«Руханият» орталығында 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік шара өтті. Мерекелік шарада балалар мен оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Шебер қолдар» үйірмесінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар жас өнерпаздар ән шырқап, би билеп, мерекелік шараның шырайын аша түсті.
Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов арнайы қатысып, балаларды айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудан әкімінің қолдауымен бірқатар сауықтыру лагеріне жолдама табысталды.
Атап айтқанда, Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» сауықтыру лагеріне, Шымкент қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру лагеріне, Шымкент қаласындағы «Қуаныш» сауықтыру лагеріне, Алматы қаласындағы «Тау Жаңашар» сауықтыру лагеріне, Жалағаш кенті маңындағы «Ақтерек» лагеріне жолдамалар берілді.
Айта кетейік, аудан орталығындағы «Ақтерек» сауықтыру лагері балаларға есігін айқара ашты. Жазғы демалысын қызықты өткізу үшін «Ақтерекке» 80 бала аттанды. Осында жаз бойы 6 ауысыммен 452 баланы қамту жоспарланған. Оның ішінде 402 бала міндетті оқу қоры есебінен, 50 бала кәсіподақ есебінен демалады. Әр ауысым уақыты – 10 күн.
Лагерь аумағында жалпы 5 ғимарат орналасқан. Оның 4-еуі жатын орынға арналған ғимарат болса, мұнан бөлек 80 орындық арнайы асханасы тағы бар. Сонымен қатар ашық спорт алаңы, сыртқы бассейн, мәдени іс-шаралар өтетін орын бар.
Мұнда танымдық-логикалық, спорттық жарыстар өтіп тұрады. Одан бөлек бой сергіту, ой сергіту және танымдық бағытта түрлі ойындар ұйымдастырылады. Сонымен бірге лагерде сурет, қолөнер, робототехника, полиглот және өрт қауіпсіздігі үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ тынығушыларды белгіленген күні Б.Құлтекенов атындағы аудандық жабық бассейнге, балалардың тарихи танымын кеңейту мақсатында «Руханият» орталығына, Қорқыт ата мемориалдық кешеніне саяхаттау жоспарланған.
Мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлеріне тоқталсақ, 27 мамыр мен 20 маусым аралығында 20 мектепте 2 ауысымда 2250 бала ыстық тамақпен, 450 тамақсыз мектеп жанындағы тынығу лагері ұйымдастырылады. Мектеп жанындағы және қосымша білім беру ұйымдары жанындағы лагерлер түрлі бағытта жұмыс жасайды. Оған 3260 бала қамтылады.
Сондай-ақ «Еңбек» лагеріне 1500 бала барады. Жалпы бұл шаралар шаруа қожалықтармен бірлесіп жүзеге асырылады. Мұнан бөлек «Кәсіптік бейімдеу» лагеріне 350, «Құқықтық кеңес» лагеріне 350, «Этноауыл» лагеріне 350, «Өнерлі мектеп» лагеріне 350, «Көркем еңбек» лагеріне 360 бала қамтылады.
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!