Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Сенбі, 07 маусым, 00:40

Құрбан айт 6 маусымда басталады

04.06.2025

53

0

Құрбан айт – адамдарды рухани тазаруға, сабырлық пен шүкірлікке, жақсылық пен мейірімділікке бастайтын күн. Бұл мейрамда адамдар арасында достық пен бауырластық нығая түседі. Қазақ халқы үшін де Құрбан айт – береке мен бірліктің, дін мен дәстүрдің сабақтастығын білдіретін ерекше мейрам. Биыл бұл мейрам 6 маусым, жұма күніне тұспа-тұс келіп отыр. Мереке қарсаңындағы дайындық жұмыстары қалай өтуде? Жалпы құрбан айтты өткізу қандай діни шарттар мен әдептерге негізделеді? Бұл туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Мира Қазбекова, “Ақмешіт-Сырдария мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев және облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Сыздықова мәлімдеді.

– Қасиетті Құрбан айт мерекесі аясында жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұйымдастыру жұмыстары басталды. Шараларды ҚМДБ облыстық өкілдігімен атқару жұмыстары әзірленді. Бұл бағытта облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес іс-шаралар жоспары бекітілді. Құрбан шалу орындарында санитариялық талаптарды сақтау, діни ахуалдың тұрақтылығына байланысты аймақ басшысы нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл күндері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті құқық қорғау органдары тарапынан мешіттер мен белгіленген құрбан шалу орындарында арнайы рейд жұмыстары жүргізіледі. Белгіленбеген жерлерде құрбан шалуға қатаң тыйым салынады,- деді Мира Жомартқызы.

– Құрбан шалудың үкіміне келетін болсақ, бұл ең алдымен дәулетті мұсылмандарға міндет болып есептеледі. Дәулетті мұсылман дегеніміз – шариғат тілімен айтқанда 85 грамм алтынды құрайтын артық қаражаты бар мұсылман. Ол бүгінде 2 млн 746 мың теңгені құрайды. Немесе 40 қой, болмаса 30 сиыр, 5 түйеге жететін малы бар адамдарға құрбан шалу міндет болады. Ал қалған дәрежедегі адамдарға міндет емес. Алайда, өз еркімен сауап алам деген ниетте құрбан шалам десе, әрине қабыл етіледі. Құрбандыққа шалынатын мал түрлері әрине шариғат белгілеген қой,ешкі, сиыр және түйе малдары. Қой 1 жастан асқан, сиыр 2 жастан, ал түйе 5 жастан асқан болуы керек,- деді Дастан Жанасұлы.

– Құрбан айт мейрамы кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Құрбан шалуға арналған арнайы орындар жергілікті атқарушы органдармен алдын ала белгіленді. Барлық мал сою алаңдарында ветеринариялық және санитариялық бақылау қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, құрбаншалатын адамдардың денсаулығы да басты назарда. Мал соятын немесе соған қатысатын азаматтар дені сау болуы тиіс. Бұл инфекциялық аурулардың алдын алу үшін қойылатын маңызды талаптардың бірі,- деді Гүлмира Жабылқызы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: