеніміздің мақсаты да сол. Қазір шаруашылықта алдымыз зейнет жасына келіп қалдық. Ең жасы отыздан асты. Бүгіннен соларға осындай ісімізбен үлгі болсақ, ертең олар да көргенін жасайды. Ұрпақ сабақтастығы үзілмеуі керек. Осындай саяси науқандарда, басқа да түрлі шараларда бір-бірімізге үлгі болсақ, елді мекеннің де, елдің де келешегі кемел болады, – дейді еңбек адамы Тұрсынбек Қорғанбеков.
Айта кетейік, батыр атындағы ауылда 2 мыңға жуық халық бар. Оның 942-сі – сайлаушы. 15 адам үйден дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Оларға сайлау учаскесінің мамандары арнайы жәшікпен барып, дауысын алды.
Биыл Аламесекте 6 адам бірінші рет дауыс берді. Он сегізге енді толған жастар да саяси науқанда белсенді болды. Олардың қатарында Айда Болатбек те бар.
– Сайлауға бірінші рет қатысып отырмын, ауылдың болашағы үшін осындай саяси науқанда сенің де дауысың маңызды болғаны өзіңе үлкен жауапкершілік жүктейді екен. Сондықтан алдын ала барлығының сайлауалды бағдарламасымен танысып шықтым. Осы ауылда өскесін туған жерде қандай мәселе бар, барлығы таңсық емес. Жас та болсам «ауылда жарқын жобалар жүзеге асса» деп армандайтынмын. Кешегі үміткер ағаларымыздың да сайлауалды бағдарламасында біраз мәселе қамтылыпты. Соның ішінде өзімнің көңілімнен шыққан үміткерге дауыс бердім. Жаңа келгеннен байқағаным, мұнда үлкен кісілер көп, олардың өзі уақыт тауып осында келгенде бізге сайлауда мүлде белсенді болу керек, – дейді ең жас сайлаушы.
№151 сайлау учаскесі қай уақытта да сайлаушылардан босамады. Мұнда ұстаздар да, бір көшенің тұрғындары да, еңбек адамдары да бірге келіп өз таңдауын жасады. Тіпті ауылдың ардагерлері де саяси науқанда белсенді болды. №151 сайлау учаскесінің төрағасы Әбдіқайыр Әйтімов мұны қалыпты жағдайға балап отыр. Өйткені Аламесектегі ағайын ауылда қандай шара болсын барлығында белсенділік танытады екен. Мұның өзі ауызбіршіліктің үлгісі, бір жағынан елді мекеннің болашағына жергілікті жұрттың бейжай қарамайтынын аңғартады.
– Бұл ауылда өтіп жатқан бірінші сайлау емес. Осыған дейінгі саяси науқандарда да болдыңыздар. Онда жергілікті халықтың қалай белсенді болғанын да жақсы білесіздер. Бүгін де дәл солай, дауыс беруге асыққан елді көріп қуанамын. Бірінші келген сайлаушыға, ең жас, ең қарт сайлаушыларға және басқа да сайлаушыларға сыйлық үлестірдік. Ешқайсысын құр қайтармауға тырыстық. Бір қызығы, бүгін ауылда 7 сайлаушының туған күні екен. Осында келіп, өз таңдауын жасаған туған күн иелерін де құр қайтармадық. Жалпы халықтың сайлауда белсенді болуы – жақсылықтың нышаны. Сондықтан біз елдің мұндай маңызды науқанда белсенді болғанына қуанамыз, – дейді Әбдіқайыр Әйтімов.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!